«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында «Шаңырақ» әлеуметтік-психологиялық және зерттеу орталығы» қоғамдық қоры Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасымен бірлесе отырып, жастар арасында «Күмбірлей бер, домбырам» байқауын ұйымдастырды.
Мәдени, рухани маңызы бар бұл шара Көкшетаудағы Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының алаңында орналасқан Домбыра мүсіндік композициясының жанында өтті. Байқауға облыс орталығы мен Біржан сал, Жақсы аудандарынан, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысынан 14 пен 29 жас аралығындағы өнерлі жастар қатысты. Үміткерлер «Үздік күйші» және «Үздік дәстүрлі әнші» номинациялары бойынша сынға түсті.
–Байқау өтетіні туралы Инстаграм әлеуметтік желісінде алдын ала хабарлаған болатынбыз. Екі номинация бойынша он алты қатысушыдан өтінім келіп түсті. Шараны өткізудегі басты мақсатымыз – халқымыздың өнерін жас ұрпаққа, өнер сүйер жұртшылыққа кеңінен насихаттау, жас таланттар мен шебер орындаушыларды қолдау болып табылады, – деді «Шаңырақ» әлеуметтік-психологиялық және зерттеу орталығы» қоғамдық қорының төрағасы, байқау ұйымдастырушысы Мейрамбек Зәкіров.
«Үздік күйші» аталымында көкшетаулық Саят Бабаев бірінші орынды иеленіп, дипломмен және 50 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақымен марапатталды. Осы номинацияда көкшетаулық Бірлес Орал мен Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданы Мәдениет ауылынан келген Ділназ Ақай екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті. Олар да дипломдар мен ақшалай сыйақыларға ие болды.
«Үздік дәстүрлі әнші» аталымында қазылар алқасы көкшетаулық Ерқұланбек Ерқанатты бірінші орынға лайық деп таныды. Ал, екінші орынды бұландылық Өмірзақ Шешханның қанжығасына байлады. Жүлделі үшінші орынды Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Саумалкөл ауылының тумасы Диас Әлібеков қанағат тұтты. Жеңімпаздардың ешқайсысы байқаудан құр алақан қайтқан жоқ. Барлығына ұйымдастырушылардың атынан дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.