Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өткен жылға өкпе жоқ, Жаңа жылдан үміт көп! - АРҚА АЖАРЫ

Өткен жылға өкпе жоқ, Жаңа жылдан үміт көп!

Қимастықпен қоштасып ескі жылмен, болашаққа зор үміт артып жаңа жылдың табалдырығынан аттағалы тұрмыз. Халқымыз ежелден «ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» деп, келер жылдан зор үміт күтіп, жақсылықтар тілейді. Осы орайда, өткен Ит жылы несімен есте қалды, төрге озған Доңыз жылынан не күтесіз деген сауалды бірнеше адамға қойып, сөзге тартып көрдік.

Гүлнәр ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ, Көкшетау қаласындағы Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжі директорының орынбасары:
– Өткен жылы облысымызда атқарылған жақсы істер баршылық. Жалпы, ескі жыл есіркеді деп айта аламыз. Ал, жаңа жылдан әдеттегідей тек жақсылықтар күтеміз. Ақан сері бабамыздың 175 жылдығына орай, өңірімізде көптеген мәдени іс-шаралар болып өтті. Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің қолдауымен Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Арқаның ақтаңгері, әнші-сазгер Ақан сері Қорамсаұлының туғанына 175 жыл толуына орай бюст орнатылды. Бұл көптен бері көптің көкейінде жүрген бір игі іс еді. Сонымен қатар, республикалық ақындар айтысын ұйымдастырдық. Президент атындағы облыстық шыршаны, облыстық мұғалімдер күнін ұйымдастыруға атсалыстық.
Өткен жылдың жағымды жаңалығының бірі – колледжімізге жоғары колледж атағы берілуі де біртұтас ұжымның еселі еңбегінің жемісі. Мамандандырылған халықаралық аккредиттеуден 5 жылдық мерзімге өттік. Колледж шәкірттері де үздік білім нәтижелерімен абырой биігінен көрініп жүр. Мәселен, колледж студенті Айнель Тәшенова Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қорының шәкіртақысына биыл екінші рет ие болса оған Жагслағ Гүлғайша да қосылып отыр. Сонымен қатар, колледждің дарынды жас-
тары халықаралық «Гармония» фестивалінде бірінші орынға ие болды. Сондай-ақ, өнерпаз өрендер Челябинск қаласында өткен «Чижик» шығармашылық фестиваль-конкурсында жүлделі 1 орынды иеленсе, «Мельпомена» фестивалінде бас жүлдені жеңіп алды. Колледждің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Б.Байманова облыстық «Үздік педагог – 2018» байқауына қатысып, 1 орынға ие болды. Өткен жылы орын алған жетістіктер биыл да өзінің игі жалғасын тапса деп тілейміз. Алдағы жылы колледж ғимаратына жапсарлас жаңа оқу корпусының ғимараты бой көтереді деп күтілуде. «Дизайн» мамандығы бойынша қолданбалы бакалавриат, колледж жанынан «Жастар театрын ашу жоспарда бар. Бұл ақмолалықтар куә болатын жақсылықтардың басы ғана деп білеміз.
Индира ҚАЛЫМЖАНОВА, Ақмола облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы:
– Өткен жыл өңіріміздің әр саласы үшін табысты жыл болды десем, артық айтқаным емес. Әсіресе, өзім еңбек ететін білім саласы ауыз толтырып айтатын жағымды жаңалықтарға толы болды. Бірқатар оң өзгерістер орын алды. Мәселен, өңірімізде төрт жаңа мектеп ашылды. Осы орайда, облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің қолдауымен Көкшетау қаласында 900 балаға шақталған қазақ ІТ мектеп-лицейінің ашылғанын мақтанышпен айта аламыз. Бұл білім ордасы заман талабына сай парасатты да білімді ұрпақ тәрбиелеуде орасан зор үлес қосады деп сенеміз. Сонымен қатар, былтыр аймақтағы ұстаздар қауымының мәртебесі асқақтаған жыл болды. Өткен жылы облыс әкімінің бастамасымен, тікелей қолдауымен Ақмола өңірінің бір топ білікті де білімді әрі тәжірибелі ұстаздары ақшалай сыйлыққа ие болып, қуанышқа бөленді. Үздік студенттер облыс әкімінің шәкіртақысына ие болды. Осындай игі істер жас ұстаздар мен оқушыларды жаңа биіктерге қол жеткізуге ынталандырады.
Сонымен қатар, ақмолалық үш ұстаз республикалық мұғалімдер байқауында топ жарып, үздік ұстаздар қатарынан табылды. Мұны күндіз-түні көз майын тауысып, тынбай ізденіс үстінде жүретін, шәкірттерінің заманауи білім алуы жолында аянбайтын ұстаздар қауымы еңбегінің бағаланғаны, мұғалімдер мәртебесінің айшықталғаны деп білеміз.
Шәкірттеріміздің білім көрсеткіші де айтарлықтай. «Білім-инновация» лицейінің 10 түлегінің Назарбаев Университетіне түсуі үлкен жетістік деп санауға болады. Мамандандырылған мектеп-интернаттардың көптеген түлектері тек Қазақстанның жоғары оқу орындарына ғана емес, сондай-ақ, Ресей Федерациясының, таяу және алыс шетел университеттеріне Польша, Чехия, Қытай және Малайзия сияқты елдердің оқу орындарына түсті. Колледждердің инженерлік-педагогикалық қызметкерлерінің, әлеуметтік серіктестердің күш-жігерінің арқасында Ақмола облысының құрама командасы WorldSkills Ұлттық чемпионатында 4 алтын, 1 күміс, 2 қола және 6 медаль жеңіп алды. 2018 жылдың қыркүйек айында Будапешт қаласындағы Ұлттық құрама сапында Көкшетау қаласының №1 құрылыс-техникалық колледжінің студенті Анна Бобылова Euroskills чемпионатына қатысты.
Жалпы, өткен жылға өкпе жоқ. Жаңа жылдан да күтер жақсылығымыз көп. Білім бәйгесіне қосар сәйгүліктеріміз оза шауып, бәйге алып, ұжым абыройын асқақтатса екен деймін. Алдағы жылы да аймағымыздың барлық саласы арғымақтай оза шауып өсіп-өркендей берсе деген тілек бар!
Светлана ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ, көпбалалы ана:
– Ана үшін бала бақытынан асқан не бар. Өз басым он баланың анасымын. Еліміз тыныш, ашық аспан аясында жүздеген ұлт пен ұлыстың өкілі бір үйдің баласындай ғұмыр кешіп жатырмыз. Осының барлығы Елбасының сындарлы саясатының арқасында деп ойлаймын. Алдағы жылы Жастар жылы болады деп естіп жатырмыз. «Қой асығы демеңіз, қолға жақса сақа ғой, жасы кіші демеңіз, ақылы асса аға ғой» демекші, бұл өте жағымды жаңалық. Жалпы, жаңа Доңыз жылынан күтер жақсылығымыз мұнан да көп.

Сауалнаманы жүргізген
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар