Қазір газет беттерінде амандасу туралы әр түрлі мақалалар шығып жатыр. Соған өз пікірімді білдірейін деген оймен «Ғибрат» айдарымен берілген Серхан Ештаевтың «Сәлемің қалай, бауырым? мақаласын оқи отырып, маған да сәлемдесуді қалай жетілдіріп, бір жүйеге келтіруге болады деген ой келді. Қазіргі жаһандану заманында біздің күнделікті қолданысымызға шет тілдер батпандап кіріп жатқан сияқты. Ол да керек шығар. Елімізге келіп жатқан шетелдіктер көп қой. Ал, оны керісінше істесек не болады? Бәрін қазақша жазып, шетелдік қонақтар бір-екі сөз болса да үйреніп кетуіне мүмкіншілік туар еді. Олардың жанында аудармашылары бар. Солар аударып береді деп есептеймін.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев қазақ қазақпен қазақша сөйлесіңдер деді. Осы қағиданы орындау үшін, бай тіліміздің беделін көтеру үшін неге бір-бірімізбен ана тілімізде сәлемдеспейміз? Басқа ұлттың мұсылмандарымен арабша «Ассалаумағалейкум» деп амандас, өйткені, бәрімізге ортақ тіл. Ал, қазақ қазақпен осының аудармасы «Алланың нұры жаусын» – десек не болады? Немесе мынадай патриоттық рухта тәрбиелейтін «Жаным арымның садағасы» – деген керемет сөз бар. Бір- бірімізбен кездескенде «Армысыз» – десек не болады? Бала кезімізде үйге кіріп келген кісі «Мал-жан аман ба?» – дейтін. Мал да, жан да әлі де өзінің өзектілігін жойған жоқ сияқты.
«Сәлеметсіз бе?», «Аман-есенсіз бе?», «Қайырлы таң» тағы басқа амандық білудің жолдары бар ғой. Діндарлардан сұрасаң құранда арабша жазылған, сондықтан, арабша амандасуымыз керек – дейді. Мен бұған келіспеймін. Әрине бұлай амандасу қанымызға терең сіңіп кеткен, өзгерту қиын. Бірақ, ана тілімізге бір қадам болса да жылжығанымыз дұрыс болар еді. Мысалы шетелдік кітаптарды қазақшаға аударып оқып жатырмыз. Неге арабшаны қазақшаға аударуға болмайды? – дейміз. Одан немене мұсылмандығымыз өзгеріп кете ме? Халықтың бәрі діндарлар емес қой. Шынын айту керек, имамдар мен молдалар да құранды әртүрлі оқиды. Кейде не айтып жатқанын білмейсің. Соған құлшылық етеміз. Сонымыз дұрыс па? Кейбір шолақ молдалар жаттанды мазмұнды айтып, мен құран оқу білемін – деп есептейді. Кешіріңіздер, мені сөгерсіздер, егер мүмкін болса құранды да ана тілімізде оқыған дұрыс болар – деп ойлаймын. Алладан не сұрап жатқанымызды түсінеміз ғой. Таяуда бір газеттен «Біз арабтың қақпанына қалай түстік?» – деген мақаланы оқыдым. Онда «Түркістан қазақтың Меккесі! Жаратушы мен қазақтардың байланыс тілі – қазақ тілі…» делінген. Мен осыны дұрыс шығар –деп ойлаймын.
«Тіл сақшысы» газетінде «Сәлем беру әдебі» деген мақаланы құптай отырып, айтарым сырттан келген кісінің дастарқан басында отырған адамдарға қол беріп амандасуы тазалық жағынан қарағанда дұрыс емес шығар. Жалпы көпшілік жағдайда оң қолыңды жүрегіңе қойып көпшілікке амандассаң жектілікті сияқты.
«Арқа ажары» газетінде шыққан Гүлнәр Шаймергенқызының «Сәлемнің де сәті бар» мақаласында көп мәселелер ислам дінінің қағидаларына негізделген. Осыны қабылдай отырып, біз қазақстандықтар көп ұлтты болуымыздан басқалармен орысша немесе арабша амандасамыз. Мен ойлаймын, олар қазақ елінде тұрып жатыр, қазақ халқына деген құрметі болар еді, егерде қазақша амандасуды үйренсе. Онымен қоса «Кімнің арбасына мінсең, соның әнін шырқа» – деген. Барлық елде мемлекеттік тілде сөйлейді. Өкінішке қарай, бізде қазақ тілі мемлекеттік тіл, бірақ, осы тілде сөйлейтіндер өте аз. Сол сөйлеуді қазақ тіліңде амандасудан бастасақ жөн болар еді.
Халқымыздың бай тілін кең көлемде пайдалансақ, одан ұтарымыз көп болады – деп есептеймін. Бауыржан Момышұлының: «Сөздің басы сәлемнен басталуы керек» – деген сөзі бар. Ұлтымыздың мәртебесін көтерудің бір жолы бір-бірімізбен ана тілімізде амандасу. «Басқа тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», – деген қағиданы берік ұстайық. Бұл да ұлтжандылықтың бір белгісі емес пе?!.
Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
ардагер-ұстаз.
Нұр-Сұлтан қаласы.