«Кеңістік – барлық нәрсенің, ал, уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады», – деп орынды атап көрсетілген Елбасының мақаласында нақты тарихи деректер мен оқиғалар негізінде Ұлы даланың өткендегі шежірелі жолы мен мақтаныш етер жетістіктері жан-жақты айтылады. Мақалада көтерілген мәселелердің маңыздылығы мен өміршеңдігіне қарап, өткен жылы жазылған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жалғасы екендігін байқаймыз.
Өткенін білмеген халық болашаққа айқын бағдар ұстай алмайды. Өткен тарихын біліп қана қоймай, мақтаныш ететін елдің болашағы бекем, келешегі кемел. Осы тұрғыдан алғанда, тарихты жан-жақты зерттеп, зерделеу, нақты деректер арқылы баяндау, тегіміз кім, қайдан шықтық, қандай биіктерге көтерілдік – осының бәрін бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіру арқылы біз еліміздің кемел болашағын жасаймыз. Қазақстан тарихы жекелеген бөліктерден тұратын оқиғалар тізбегі емес, қазіргі заманғы ғылымның негізінде жасалған біртұтас даму жолы болуы керек.
Біздің арғы тегіміз кімдер болған? Өз заманында биіктерге жеткен соңында мәдени, тарихи мол мұралар қалдырған ататегіміз жайлы ғылыми түсінікті қалыптастыру бүгінгі күнгі маңызды міндет. Елбасы мақаласында Қазақстан аумағында өмір сүрген ежелгі адамдардың қалдырған тарихи мұралары, біртұтас ұлт болып қалыптасу жолы туралы ғылыми негіздегі нақты пікірлер сарапталады. Ұлт Көшбасшысы нақты тарихи дерек көздеріне сүйене отырып, біздің өткен тарихи жаһандану жолымызды ашып көрсетеді. Біздің аталарымыз кең далада көшпелі және отырықшылыққа негізделген өркениетті қалыптастырды. Сол кезден сақталған қалалардың қалдықтары олардың іргелі өркениет ошақтары, мәдени орталықтар болғандығын айғақтайды.
Ежелгі адамдардың мәдениет пен қолөнердегі жетістіктерін 1969 жылы Есік қаласынан табылған «Алтын адам» анық көрсетіп берді. Бұл қолөнердің асқан құнды мұрағаты осы күнге дейін көргендерді тамсандырып, ежелгі тарихымыздың биік белестерін көз алдымызға әкеледі.
Қазіргі қонақжай да, қайырымды қазақ халқы сол Ұлы далада қоныс еткен соңдарында өлмес өнер, мәдениет мұрасын қалдырған адамдардың ұрпағы. Біз өз халқымыздың өткенін бағалап, мақтаныш етуіміз қажет. Атадан қалыптасқан үлкенді сыйлау, туған жерді, елді құрметтеу – қазіргі жастарымыздың бойынан табылар жақсы қасиеттер болуы тиіс.
Елбасы мақаласында өткен тарихымызды толымды етіп жазу үшін де «Архив-2025» жетіжылдық бағдарламасын қабылдау қажеттігін айтады. Ғалымдар мен сарапшылардан құралған топ еліміздегі және алыс-жақын шет елдердегі архивтердегі өткен тарихымызға қатысты деректерді жинақтаумен айналысуы керек.
«Түркі өркениеті: түп-тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаны қолға алу қажет. Бұл жоба аясында 2019 жылы Астанада Түркологтардың дүниежүзілік конгресін және әртүрлі елдер музейлерінің экспозицияларына ежелгі түркі жәдігерлері қойылатын Түркі халықтарының мәдени күндерін ұйымдастыру керек», – деп атап көрсетеді мақалада.
Өткен тарихты терең білу болашаққа бағдар ұстап, батыл қадам басуға игі ықпалын тигізбек. Осы тұрғыдан алғанда, Елбасының бұл мақаласының маңызы өте зор.
Галина ПУСТОВОЙТЕНКО,
Аршалы аудандық мәслихаты аппаратының жетекшісі.