«Адал жол» марафоны – ақмолалықтар бастамасы

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин 9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне арналған

облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Адал жол-Честный путь» форумының жұмысына қатысып, сөз сөйледі. Форумда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов сөз сөйлеп, осы қоғамдық кеселдің алдын алуда белсенділік танытқандар марапатталды.

Облыс әкімі Мәлік Мырзалин өз сөзінде бұл шараның осы салада жылдың қорытынды форумы екенін атап өтті. Дәл осы 9 желтоқсан күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық конвенция қабылданған болатын. Ол осы кеселге қарсы күрес тетіктерін айқындай түскен еді. Тәуелсіз Қазақстан бұл күнде осынау қауымдастықтың толық мүшесі болып табылады.
–Жалпы, сыбайлас жемқорлық кез-келген елдің өркениетті дамуына басты қатер ретінде қарастырылады. Біз де оны тәуелсіздігімізге көлеңке түсіретін қауіп деп білуіміз керек. Сондықтан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қазір кең сипат алып отырған күрес еш уақытта тоқтамайды. Осы арада, оның тек бүкіл қоғам болып жұмылғанда ғана тиісті нәтиже беретінін естен шығармауымыз керек. Бізде осыған қол жеткізудің пәрменді тетіктері бар. Ол – «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң, 2015-2025 жылдарға арналған осы кеселмен күресудің тұжырымдамасы және «100 нақты қадам» Ұлт жоспары. Бұл реттегі басты міндет – халықтың санасында пара алмау және бермеу қағидасын қалыптастыру. Өкінішке орай, ондай фактілер әлі де аз емес. Тек биыл ғана 12 лауазымды қызметкер осындай қылмысы үшін сотқа лекті,–деді одан әрі облыс әкімі.
Өзінің құттықтау сөзінен кейін Мәлік Мырзалин сыбайлас жемқорлыққа қарсы төзбеушілік ахуалын қалыптастыру ісіне қосқан үлестері үшін Жақсы ауданын бірінші дәрежелі, Сандықтау және Біржан сал аудандарын екінші, үшінші дәрежелі дипломдармен марапаттады. «Адал жол» марафонына белсене қатысқандары үшін Астрахан, Жарқайың аудандары Алғыс хатқа ие болса, «Көкше» телеарнасынан Юрий Обердиенко «Үздік телевизиялық жұмыс», Әсел Әутәліпова «Үздік интернеттік жұмыс» аталымдарында жеңімпаз атанды. Бұдан әрі форумда Олжас Бектенов сөз алып, «Адал жол» марафонының маңызына тоқталды. Оның басты мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бүкіл қоғамды тарту. Жалпы, «Адал жол-Честный путь» марафоны алғаш Ақмола облысында басталған. Агенттік оны қолдап, бүкіл елімізге таратып отыр. Бұл ретте, ведомствоның Ақмола облысы бойынша департаменті Қазақстанда ең таңдаулы департаменттердің бірі болып саналады. Бұған қоса, сыбайлас жемқорлықпен күресте Ақмола облыстық әкімдігі ең әдепті, ашық әкімдік ретінде танылған. Осы жоғары жетістігі үшін ақмолалықтар Оңтүстік Корея еліне тәжірибе алмасуға баратын болады.
Кейінгі уақытта мемлекеттік қызметтің жаңа моделі өзін тек жақсы жағынан көрсетуде. Балдық шкала енгізудің арқасында еңбек ақы да өсті. Қазіргі уақытта Әділет министрлігі, Астана қалалық және Маңғыстау облыстық әкімдіктерінде осы пилоттық жоба сынақтан өтуде. Агенттіктің өзінде бұрын жұмысқа қабылдарда бір орынға әрі кетсе бес үміткерден келсе, қазір орташа есеппен 60 үміткерден келіп отыр. Мемлекеттік қызмет саласында цифрландыру да ойдағыдай іске асырылып келеді. Бұл жағынан Қазақстан осы сала бойынша 193 мемлекеттің арасынан 25 орында, ал, Азияда 8 орында тұр. Жалпы, сыбайлас жемқорлықпен күресте бірінші орында осы кеселге қарсы үгіт-насихат жұмыстары, екінші орында жемқорлықтың себеп-салдарын жою тұрса, жазалау шаралары тек үшінші орында ғана тұр. Былай болатыны, жалғыз жазалаумен іс бітпейтінін, жемқорлықты жою үшін алдымен бастапқы екі бағытта жұмысты күшейту қажеттігін көрсетсе керек. Соның ішінде жемқорлықтан бизнесті қорғау да басты мәселелердің біріне айналуда.
Өкінішке орай, атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан Қазақстан әлі де жемқорлық бойынша тізімнің соңғы тұсында. Еліміз бойынша былтыр 2800 осындай іс қозғалған. Сондықтан, «Астана – адалдықтың алаңы» сияқты тәжірибелерді барлық жерде тарату қажет. Мәселен, «Ақмола – адалдық алаңы» деген атаумен бұл қозғалысты біздің облысымызда да қолға ала бастау керек. Осындай мәселелерге кеңінен тоқталған Агенттік төрағасының орынбасары сөз соңында ақмолалықтарға сыбайлас жемқорлықпен күрес сияқты маңызды істе табыс тіледі.
Бұдан кейін сөз Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Берген Беспалинов және Көкшетау гуманитарлық-техникалық мектеп-лицейінің директоры Наталья Дементьеваға беріліп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ісіне өзіндік үлестерін қосып жүрген бір топ мемлекеттік қызметшілерге және баспасөз өкілдеріне Алғыс хаттары тапсырылды.
Сол күні облыс орталығында форум аясында басқа да іс-шаралар болып өтті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар