Қуаныштың ерте-кеші болмайды!..

Қарақұрым халық қаптаған қала көшелерінде өзі сияқты көп мұңлықтың бірі болып, көңілсіз келе жатқан. Қалта телефонына смс-хабар түскенде де елең еткен жоқ. Бір кезде шыр-шыр етіп, безілдей жөнелгенде телефон тұтқасын көтермесіне лажы болмады.

– Алло…
– Көрші-ау ватсапқа кірсеңізші, ел боп іздеп жатырмыз ғой. Сүйінші! Пәтер алыпсыз!..
– Ммм…рахмет.
Бұл хабар да оны жадырата алмады. Селқос. Жадыраған күн де, жан жадыратар хабар да оның көңіліне еш әсер етпеді. Ел болып іздесе іздегендей еді. Баспана азабын тартқанына жиырма жылдың жүзі болған. Мына бейопа тірліктің бар мәні балаларым деп ұғатын. Жылтырақ, алдамшы дүниеге әйел болып қызығуды да білмеген екен. Он баланы қалың қалада бағып-қағу оңай-оспақ шаруа емес қой. Уақыт-тұлпар жалынан ұстатпай жүйткіген желдей есіп жатыр. Күні кеше ғана тұлымшағы желбіреген балалар болатын. Енді міне, бәрі де жетілді, ер жетті. Сонау бір жылдары «Алтын алқалы» ананың арманы қандай еді! Беу, шіркін! Сағыныш болған сол бір күндер кинолентадай көз алдында тізбектеле жөнелгенде, ой-орман құшағынан шыға алмай қалды. Саябақта жападан жалғыз оңашада ой кеміріп отырған апаны әрлі-берлі өтіп-жатқандар қайтсін.
– Асқар, үй алсақ, кең болса ғой, иә! Төргі бөлмеге аппақ түсті жиһаз аламын!
– Арманда, жаным, арманда!,–деді ол әндетіп. Онысы жанжарының титығына тиіп, еркелеткені.
– Аппақ жиһа-аз! Есіңізде болсын, тек қана ақ,–деді ол наздана.
– Он ұлың әрқайсысы бір секірсе өзі де ақ болмас!
– Не деген адамсыз. Армандауға да болмай ма,–деді Бибіжамал еріне еркелей қарап.
– Әрине, жаным. Әлі-ақ, кең сарайдай үйіміз болады. Мына жүгірмектерді сонда бір бөлмеге тығып, қамап қоямын, – деді қарқ-қарқ күліп.
– Отағасы-ау, онсыз да бір бөлмеде қысылып-қымтырыла өсіп келе жатыр ғой, – деді де бірден теріс қарап жанарына іркілген жасты көрсетпей сүрте қойды.
«Баспанасыз болсақ та, бәрібір сол күндерім, ең бақытты шақтарым екен!». Өз ойымен өзі келіскендей басын изеп қояды. Көптен күткен қуанышты дәл осылай күйзеліспен қарсы алады деп кім ойлаған? «Әселім ауру азабынан құтылып, өз аяғымен жүріп, айығып кетсе екен. Бұл әлемнің бар байлығы, бөз дүниесінің бағасы көк тиын. Тек қана балам ауырмасыншы».
Ол көк жүзінен көзін алмай көп қарады. Онысы сонау зау көкте тылсым сыр бар деп ұғатын. Сол белгісіз бір күштің демеп, жебеп жүргенін сезінгендей, басына қиын сәт туғанда Алладан жалбарынып рақым тілейтін. Шынында да, ана бақыты – бала бақыты деген рас-ау. Соңғы кездері Бибіжамал апаның басына түскен қиындықтар бірінен соң бірі бас көтертпей, ауыр мұңға жетелеп жүргені шын. Осы баспана зардабынан талай пәтердің табалдырығын тоздырған. Он баласы бар адамға кім жалға пәтер бере қояды дейсіз. Пәтер кезегін сабырға салып күтуден басқа лаж болмады. Ол кезде кенжесі жаңа туған нәресте еді. Енді, міне, ол да жиырма жастағы бойжеткен болып жетіліп қалды. Ұлдарының үлкені аяқтанып, немере де сүйіп отыр. Балаларына да жоғары білім әпере алмағандығына өкінетін. Көнбеске амал жоқ. Қол қысқа, балалардың тапқан таянғаны күнкөрістен артылмайды. «Адалынан ақша табыңдар, бәрі де жақсы болады» деуден жаңылмады. Қыздарын ғана оқытуға қаражат жетті. Ондағы ойы – жат жерде біреу-міреу бетіне баспасын дегені. Бәрінен де үлкен қызы Әселдің ауыр науқасқа душар болғаны жанын қинайды. Көз алдыңда балаңның семіп жатқанын көргеннен ауыр азап бар ма?
Бибіжамал апа үйге салы суға кетіп, көңілсіз оралды. Алпыстан асқасын денсаулық та сыр бере бастайды екен. Тоғызыншы қабатқа екі өкпесінен әрең дем алып, зорға жетті. Келсе, келіні тамақ дайындап қойыпты. «Армантайға барасыз ғой, иә, апа», – деді мо-
йылдай көзін төңкеріп. «Е, қазір сәл демімді алайын. Әселге барып келдім. Аллаға шүкір тәуір болып келе жатыр. Ертең ауруханадан шығарамыз деді. Армантайдың да ертең соты ғой. Жазықсыз жала жапқызбас, Тәңіріме тапсырдым»,–деді де қарт ана орнынан ауыр қозғалып, қолына сөмкені ұстай сала сыртқа шықты.
Жол-жөнекей тағы да балаларын ойлады. «Сорлы басым-ай, пәтер алғанымызды айтуға ұмытып кетіппін. Келін де қуанып қалсын». Телефон тағы да безектей жөнелді. «Мен қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөліміненмін. Ертең пәтердің кілтін аласыз. Кешікпей келіңіз»,– тақ-тұқ еткен хатшы қыздың дауысында да бір жылулық жоқ.
Түрмедегі баласына тамақ берейін деп барса, кезекте тұрғандардың арасында өзі сияқты тағдыр тауқыметін тартқандар көп-ақ. Араларында – ақ жаулықты аналар мен баласын көтерген жас келіншектер бар. Өмірге ашынған, тағдырға өкпелі, ызалы жандардың жай-күйін бұл айтпай-ақ ұғынғандай. Кезекте екі сағаттан астам уақыт тұрды. Жаздың ми қайнатар ыстығында, ораза тұтып жүргеніне қарамастан шаршағанын білдірмеуге тырысуда. Аурухана мен түрменің ортасында осылай жүру қарт анаға оңайға соқпады.
– Мама, Әсел қалай, ми тамырына үш рет ота жасады деген рас па?
– Иә, ботам. Олай істемесе Әселден айырылып қалуымыз мүмкін еді. Қан қысымы – 250-ге дейін көтерілген. Дәрігерлер тәуекелге барған. Аллаға шүкір, қазір оңалып келеді. Уайымдай берме, бәрі жақсы болады. Бұл да бір сынақ. Түн артынан күн шығады, ботам.
– Сап-сау жүр еді ғой. Мені уайымдағаннан болар. Бәріне мен кінәлімін!
Армантай жерге тізерлеп отыра кетті. Өңі аппақ қудай. Жағы суалып қалған жан баласының уайым кешіп отырғанын көргенде ана жүрегі езіліп кетердей, өзі де орнынан құрақ ұшып баласының жанына барды. Арқасынан қағып, құшақтап: «Құлыным, олай деме, бұл бәріміз үшін берілген сынақ болар. Сағың сынбасын, ер азаматсың!» деді.
…Бибіжамал апа түнімен көз ілген жоқ. Қолы кісенделген Армантайы, мүгедек арбаға таңылған Әселжаны… пәтерсіз босып жүрген күндері көз алдында көлбеңдей берді. Ешкімге білдірмей үнсіз жылады.
… Әдетте ерте тұратын. Азан-қазан у-шудан оянып кетсе, үйдің іші толған қонақ. Бір-бір шоқ гүл ұстап, базарлықтарын артынып, ұлдары келіпті. Сөйтсе, Асқары бәрін шақыртқан. Жаңа пәтерге кіргені сол еді Армантай мен Әселі алдынан шықты. Ана жүрегі жылап жатыр, бұл жолы қуаныштан…
Р.S: «Қуаныштың ерте-кеші болмайды! Шүкір, шүкір»,– дей берді ол іштей қайталап.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар