Тайпалық деңгейден аса алмай жүрміз-ау!..

Әншейінде намысшыл, кеудемсоқ, өзімшіл қазақтың қазақ дегенде, оның жоғын түгендеуге келгенде үндемей қалатыны бар. «Қазақ сен нашарсың» деп ұлттық деңгейде намысына тисең ренжімейді. Ал, руына, атасына тиісіп «әй, сен осындайсың» немесе «Атығайдың баласы, осылай істеп жүрсің?» деп айыбын бетіне бассаң, онда шырқырап, намыстанып шыға келеді. Оның қазақ үшін күймейтін басы, ауырмайтын жүрегі руына, атасына келгенде өрекпіп, тұлан тұтып, терісіне сыймай, ашуланып шыға келеді. Ал, осы аташыл, рушыл қазақты – қазақтың ортақ мүддесі, ортақ мәселесі аса жанын күйзелтпейді, ауыртпайды.

Әсіресе, осы қазақ елі тәуелсіздік алып, өз қолы өз аузына жетті-ау дегенде рушылдығымыз, яғни, жікшілдігіміз тіпті ұлғайып, өршіп бара жатқандай. Тәуелсіздік әркімнің руына емес, атасына емес, қазаққа берілді ғой. Алла тағаланың өзі бізге осындай мүмкіндік тудырып, енді қазақ ел болам десең, бірік, жік-жікке бөлінбе, қазақтың мүддесі қорғалатын шақ туды, уақытыңды бос жібермей, пайдаланып қал» деп тұрғанда, ата қуып жүргеніміз, қай сасқанымыз? Бұрын жарайды, «империя арамызға жік салды, айдап салды, қасақана араздығымызды қоздырды» деп ақталдық, енді қазір қазақты біріктірмей, басын қоспай жүрген қандай күш?
Қазір қазақтың қазақты бауырына тартар, бүкіл ел болып, керегімізді кеңейтер, шаңырағымыздың еңсесін тіктеп, қазақтың мәртебесін асқақтатар шағымыз, күніміз туып отырған жоқ па? Қашанғы өзге жұрттарға күлкі боламыз? Атамызды, руымызды түгендегенше, ұрпағымыздың жоғын түгендеп, оқу-біліміне мән беріп, игерусіз жерлерін игеруіне, ірі кәсіптер меңгеруіне көбірек неге мән бермейміз? Керек емес жерде ру намысын, ата намысын жоқтауға неге құмар бола қаламыз? Осыны көргенде әбден намысымыз отаршыл империяның табанының астында жаншылып, тапталып қалған-ау дейсің. Бірақ, олай дейін десең, қазақ дегенде ілгері баспай қоятын, басқан аяғы кері кететін қазақ руға келгенде, өзімнің атам дегенде даурығып, кеңірдегін жыртып шыға келеді. «Менің атам батыр болған, би болған, ел билеген» деп ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейді-ау, шіркін. Соған қарап тұрып, қазақтың осалы болмаған-ау деп қаласың. Сонда қазақтың ру-тайпаларының ата-бабаларының бәрі шеттерінен намысты, батыр, би, көсем болғанда, қалмақ-жоңғар қайта-қайта шауып есімізден тандырғанда, орыс екі ғасыр билеп, төбемізден әңгір-таяқ ойнатып, аузымыздан нанымызды жырып, жерімізді билеп-төстеп отырғанда, бұлардың апайтөс, қамалбұзар ата-бабалары қайда қалған? Шетімізден Қобыланды, Қабанбай батыр болсақ, сонда империяға құл болған, отар ел болған кім? Және сол намысымыз қазақ дегенде неге оянбайды? Әлде қазақтың намысы кетсе кетсін, өз руымды, атамды түгендесем, намысын жоқтасам болды дейміз бе? Атамызбен ұпайымызды түгендеп жүргенде, жік-жік болып, бытырап бөлініп, шілдің боғындай шашырап жүргенде қазақ баласының намысы кетіп, қазақтың несібесі өзгелерге жем болып жатқанын неге ойламаймыз?! Әрине, өзге жұртқа керегі – қазақтың осылайша тым-тырақай, қым-қуыт болып, басы қосылмай жүретіні екендігі сөзсіз.
Қазақтың басы бірікпесе, көршілес елдердің ұпайы түгел. Жасыратыны жоқ, қандай тату, дос елміз десек те, өзара келісім-шартсыз болса да, әрбір мемлекет өз ұпайын түгендейтіні сөзсіз. Ешбір мемлекеттің далада шашылып жатқан ырысын көрген емеспіз. Бұл жағынан келгенде, ұтылып жататын – қазақ. Қазақтан жалпақшешей халық жоқ. Біреуді жарылқау үшін ең алдымен өзіміз жетісіп алсақшы. Демек, біздің әншейіндегі рушылдығымыздан, ата намысын жыртқыштығымыздан қазаққа келер еш пайда жоқ. Әрине, бұл арада, атаңды жоқтама, руыңды түгендеме деп ешкім де айтпайды. Бірақ, сол намысшылдығымыз ел болып, қазақ болып бірігуге келгенде қайда қалады?
Қазақ тарихынан әрқайсымыздың да хабарымыз бар, бізбен жауласқан жұрттың бәрі осы жікшіл рушыл-тайпашылдығымызды жақсы пайдаланып, бір-бірімізге айдап салып отырғаны белгілі. Қазақ бір кездері масқара болып «жау жағадан алғанда, бөрі етектен аладының» керін келтіріп, сырттан жау төніп, аңдып тұрғанда ру мен ру болып өзара соғысқан жағдайлары да болған. Тіпті, үш жүз руларының арасында осы күнге дейін жазылмаған жара, кеуделерінде жібімей жатқан бір сыз бар сияқты. Әйтеуір, құда-құдандалы бола қалса ғана, қосылған балалары үшін ымыраласып жатады, ал, жалпы үш жүздің баласы бір атаның баласындай арасынан қыл өтпейтін тату деп айту қиын. Ол әсіресе, ел басына күн туған шақта жаугершілік соғыстарда қатты байқалды. Алтыбақан алауыздығымызды дұшпанның пайдаланып кеткен шақтары аз болған жоқ. Әйтеуір, билеріміздің өзара бәтуасы арқасында ел біржола құрып кетпей, аман сақталып келді. Біздің алауыздығымыздан дұшпанның ұпайы түгелдене түсетінін Төле би де, қаз дауысты Қазыбек би де, Әйтесе би де айтып бақты. Қазақтың кем-кетігі мен даналығы қатар жүреді, әйтеуір, бір жоғымызды екінші барымызбен жауып, ел болып келе жатырмыз. «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» дегендей, кем-кетігімізді айтпасақ, құр сасық кеудемен шалқая берсек, ел болып оңбаспыз.
«Осы қазақтың кемшілігі қай жерде?» дегенді әрбір саналы ұлт баласы үнемі ойлап жүруі тиіс қой. Ел болу мәселесі, бірігіп, қоғамдасып тірлік ету, жік-жікке бөлінбей, өзара ынтымақтасып тірлік ету – басты мүдде, мақсат болуға тиіс. Ру-тайпалық мүддеден жоғары аса алмасақ, қандай ел боламыз, жас ұрпаққа не тәрбие береміз? Біз өзара дауласып, жанжалдасып жүрсек, келе жатқан болашақ ұрпақ қолына қару алып, бір-біріне ұмтылмасына кім кепіл?
Қолдан келгенше, қазақ өзара ағайын-туыс болып, құда-құдандалы болып, нағашылы-жиенді болып, әйтеуір, ілік-шатыстан ажырамай, біріге беру жағында болуы қажет болар. «Бірлік бар жерде тірлік бар» демейді ме? Ал бордай тозып, ата қуалап, ру мен руды қарсы қойып, өзара тартыса бергеннен не ұтамыз?
Атығай-Қарауыл маған жақын болғанда, Арғынның өзге ата баласы маған жат бола ма? Ал, Арғын баласы маған ағайын болғанда Найман, Керей мен Уақ маған бөтен бе? Оларды жақын тартып тұрып, Ұлы жүз баласы мен Кіші жүздің балаларын жат санап, кеуделерінен итерсем, қалай болады? Бәрі де туысым, бәрі де бауырым, өз қазағым. Оларды жат санағаным – жау жоқ жерден жау тілегенім емес пе? Қазақтың жеріне онсыз да көзалартып отырған көршілеріміз аз емес. Одан да сақтансаң, солардан сақтанайық.
Кейде маған мынандай ой келеді, қазақты қорға деп билікке жалтақтағаннан гөрі, қазақтың мүддесін қазақтың өзі қорғағаны дұрыс-ау деген. Өйткені, әрбір қазақ намысшыл болса, ұлтым деп өмір сүрсе, өзгелер де бізден айылын жияр еді. Жалпы ең күшті ел, ең мықты мемлекет – бірлігі жарасқан, ынтымақшыл ел. Ру-тайпалық деңгейде қалып қойғанымыз жетіскеннің белгісі емес. Бұл – қазақты қазаққа қарсы қоятын жалған намысқойлық. Абай атамыз жарықтық «атаның баласы болма, адамның баласы бол» деген жоқ па еді. Ол өзінің халқын бірлікке, ынтымаққа шақырмап па еді?
Дана ата-бабаларымыздың ел, халық туралы, бірлік, береке туралы айтқандарын жиі-жиі жаңғыртып, ұрпақтың есіне салып отырайық. Аға буын өкілдерінің бір үлкен міндеті осы болуға тиіс.
Шабдан ТОҚМУРЗИН,
еңбек ардагері, байырғы орманшы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар