Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Арқаның Ақан сері бұлбұлы еді, Құлагер құс тістеген дүлдүлі еді!.. - АРҚА АЖАРЫ

Арқаның Ақан сері бұлбұлы еді, Құлагер құс тістеген дүлдүлі еді!..

Көкше елін, жалпы құлақ естір халқымызды күн түскендей күңірендірген, аяулы Ақан серінің аузымен құс тістеген тұлпары Құлагерді мерт қылған опасыз жауыздықтың жасалғанына 143 жыл өтсе де, әлі күнге осы оқиғаның ақиқаттығы, Құлагердің қалай өлгені, кім өлтіргені жайлы даулы жорамал тоқтаған емес.

Оған куә белгілі композитор, жазушы Илья Жақановтың 2013 жылы «Фолиант» баспаханасынан шыққан «Бір кезде Ақан едім аспандағы» кітабы мен 2018 жылғы «Жұлдыз» журналының 10 нөмірінде жарық көрген Қорабай Шәкірұлы деген павлодарлық азаматтың «Дерек пен дәйек» атты сын мақаласы болмақ.
Біз бұл екі азаматтың да еңбектеріне төрелік айтудан аулақпыз, оған осы саланың ғалымдары мен сыншылары тәуекел етер болса қарсылық жоқ. «Тас түскен жеріне ауыр» – демекші, осы оқиғалардың түпкі негізінің Көкше жеріне тікелей қатысы бар болғандықтан, қолға қалам алмастан бұрын Ақан сері өмірі мен Құлагер оқиғалары хақында жазылған Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, Әбділда Тәжібаев, Хамит Тілеубайұлы, Кәкімбек Салықовтың еңбектеріне қоса жоғарыда аттары аталған азаматтардың да жазғандарын саралай отырып, ойға түйген өз пікірлерімізді ортаға салмақпыз.
Алдымен айтарым, Ілияс Жансүгіровтей алымды да ардақты ақынның «Құлагер» атты эпикалық тұрғыда жазылған поэмасы ешбір зерттеусіз, жан-жақты толық мәліметтерсіз жазылған деуімізге негіз жоқ. Ол өзіне дейінгі Құлагер жайлы кім не деді, нендей дүниелер жазылғанын оқып та, естіп те білгендігі даусыз. «Әттең, дүниенің келтесі-ай» демекші, сол поэманы жазып бітірген 1936 жылдардағы ақын өмірі күрделі де қиын болды. Қазақ зиялылары, өзі сияқты асыл азаматтарымыз бірінен кейін бірі ұсталып, түрмеге тоғытылып, өзі де көп ұзамай ұсталып кетті. Сондықтан болар, Ілияс Жансүгіров туралы жазылған еңбектердің ішінен оның Көкше жерінің азаматтарынан Құлагер жайлы мынадай-мынадай мәліметтер алдым деген сөздерін кездестіре алмадық. Заманның ағымы мен уақытының тарлығына не дауа?!
Енді осы бір жорамал ойларымызды ірке тұрып, Ақан сері өмірінің кейбір қырларына тоқтала кетсек дейміз. Табиғатынан ерекше дарын қонған зерек те алғыр өнер иесі Ақанның сазгерлік, ақындық жақтарының тасасында көп айтыла бермейтін өнерінің бірі Толыбай, Күреңбайлар сияқты жылқы малының қыры-сырын терең білетін сыншылық қасиеті өте жоғары болған. Былайша айтсақ, сайыпкер саятшы, сұлулық сүйген сұңғыла сыншы болмаса, Зілғараның Әлібегі сынды өз заманының өрендері қыран құсы Қараторғайды, қара мылтығын, Сайрат төре бір қыста 9 қасқыр алған құмай тазы Базараланы сыйлар ма еді? Құлын күнінен танып Құлагерді қызға балағандай құмартып қалап алып, мәпелеуі бір ғанибет болса, сол кездердің бірінде Тілембай байдың көп жылқысының ішіндегі Ақшатыр деген сәйгүлікке көзі түсіп, бір тойда Құлагерге қосып жарыстырады. Мәреге жақындағанда Ақшатыр Құлагерді тықсырып құйрық тістесе келеді. Сонда Ақан: «Егер енді 1-2 шақырымдай шапса Ақшатыр Құлагерден озып келер еді», – деген екен. «Әттең-ай, Ақшатырдың бағын байлаған екенсіңдер, мұны малға мініп тастаған екенсіңдер», – депті. Сонда Тілембайдың інісі, мал иесі Тынымбек: «Құлагер шапқан кезде мұны қалай білдіңіз?», дегенде, Ақан: «Өзге малға жел жағын бермеуші еді, ал Ақшатыр болса билетпей кетті, тегеуріні өте күшті, нағыз жүйріктің өзі» депті де Құлагерге пар етіп ұстауды ойлап, Тілембай байдан Ақшатырды маған сатыңыз деп сұраған екен. Сонда Тілембай, «Ақанжан, мен саған бір әңгіме айтайын, көңіліңе алма, сен үшін бір малды қойып, үш мың жылқым да сөз емес, жұрт інім Тынымбекті түнде көбіне жылқыда болмайды деген соң, бірде кешке Тынымбек үйіне енген соң, жылқыға барсам қалың жылқының ортасында Ақшатырдың үстінде Тынымбек ысқырып тұр екен. Осыны көрген мен барған ізіммен кейін үйге келдім де малымның иесі де, киесі де Тынымбек пен Ақшатыр екенін сездім. Осыны қалай ойлайсың?» деген соң Ақан сері сөз төркінін түсініп, қолқалауын қойған екен.
Осы сияқты ескілікті әңгімелерді бізге жеткізуші, жасы жетпістерден асқан Марат Қарашұлы Оспанов осы Тілембай байдың тікелей ұрпағы, атасы Оспан Ақан серінің ең бір жақын пікірлес, сырлас адамы болған. Марат болса, қазір Көкшетау қаласының түбіндегі Красный Яр селосында тұрады. Атасы Тілембаев Оспан «Мезгіл», «Шалқар» болыстарында бірнеше жыл болыс болған адам. («Ел мен жер» Т.Сәдуақасов, 72 бет).
Паң Нұрмағамбеттің әкесі Сағынайдың асына «бармай-ақ қойсаң қайтеді, соңғы кездері Құлагерге жаулық көзқарас тілеп жүргендердің қарасы көбейді» деп ақыл берушінің біреуі осы Оспан. Екінші, осылайша көңіл білдіргеннің біреуі Зілғараның Әлібегі. «Ей, Ақан, саған ақыл айтайын деп отырғаным жоқ, өз ақылың өзіңе жетеді. Тілімді алсаң осы асқа барма. Құлагерді де апарма. Осы күні жау жоқ деме жар астында, бақастық, күншілдік деген көбейіп кетті ғой, шырағым. Аты алты Алашқа жайылып, бәйге бермей келе жатқан Құлагердің екі аяқтыдан қастары жоқ деме. Осыны ішім сезіп тұр». («Айыртау арыстары», Ж.Есекеев, 34 бет). Шын мәнінде бұл асқа Атығай-Қарауыл елдеріне дұрыстап сауын айтып шақырылмаған, Әлібек, Азнабай, Жанбота, Неғметжан, Тәшен, Науан хазірет сияқты басты адамдарына арнайы хабар берілмеген. Ақан сері осы асқа дәл жүрер кезде де толықсып, Атығай ішіндегі Қуандық дейтін көріпкел, сыншыға Құлагерді көрсеткенде ол да бармасаң қайтеді деген екен. Осының бәріне мән бермей Құлагерімнің бақытын байламайыншы деп іштей шешімге бекінген Ақан сері қасына 4-5 адам ғана ертіп, Сағынайдың асына барған.
Құлагер мерт болып сұлап жатқанда күйініп «Мал да болса, адамнан есті жануар-ай, шабуға жіберерде салбырап, басын төмен салып, кәдімгідей көзінен жасы бұршақтап тұрды-ау. Осы сұмдықтың боларын білген екен ғой еркекерім» деп өкінеді. (М.Жұмабаев, 321 бет). Сол күңіреніп отырған шақтарында шығарған өлеңдерінің бірінде, басы дал болып:
Қырмызы, қара құлпы құйрығың-ай,
Суырылып тойда озған жүйрігім-ай.
Жеріне Ерейменнің айдап келген,
Тәңірінің, айналайын бұйрығын-ай, –
деп жазықсыз жануардың өліміне кінәлі жандарға лағнет айтады.
Иә, айтып айтпай не керек, «Іс бітті, қу кетті» – дегендей, сол замандардағы белең алған қара күш, өз дегендеріне жетіп, ел арасын атыстырып, шабыстырғаннан не мұраттарына жетті дейсің. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» дегендей, алауыздық, көреалмастық, күншілдік қашанда түбімізге жеткен ғой!
Ілия Жақанов «Құлагердің өлімі осы күнге дейін дұрыс жазылып жүрген жоқ. Бұл менің ғана сөзім емес, бүкіл Көкше елінің сөзі», – дейді кітабының 10 бетінде. Бұл шындық сөз. Осы тұрғыда Марат Оспанов былайша әңгіме өрбітеді. Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданындағы Ақтас ауылында өмір сүрген Төлебай Сыздықұлы деген саятшы, көкірегі ояу әңгімеқой ақсақал Ақан сері өмірінің соңғы кездері 4-5 жыл атқосшысы, пікірлес, аса сыйлас адамы болған екен. Бала кезімізде сол кісінің өз аузынан естіген мынадай сөздері әлі күнге күні кешегідей сақталып қалыпты.
«Мен қазақтың байлары мен батырларын ғайбаттаудан аулақпын. Құлагердің де өліміне анау кінәлі, мынау кінәлі дегендерді де жақтамаймын. Ауыздарында Алласы бар ел билеген, ел ұстаған адамдар ондай жан түршіктірер қылықтарға бара қоймас деп ойлаймын» дейді екен.
Осы ақсақалдың айтуынша, Құлагерді бір топ қарақшы салт аттылар лап қойып соқтырып құлатып, сұлап жатқанында Ақан сері бастап келіп қалған адамдар оның денесінен айрықша соққы жарасын көре алмаған. Сойып, басын кебіндеп, жерлеп, ішкі дүниелерін қарағанда қатты соққы әсерінен қуығы жарылып кеткенін көрген. Әрине, Ақан сері бұл жауыздықты ұйымдастырушы адамдардың болғанын, тегін әрекет еместігін білген. Сондықтан болар, сол бір қайғылы шақтарында:
Жануар Құлагерім қолдан кетті,
Дұшпанның қастығынан қаза жетті.
Қаржас боп, Қанжығалы, Керей, Алтай,
Қуандық, Сүйіндік боп намыс етті, – деп зарлаған.
Ақан серінің өміріне байланысты Құлагер трагедиясын анықтай түсудегі осы бір шағын әңгімемізде аты аталған Ақтас ауылының ақсақалы Төлебай Сыздықұлын жас кездерінде көздері көріп, әңгімесін тыңдаған азаматтардың енді біреуі, қазір Астана қаласында тұратын Серік Сәлменов деген азамат. Ол кезінде еліміз тәуелсіздігін алған кезде Жақсылық Қарауылдан шыққан атақты Қосағалы батырдың Азат тауында жерленген зиратын тауып, кесене тұрғызуға қолғабыс еткен меценат азаматтың бірі. Сол сияқты, Төлебай ақсақалды көрген, білетін азамат Тасқын Ысқақов деген азамат та Астана қаласында тұрып жатыр. Ақтас ауылының іргелі азаматтарының бірі де белгілісі Қазақстан мемлекеттік тарих институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркіт Аяған да Құлагер оқиғасы туралы: «Өз заманынан ойы озық туған Ақан серінің де пенде ретінде, тәкаппар, өз ортасының кемістік жағына сыни қарап, сынап, тартысты өмір кешуі заңдылық болар. Ол сол кездің алдыңғы қатарлы адамдары Науан хазірет, Әлібек, Мәмбетәлі, Тіржан қажы, Біржан сал, Шыңғыс төре әулеттерімен сыйлас, дәмдес, шынайы араласып жатса, Шөбек тұқымдары Мұқанәлі, Баялы, Нұралылармен қастасып өтеді» дейді.
Осының бәрін осы күннің мінберінен таразылай түскенде топшылайтынымыз, Құлагердің жаулары Сағынайдың асын сәтті кезге балап, Ақанның ішкі және сыртқы бәсекелес, бақас, көреалмастары суық қолдылыққа барған. Олар үшін кімнің аттары бірінші келсе келе берсін, тек Құлагер емес. Құлагерге өлім құрығын салу алдын ала құпия ұйымдастырылған сыңайлы», – дейді.

Шіркін, өткеннің өзекті өртейтін небір қайғылы оқиғалары, қазақты қазаққа қарсы қойып, ардақтыларының басына қара бұлт орнатқан қаскөйлік, күншілдік, көреалмастықтың күлін көксегендер Абайдың да, Біржанның да, Ақанның да, Үкілі Ыбырайдың да, Шәкәрімнің де, Мәдидің де, кешегі отыз жетінің қырғынында ардақты асылдарымыздың да алтын бастары арсыздардың добына айналған жоқ па. «Ұрыс тұрған жерде ырыс тұрмайды» дегендей, кертартпа, күншіл, жалған пәле жапқыш індеттерден, жасыратыны жоқ әлі күнге айыға алмай келе жатқанымыз өкінішті-ақ.
Кейінгі қаулап келе жатқан балғын, келешегі мол, білімді жастарымыздың өмірдің осы сияқты келеңсіз, көлеңкелі жақтарынан сақ болғандарын, аулақ жүруін тілейміз.

Айдос ӘБУТӘЛІПҰЛЫ,
ақын, өлкетанушы, Біржан сал ауданының құрметті азаматы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар