Қарт жауынгер

Қазіргі таңда облысымызда Ұлы Отан соғысының көзі тірі елу шақты ардагері бар. Солардың ішінде 8 ардагер Бурабай ауданында тұрады. Біз бүгін аудан орталығы Щучинск қаласында тұратын майдангер Шәкір Дүйсенов ақсақал жайлы сыр шерткелі отырмыз.

Ол 1924 жылы 14 желтоқсанда Бурабай ауданында дүниеге келген. Ардагердің соғыс жолы 1944-1945 жылдар аралығында 3-ші гвардиялық орденді Ленин мотомеханикаландырылған батальонының 22-ші атқыштар полкінің құрамында өткен. Майдан даласында жүріп жараланған. Қарт жауынгердің кеудесінде бірнеше жауынгерлік наградалары, соның ішінде І-ші дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдары жарқырайды. Соғыстан кейінгі жылдары бірнеше жыл «Қотыркөл» кеңшарында қарапайым жұмысшы болған.
Асқар тау әке жан жары Мәриямен бірге сегіз баланы тәрбиелеп өсірген. Бүгінде ол немере-шөберелерінің ортасында көпті көрген қазыналы қарт, мейірімді ата болып отырған жайы бар. Жұбайы осыдан бес жыл бұрын дүние салған. Жасы қартайғанына қарамастан қайратты, көңілі жарқын екені бірден байқалады. Өзімен бірге тұратын қызы Сәуле әкесін жақсылап күтіп отыр. Алла қаласа, үстіміздегі жылдың желтоқсан айында Шәкір ата 95-ке келеді.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар