Ашаршылықтың ащы шындығы

1932 жыл. Елді мекендер мен ауылдардың жағдайы өте қиындап кеткен. Ұжымдастыру мақсатында халықтың қолындағы бүкіл малды үкімет сыпырып жинап алып, тақырға отырғызған. Сәрсен осы саясатты әлі түсінбей жүр. Үкіметтің көздегеніне мемлекетте төңкеріс болған жылдар әлі есінде. Аласапыран, түсініп болмайтын бір уақыт еді. Ауылға біресе қызылдар, біресе ақтар келіп, қоқан-лоқы көрсетіп кететін. Келген сайын ойына келгенін істеп, ауылдың қыз-келіншектеріне қырғидай тиіп, кез-келген үйге жайғасып, тынығып алатын. Үйіне шақырусыз келген қонақты кім жақтыра қойсын, зілдеп, бұйырып отырған соң амалсыздан мал сойып, ет асып, көңілдерін аулап шығарып салатын. Сескенбеске амал жоқ еді. Түрлері сұсты, әскери формада және бәрі де мұздай қаруланған.

Осыдан бір ай бұрын көрші ауылға суыт келген әскерилер халыққа ойына келгенін істеп, қарсылық көрсеткен біраз адамдарды қырып кеткен. Не ақтар, не қызылдар екенін ешкім біліп болмайды. Түн қараңғысында болған оқиға ғой. Содан бері халық та шошынып қалған, қойған талаптарын орындап, солардың ығына көнуге тырысатын. Ол жылдар да ұмытылып артта қалған сияқты еді. Үкіметтің халықты жетістірген сыңайы осы. Ауыл халқы тоз-тоз боп жан-жаққа көшіп кеткен. Көп үйлер қаңырап бос тұр. Ауылда мал тұрмақ ит те, мысық та жоқ, аш халық бәрін де жеп қойған. Қараңғы түссе, үрей пайда бола бастайды. Кімдер екені белгісіз, ауылдың кәрі-құртаң, бала-шағаларын ұрлай бастағаны көп болды. Әйелі жаман аурудан қайтыс болғаннан кейін Сәрсен тетелес өсіп келе жатқан алты баласын алып, кешкілік ауылдан шығып кетті. Ішерге ас жоқ, ыңырсып жылаған балаларын қайтсем де аман алып қалуым керек деп бел шешкен. Үлкені Айбол он екілер шамасында болса, ең кішісі бір жастан енді асқан.
Үйінен алып шыққан ескі-құсқы киімдері ғана. Көп ойланбастан оралған шүберек белдігіне шағын балтасын салып, ескі пышағын да ала салуды ұмытпады. Ең кішкентай баласын арқасына салып, қалғандары бірін-бірі жетелеп келе жатты. Анда-санда балаларының тамақ сұрап қыңқылдап, жылап келе жатқанын білсе де, естімеген боп, адымдап жүріп келе жатыр. Кейде үлкені Айболға тез-тез жүріңдер деп айқайлап қояды.
Ауылдан біраз ұзап шыққан соң, сіркіреп жаңбыр да жауа бастады. Мақсаты өзеннің арғы бетіне өтетін өткелге жету. Әйтеуір, қаңырап қалған ауылдан тезірек кетіп, ең болмаса осы балаларымды аман алып қалсам деген ой. Қараңғылық қоюланып, жаңбыр үдете жауа бастады. Үстері малмандай су болып, аяқтары батпақ-батпақ болса да ескі сүрлеу жолмен өзен бойын жағалап біраз жүріп өткенін өздері де шаршағанынан біле бастады. Жылай берген соң кішкентай балаларын алма-кезек көтеріп алдаусыратып шапшаң жүре бастады. Кезінде мал бағып жүргенде мал ізінен қалған сүрлеу жол ғой, адастырмай өткелге алып келе жатты. Өйткені, арғы бетте қалаға баратын даңғыл жол бар еді. Балаларымды ең болмаса қалаға жеткізсем, халқы көп жер ғой бірдеме қылып аман алып қалармын деген үміт оты. Жаңбыр да күшейіп, найзағай жарығымен анда-санда айналаны шолуға да мүмкіндік болды. Найзағай кезекті рет жарқ ете қалғанда өткелге жақындап қалғанын өзі де жорамалдады. Жарқылдаған найзағай жарығынан өзен бойындағы тоғай арасынан шығып келе жатқан, қолдарында шоқпары бар екі адамның сұлбасын көргендей болды. Сәрсен бір жамандықтың болатынын іштей сезіп, тұла бойын үрей билесе де, балаларына білдіртпеуге тырысты.
–Айбол, кішкентай Шыңғысқа ие болшы, – деп арқасына салып берді де, балаларына білдіртпей беліндегі шағын балтасын қолына ыңғайлатып ұстап, оларға қарсы адымдай басып жүрді.
–Сендер осы жерде тұра тұрыңдар,–деп бұйырып айтқанша болған жоқ, жаңағы екеуі шоқпарларын көтеріп, атой салып, екпіндетіп жүгіріп келе жатты. Қатты үрейленіп, қорыққан балаларына әкесінің артынан жүгірерін білмей, не ағасының жанында қалу керек екенін білмей шыңғырып, айқайлап жылай берді.
–Айбол, баламен қаш тоғайға қарай,–деп әкесі де жанұшыра айқай салып, әлгі екеуімен арпалысып, төбелесе бастады. Өмір мен өлім үшін күрес басталып кетті. Бар ойы қайтсем де балаларымды аман алып қалу керек. Әрине, өзі өліп кетсе балаларынан айырылып қалатынына көзі жетіп тұр. Өзіне қарсы тұра ұмтылған сойқан мұндай қарулы болар ма, сілтеген балтасын бір қолымен қағып жіберіп, сойылымен кеуде тұсынан бір ұрғанда ұшып түсті. Шыңғырып, айқайлап жан-жаққа қашқан балаларын көрген әкесі жалма-жан орнынан ұшып тұрып, әлгі жігітке тұра ұмтылды. Екіншісі балаларын қуып жүріп бірінен соң бірін құлатып жүргенін көрген соң, Сәрсен қалайда бұларды өлтіру ғана керек екенін түсінді. Балалары үшін, жан үшін арпалыс басталып кетті. Бұл өмір мен өлім арасындағы аянышты көрініс еді. Оны өлдіге санаса керек, сұлатып ұрып құлатқан балалардың біреуіне бас салып пышақтарымен тілгілеп, жалма-жан жеп жатты. Балаларына қарауға мұршасы болмай, көзі қанталап кеткен әкесі балтасын тауып алып, бар екпінімен жүгіріп келіп, өзін ұрып құлатқан сойқанның арқасына балтасын қадады. Бұл кезде жаңбыр басылып, бұлттар арасынан ай жарығы көріне бастап еді. Әр жерде қаңсырап, ыңырсып жатқан балаларын көрген ол, одан сайын өршеленіп, қатулана түсті. Жан беріп арпалысудың оңай емес екенін түсінген ол ештеңеден аянбай екіншісіне де тұра ұмтылды. Балтамен ұрып-соққанның енді қайтып тұрып, қарсылық көрсетпейтініне көзі жеткен соң, екіншісін оңай ұрып түсірем деп ойлады. Жұлмалап баланың етін жеп жатқан қанішер өзіне балтасымен жүгіріп келе жатқан Сәрсенге шоқпарымен қарсы тұра ұмтылды. Өршелене ұмтылған еңгезердей жігіттің ештеңеден тайынбайтынын, аянбайтынын ол өзінің де өмірінің қыл үстінде тұрғанын түсінді. Қорқыныш, үрей тұла бойын билегені соншалық, аяқ-қолдары дірілдеп, соққы жасауға дәрменсіздеу екенін сезді. Сонда да бар күш-қуатын жинап, сойылмен бас тұсынан ұрған сияқты болғанымен, өзінің иық тұсына төніп келе жатқан балтаның жүзін көргеннен кейін, айқайлайын десе үні шықпай, өлімнен қорыққан сәтін білдіре көзі бақырайып, құтылмағанын сезді.
Сәрсен ыза кернеген ашумен қан-жоса болған сойқанды бар күшімен басынан төмпештеп ұра бастады. Өзінің үсті-басы да қан-қан болып, өлгеніне көзі жеткен соң әлсіреп басының ауырғаны үдеген соң, шалшық суға есеңгіреп құлады.
Қанша жатқаны есінде жоқ, талықсып, есеңгіреп көзін ашып қараса, ептеп таң ата бастаған екен. Шалшық судан ептеп су ішкендей болып, ақырын басын көтеріп, жан-жағына қараса, әр жерде ыңырсып, шала-жансар жатқан балаларын көріп, көзі қарауытып, басы айналып, шалшық суға жалп етіп тағы құлады. Есеңгіреп жатып, түнде болған оқиғаларды көз алдына елестетіп көріп еді, басына тиген ауыр соққыдан болуы керек, кейбір тұстарын тіпті есіне түсіре алмады. Біраз уақыт жатқаннан кейін ілиіп орнынан әрең тұрып, нақты бір шешімге келу керек екенін түсінді. Ақырын ауырсынып, орнынан тұрғаннан кейін балаларына жақындап барып көргені, көзінің жеткені бәрі де шала-жансар екен. Түндегі екі қанішердің біреуі сойылмен сұлатып салғаннан кейін бір баласының денесін паршалап, етін жей бастаған екен. Екі қаныпезердің екеуінің де денесінің қимылсыз жатқанын көріп, бір жағынан соған тәубешілік етті. Ең үлкен баласы мен арқалап жүрген кенже баласы көзге ілінбеген соң, қорқып айдалаға қашып кетіп аман қалғанын білді. Басына тиген соққының әсері ғой, балаларының шала-жансар денелерін шалшық су, батпақпен сүйрелеп, өзен шетіне әкеліп екі қолын аспанға жайып, құдайдан кешірім сұрап, өз қолымен суға тұншықтырып, өлгеніне көзі жеткен соң суға ағызып жіберді. Денесі парша-парша болған баласының денесін де арулап көмуге шамасы жоқ екенін біліп, амалсыздан бөлшектенген денесін өзенге ағызып жіберуден басқа амалы болмады.
Өзі істеген ісіне бір құдайдың алдында өзі ғана жауап беретініне сенімді болған ол бар күш-жігерін жинап алып, қаңсырап жатқан екі жендеттің денелерін айызы қанғанша талталап, паршалап жан-жаққа шашып тастады. Осы істеген ісіне риза болғаны соншалық, баласының етін жеген хайуандардың етін жеуге еш жиіркенбеді. Өйткені, өзегін өртеген аш құрсақ ішін жегідей жеп әкетіп бара жатқан. Суға ағызып жібергеннен гөрі ит-құсқа жем болсын деп шығарған шешімі. Содан соң аш құрсаққа түсіп кеткен талғажайдың әсері ме, көзі қарауытып, басына тиген ауыр соққының да ауырсынғанынан сылқ етіп шалшық суға жалп етіп құлады.
Қанша жатқаны есінде жоқ. Бір уақытта үлкен баласы Айболдың «әкелеп» айқайлап, жылап, арқасынан қапсыра құшақтап жылағанын еміс-еміс біліп жатты. Ауырсынған басын көтеріп еді, көзі бұлыңғырланып, алыстан томпаңдап жүгіріп, жылап келе жатқан кенжесі Шыңғыстың да сұлбасын көріп, есінен танып басы сұлқ ете түсті.
Бұл әрине, кеңес үкіметінің қазақ халқының көзін құрту үшін қасақана ұйымдастырылған ашаршылық зардабының бір көрінісі. Тәуелсіздік алып, заман өзгергеннен кейін өміріміздің шын тарихы жазылып келе жатқаны да шүкіршілік. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде кеңес үкіметі орнағанымен бір емес, бірнеше рет ашаршылық болып, әке-шешелеріміздің жоқтықтан, қиыншылықтан азап шеккен әңгімелерін естіп өскенбіз. Таң қалатынбыз. Оқулықтан оқыған тарихымыз бойынша халыққа «теңдік» әперген «бар жақсылықты» жасап, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманға жеткізген кеңес үкіметінің «шапағатын» оқып отырып, қандай қиыншылық, азап, ашаршылық деп ойға қалатынбыз. Шындығында көз алдымызға елестетіп көрсек, бәрі керісінше болғанын енді біліп жатырмыз.
Әңгіменің тоқ етері осы болған оқиғадағы Сәрсеннің ұрпақтары осы күні көрші Ресей, Өзбекстан және өз елімізде Қостанай, Торғай, Көкшетау елді мекендерінде тұрып жатыр. Айболдан төрт ұл, жеті қыз болса, Шыңғыстан бір ұл, жеті қыз тараған.
Айбол кешегі Ұлы Отан соғысы деген сұрапыл майдан даласында толарсақтан саз кешіп, бірнеше рет жараланып, бір қолынан кемтар болып соғыс ортасынан елге оралған. Өзінен тараған төрт ер баласының есімдерін ашаршылық заманының құрбандары болған бауырларының есімдерімен атап, көкейіне мәңгілік естелік ретінде сақтап қалды.
Бұл әңгімені өткен ғасырдың сексенінші жылдары осы кісінің жаңа танысқан құдасына өз өмірбаянын әңгімелеп айтып жатқанын тыңдап отырдым. Сұрақ қоюға дәтім бармады. Бірақ, осы қорқынышты әңгіме осы күнге дейін жадымда сақталып жүрді. Жарыққа шығарудың өзі ауыр болды. Ол кісі бақилық болғалы көп жыл өтсе де осы әңгімесін, болған оқиғаны болашақ ұрпақ біліп жүрсін деген мақсатпен шешім қабылдадым.
Талғат ҚҰРМАНҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар