Үндістандық жиырма жеті студент Көкшетауға білім алуға келді

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті студенттерінің қатары Үндістан елінен келген жиырма жеті талапкермен толықты. Шетелдік студенттерді тарту аталмыш білім ордасы мен Үндістанның «SunTrap 786 LIMITED» компаниясы арасында жасалған келісімге сәйкес жүзеге асырылып отыр.

Келісім бойынша компания Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіне 2023 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін Үндістан, Пәкістан, Шри-Ланка, Непал, Бангладеш сияқты мемлекеттерден талапкерлер тартуы тиіс. Жобаның алғашқы кезеңі бойынша Көкшетауға Үндістан елінен 50-ге жуық студент келуге тиіс болса, оның 27-і жақында жетті. Олардың 20-сы ұл да, 7-уі қыз.
– Шетелдік студенттерге жаңадан ашылған медицина факультетінде оқу үшін барлық жағдай жасалған. Студенттердің жастары әртүрлі, 18-ден 25-ке дейінгі аралықта. Медицина факультетінде шетелдік студенттермен жұмыс жүргізу үшін декан орынбасарының лауазымына арнайы штаттық бірлік бөлінді. Дәл сондай бірлік біздің басқармада да бар, өйткені, біз жүктелген жауапкершілікті сезініп, білім ордасының имиджін сақтау қажет екенін түсінеміз. Біз визадан бастап, тұрғылықты жерде тіркеу, тамақтану және қауіпсіз өмір сүру сияқты барлық ұйымдастыру жұмыстарымен айналысамыз. Айта кететін жайт, фирма студенттерге Үнді аспаздығының тағамдарын дайындайтын арнайы аспаз да жалдады, – дейді Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің интернационалдандыру және академиялық ұтқырлық басқармасының жетекшісі Екатерина Туровская.
Шетелдік студенттер қонақ үй тәрізді етіп жабдықталған жатақханаға орналастырылды. Олар бейімделу кезеңі мен карантиннен өткесін ғана университетке оқуға барады. Шетелдік студенттер жатақханадан университетке автобус арқылы қатынайды. Тасымалдау «Көкшетау автобус паркі» серіктестігіне жүктеліп отыр.
– Университет шетелдік студенттердің оқыту үдерісіне тыңғылықты дайындалды. Медициналық факультетте шетелдік студенттері бар топтарда сабақ жүргізетін оқытушылар қабылданды. Дәрістер әзірленіп, үш тілде 3D-технологиялары алынды. Оқыту қарқынды курстар түрінде жүргізілетін болады, – дейді Екатерина Туровская.
Айталық, бүгінгі таңда аталмыш университетте үндістандықтармен бірге Қытай, Германия, Ресей, Моңғолия, Беларусь, Әзербайжан, Армения, Грузия, Өзбекстан және Тәжікстан елдерінен келген студенттер де білім алуда. Олардың көбі филология және педагогика, С.Сәдуақасов атындағы аграрлық-экономикалық институтында оқиды. Алдағы уақытта шетелдік студенттер қатары тағы да толығуы мүмкін.
Аслан ОСПАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар