Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Абай Құнанбайұлының тұңғыш жинағына – 110 жыл - АРҚА АЖАРЫ

Абай Құнанбайұлының тұңғыш жинағына – 110 жыл

Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында Хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде өткізу шаралары барлық жерде жүйелі қолға алынуда. Осыған орай, жуырда әлеуметтік желілер арқылы үнемі өскелең ұрпаққа Абай мұрасының жетуіне алаңдаушылық пен бүгінгі абайтанушы ғалымдардың азайып бара жатқанына қынжылыс білдіріп жүретін Алмахан Мұхаметқалиқызының мына мақаласын оқып, оқырманның да білгені жөн болар дедім.

«Қазақтың бас ақыны – Абай. Онан асқан бұрын-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ» деген Ахмет Байтұрсыновтың сөзі Абайтанумен мәңгі жалғасып келеді.
Міржақыптың сөзімен айтқанда «Абай сынды ақынның қадірін білмеу – қазақ халқының зор кемшілігін көрсетуге толық жарайды». Абайдың асыл мұрасын аман сақтап, бүкіл халыққа таралуына Алаштың көсемі болған Әлихан Бөкейхановтың зор қатысы бар. 1900 жылдары Абайдың ақын шәкірттері, балалары – Ақылбай, Турағұлдар, інілері – Шәкәрім, Кәкітайлар, досы – Көкбай ақын өз заманында Әлихан Бөкейхановты қазақтың алғашқы оқымысты қамқор азаматы деп бағалаған.
1903 жылы Санкт-Петербургте басылып шығатын «Киргизский край» кітабының 18 томында Әлихан Бөкейхановтың «Қырғыз аймағының тарихи тағдыры және оның мәдени жетістіктері» атты мақаласы басылып шығады. Бұл мақалада Абайға ерекше тоқталып, оны қазақтың жаңа әдебиетінің көшбасшысы деп бағалайды. Формасы жағынан айрықша және мазмұнды өлеңдерінің авторы деп көрсетеді. Сөйтіп, Абайдың көзі тірісінде оны орыстың оқырман қауымына тұңғыш рет таныстырған адам – Әлихан Бөкейханов болады.
Абай мұрасының баспадан кітап болып шығуына қалтқысыз қамқорлық жасаған – Әлихан Бөкейхановпен бірге өлеңдерін жинақтап бастыруға зор үлес қосқан Мүрсейіт Бікеұлы, Кәкітай Ысқақұлы, Тұрағұл Абайұлы еді.
1904 жылы Абай қайтыс болғаннан кейін Омбыдан оның балаларына хат жолдап, Семейден шығаруды ұйғарған Әлихан Бөкейханов ақынның өмірі мен қоғамдық қызметі жайлы алғаш көлемді мақала жазады. Абай дүниеден озған соң, екі жылдан кейін «Семипалатинский листок» газетіне «Қазанама» жариялайды.
Ә.Бөкейхановтың басты арманы – Абай жинағын жарыққа шығару, ақын мұрасын қалың ел арасына тарату еді. Сол газетте Абай өлеңдерінің жинақ болып басылатыны жайлы айтады. Солай десе де, Абай жинағы басылып шықпай қалады. Оның себебі – Әлихан Бөкейханов 1906 жылы 8 қаңтарда Семейге съезге қатыспақ болып, Керекуден келе жатқан жолында Тұзқала деген жерде тұтқынға алынып, Кереку түрмесіне жабылады. Осы жолы ұсталған кезде оның партфелінде Абай өлеңдері жинағының қолжазбасы болады. Абақтыға жабылғаннан кейін, келесі күні жазған арызында ол өлең қолжазбаларының құнын 5000 сомға бағалап, оны сақтауға өтініш жазады. Көп кешікпей айғақ болмағандықтан босайды. Халықтық тұлғаға айналған Әлиханды патша үкіметі үнемі қырына алып, 1908 жылы қайта қамауға алады.
Іске ілініп, қудаланып жүріп те Абай өлеңдерінің баспада жатқанын естен шығармайды. Сөйтіп, 1909 жылы Санкт-Петербургте І.Бораганскийдің баспасынан жарық көреді. Көптен күткен Абайдың тұңғыш жинағының жарық көруін алғаш рет Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсыновтар жазады.
Абай өзінің шығармаларының жинақ болып басылуын көрмей кетті. Бірен-саран өлеңдері болмаса, Абайдың көзі тірісінде «Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат» деген өлеңін Жүсіпбек Шайықсіләмұлы деген адам Абайдың атын атамай бастырады. «Жаз», «Болыс болдым мінеки» деген өлеңдері 1886 жылы «Дала уәлаяты» газетіне Көкбай Жанатаевтың атымен жарық көреді. «Дала уәлаяты» газетінің 1889 жылғы 7-санында жарияланған «Жаз», «Жазды күн шілде болғанда» деп басталатын өлеңі «Семей уезі, Шыңғыс елінің қазағы Ибрагим Құнанбай ауылының Бақанас өзенінде Көкбейіт деген жерге қонып жатқандағы түрі» деген тақырыппен басылған. Сонда «Кісіден үйреніп жаздым. Көкбай Жанатайұлы» деп қол қойылған. Мұның өкініштісі Абай өлеңінің өз атына жарияланбауы ғана емес, редакция тарапынан Абай сөзінің бұзылып, түрлі өзгерістерге түсуі. Әр жерде жеке жолдар қысқарып, өзгеріп отырған.
Мәселен:
Жазды күн шілде болғанда,
Бәйшешек өсіп толғанда, – деп кетеді.
Ал, Мүрсейіт қолжазбасы бойынша;
Жазды күн шілде болғанда,
Көкорай шалғын бәйшешек,
Ұзарып өсіп толғанда –
деп көркем көрсетілген.
Абайдың көзі тірісінде жарық көрген баспа өлеңдерін кімнің бергені қалай жеткені нақты айтылмаған. Ал, «Жаз» өлеңін Абайдың ақын шәкірті Көкбай жібергені мәлім. Көкбайдың айтуы бойынша өлеңдегі аяңшыл ат – Абайдың өзінің күрең төбелі. Айғайшы шалы сол жылы көрші қонған әнет Бармақ деген кісі, ал құс салып жүрген жігіттер – өз балалары Ақылбай мен Әбдірахман.
1888 жылы май айында жазған «Болыс болдым мінеки» өлеңі Ақшатау деген жерде Семей облысы мен Жетісу облысының съезі болғанда бір уездің ел билеушілеріне арнағаны. Бұл «Дала уалаяты» газетінің 12 санында жарияланған. Абайдың алғашқы жинағында бұл өлең 148 жол болса, газетке 86 жол болып беріледі. Жеке сөз емес, тұтас шумақтар өзгеріп, бастырушылардың батылы жетпегендіктен қысқарып кеткен.
Ақынның көзі тірісінде жарық көрген тағы екі өлеңі бар екенін кейіннен табылған деректер дәлелдеді. 1897 жылы Қазанда «Князь блан Загифа» қиссасында «Сынағандағы аттың сыны» (Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ), «Бүркіт» (Қансонарда бүркітші шығады аңға) деген белгілі екі өлеңі жарық көреді. Кітапты бастырушы Бектұрған Сиқымбайұлы «өлең етуші Жанұзақ Сиқымбайұлы» деп көрсеткен.
Абай өзінің өлеңдерін халық арасында қолжазба болып жайылғанын көреді. 1896 жылы баласы Турағұлды шақырып, қолжазба өлеңдерін жинауға тапсырма береді. Сондықтан да жазып айтқан, жатқа шығарған өлеңдері бізге жетпеген. Кейіннен Абай өлеңдерін жинаған кісілер Абайдың өлеңінің атын ғана айтып немесе бір жол өлеңмен ғана сақталып қалған. Тоғжанға арналған «Сап-сап көңілім, сап көңілім» өлеңі соңғы кезде табылды. 1882 жылы Лермонтовтан аударған тұңғыш аудармасы «Бородино» да түгел емес. Бізге белгілі көлемі 20 жолдық нұсқасы ғана сақталған.
Абай мысқыл өлеңдерді көп жазғанымен, өзінің жауына қарсы айтпай, маңайындағы адамдарға арнап жазған. Мысқыл өлеңдері сол арнап жазған адамдары елге тарамасын деп жоқ қылып жібергенге ұқсайды. Мысалы, «Қыздарға» деген өлеңіндегі Қыздар – Абайдың құрдасы. Абай сол құрдасының мінезін сықақ етіп жазған. Бұл өлеңді де Қыздар жыртып тастаған.
1896 жылдан бастап, 1916 жылға дейін Абайдың өлеңін көшіріп ұқыптап жүрген жазуы маржандай Мүрсейіт молда сол уақыттың «баспаханасы» болды. Соңғы кезде кәсіпке айналдырып жеті-сегіз молда көшірген. Көшіргендер бір өлең үшін бір қойдың құнындай ақы алатын болған. Көшірушілер ақындар, елдің талантты жастары болады.
Елдің ішіндегі қазақтың қыздары өздеріне Абайдың қолжазбасын көшіртіп, ұзатылғанда өлеңнің бір данасын ала кететін болған. Бұл қазақ жастарының арасында Абай өлеңінің бағалы болғандығын көрсетеді.
Абайдың көзі тірісінде баспа жүзін көрген екі өлеңінен кейін Абай өлеңдерінің тұңғыш толық жинағы ақын дүниеден озғаннан кейін 1909 жылы Санкт-Петербургтағы Ілияс Бораганский баспасынан жарық көреді.
Абайтану шежіресінде алтын әріппен жазылған бұл оқиғаны Абайдың немере інісі – Әрхам Кәкітайұлы өз естелігінде былай баяндайды. «1906 жылы жаз шығып, киіз үй тіккенде Кәкітай Абылайша қос тіккізіп, Мүрсейіт молланы шақыртып алып, «сен мына біз жинаған Абай өлеңдерін реттеп жаз» деп оңаша қосқа отырғызды. Мүрсейіт асықпайтын, сұлу жазатын адам еді. Абай өлеңдерін бір ай шамасында дайындатып алып, Кәкітай Семейге өзі алып жүрді. Жол расходына екі семіз ат, екі семіз түйесін әкетті. Кәкітай малын ақшалап алып Омбы қаласына кеттім деп хат жазды. Одан кейін Омбыда бастыра алмадым, Қазан қаласына жүріп барамын, деп тағы да хат жазады. Бір жұмадан кейін үйге телеграмма келді; «Қазан қаласындағы баспаханалардың басуға уақыты болмады. Петербургтағы баспаханамен шарт жасастым, тез 200 сом ақша перевод ет деген. Айтқанындай 200 сом жібердік. Кәкітай бір айда қайта оралды. Корректорлық міндетін өз мойнына алатын болыпты. Петербургтегі баспахана бір баспатабақ қағаз басып, Семейдегі Әнияр үйіне жібереді, Әнияр Кәкітайға жеткізіп тұрады. Кәкітай оның қатесін түзеп, Петербургке жөнелтеді» дейді.
Міне, осындай сергелдеңмен жүріп, Абайдың бірінші өлеңдер жинағы 1909 жылы үш жылда зорға жарыққа шығады. Мүрсейіт қолжазбасының негізінде жарық көрген 5339 жол өлеңінің 1090 жолы аударма болатын. Алғашқы басылымға кірмей қалған 17 өлеңі кейінгі зерттеушілердің еңбегімен сонан кейінгі басылымдарда толықтырылып берілді.
Мұхтар Әуезовтың Абайтануға қосқан үлесі нәтижесінде ақынның кейінгі шыққан 1933, 1939, 1945 жылдардағы баспасындағы жинау, түзу нәтижесінде қара сөздерден басқа 10708 жол өлең қосылды. Сонымен, Абайдың толық жинағын өзінен қалған архив болмағанның өзінде ғылыми-зерттеулер мен іздеулердің арқасында бүгінге жеткен, қара сөздерден басқа 7133 жол еңбегі белгілі болды.
Абайтанудың тарихында Абайға арналған алғашқы тексеру, түсініп, тану 1914 жылы ақынның қайтыс болғанына 10 жыл толуына байланыс-
ты еске алу «Алшархият» жиналысынан басталады. Осы жиналыста алғаш рет Абайдың шығармашылығы мен өмірі жөнінде қазақтан шыққан тұңғыш журналист қыз Назипа Құлжанова баяндама жасайды.
1924 жылы Абайдың дүниеден озғанына 20 жыл толуына орай ақынның өмірі мен өлеңдері жайлы баяндама жасалып, ақын шәкірті – Көкбай Жанатаев Абай туралы есте сақтағанын айтады. Осы жылдары қазақ ғалымдары арасында Абай туралы теріс пікір айтушылар шығады. Абайдың өзі айтқан; «Біріңді қазақ бірің – дос, көрмесең істің бәрі бос» дегені қазақ үшін таң қаларлық іс емес еді. Бірақ, халық сол жылдардың өзінде де Абайынан ажыраған жоқ. Кез-келген ақынды тану ең алдымен өмірбаяны мен шығармашылығын зерттеуден басталады.
Биыл 110 жыл толып отырған тұңғыш басылымды 1909 жылы Санкт-Петербургтен немере інісі – Кәкітай Ысқақұлы араб алфавитімен бастырып шығарады. Кәкітай орысша жетік білген. Абай мектебінен ғана білім алған. Абайдың қасына еріп жүріп айтқандарын, ертегілерін құйма құлағына құйа білген.
1900 жылдардың басында Құнанбай әулеті үлкен қайғыға душар болғанда барлық ауыртпалықты осы Кәкітай көтереді. Жидебайда бала оқытып жүргенде молда Мүрсейіт Бікеұлына өз ақшасын беріп, бұрыннан жинап жүрген Абай өлеңдерін көшіртіп толықтырған.
«Мен Абайдың қарызын ұмытпай, шамам келгенше қызмет етуді өз борышым деп біліп, арттағы жастарға қалдырған өсиетін, қазақ халқына істеген еңбегін баспаға бастырып, көпке таратуды міндетіме алдым» деп Абай баласы Турағұлмен бірге ақын мұрасын ыждаһатты түрде жинастырады.
Соның нәтижесінде Кәкітай құрастырған 56 өлең өзгеріске ұшырамай, өзінің түпнұсқалығын сақтап қалды. Кеңестік заманда Турағұл «халық жауы» деп танылған соң, жинақтың шығарушысы ретінде бертінге дейін Кәкітай ғана аталып келді.
Кітаптың сыртқы мұқабасында: «Қазақ ақыны Ибрагим Құнанбай ұлының өлеңі. Бастырған: Кәкітай, Тұрағұл Құнанбай ұғландары. Спб., «Восточная электропечатная Н.Бораганского», 1909», – деп анық жазылған.
Абай мұраларының сақталуына кепіл болған адамдар – Ғабитхан, Кішкене молда, Самарбай, Дайырбай молдалар, тағы басқалары да жинастырған. Солардың ішінде ерекше еңбегі бар адам – Мүрсейіт Бікеұлы еді. Ол 1916 жылы қайтыс болды. Орысша ептеп білетін адам болған. Абай сөзін керек еткендер Мүрсейітке тапсырма беріп отырған. Сол кездегі қалыптаспаған емлеге байланысты көшірмеде кемшіліктердің кетіп отыруы осы күнге дейін Абай шығармашылығын зерттеуге кеселін тигізіп келеді. Бізге Абай еңбектерінің түпнұсқасы Бікеұлының 1905, 1907, 1910 жылдардағы үш қолжазбасы арқылы жеткен. Мүрсейіт Бікеұлының Абайтану ғылымына қосқан үлесі зор.

Ықшамдап дайындаған Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар