«Тез жазылып кетсең екен!..»

Айнұр Елебекқызы туралы мақала жазамын деген ой көңілде жүргелі қашан. Неге екені белгісіз осы бір аяулы жан туралы қалам алып, ойға шомсам болғаны, Қайрат Нұртастың орындауындағы анасына арналған осы бір ән тіл ұшына орала береді. «Тез жазылып кетсең екен…» дейтін сол әннің қайырмасындағы осы бір жан толқытар сөздер біздің де жүрегімізді дір еткізе түседі. Бәлкім, оның сыры Қайрат әншінің дәл осы бір әнді орындағанда жанымен беріліп, өзі емес, жүрегі сөйлеп тұрғандай тыңдаушысына алапат шынайы сезімге толы күш-қуат бере білуінде шығар. Біз бұл әннің тарихын білмейміз. Бірақ, қалай дегенмен де әншінің анасына деген сезімі, перзенттік пейілі, ыстық ықыласы ән болып өрілген әуезден төгіліп тұрады. Иә, рас, жалғанда жан баласы үшін ата-анадан, бауыр етің баладан, туған бауырдан жақын жан жоқ шығар.

Біз мына ғұмырды мәңгілік көреміз. Мәңгілік ғұмыр болмайды деп сан мың мәрте қайталап айтсақ та, мына жүрек құрғырдың илана қоймайтыны бар. Осындайда, бір жақын адамың дертке шалдығып қалса, жан жүрегің де онымен бірге шырылдап сая таппайды ғой. Бүгінгі күнің, жоқ, тіпті келер секундтың өзін қандай ой, қандай сәтпен оралатынын білмейсіз. Айнұрдың да ғұмыр жолы дәл осылай сабақталады деп кім ойлады?
Ағымдағы жылы Ақмола облыстық ЖИТС-пен күрес және алдын алу орталығының құрылғанына отыз жыл. Айнұр Көлбаева осы мекеменің қызметкері болып жұмыс істейді. Біз әдетте журналистер қауымы газет бетінде осы орталықтың жұмысы жөнінде мақала жазатын болсақ, статистикалық деректерді келтіре отырып, «жаман» аурудың алдын алу шаралары туралы ғана айтатын едік. Әдетте, мәселенің өзектілігіне мән береміз де, ал, осы салада еңбек етіп жүрген жандар елеусіз қала беретіні бар. Солардың бірі – осы Айнұр. Ол ешқашан жұмысына жүрдім-бардым қарамайтын, аса жауапкершілігі зор, еңбекқор адам. Орталықта қызмет атқарған жылдары алдына ауру азабын тартып келген жанның жан жарасын емдеуге барын салатын. Бұдан бөлек, бос уақыты табыла қалса, бар уақытын сарп етіп, мектептен-мектепке табан тоздырып, жалықпай әр сыныпқа кіріп, танымдық лекциялар оқып, болашақ ұрпақтың жаны сау, тәні сау болсыншы, жаман әдеттен аулақ болып өссінші деген ақ ниетпен қанша тер төкті.
Айнұр жастайынан еңбекқор болатын. Ешқашан мейлі, қара жұмыс болсын нәзік жанмын ғой деп еңбектен қашпайтын. Себебі, оның соңынан ерген тоғыз бірдей бауыры бар. Айнұр үйдің үлкені, одан кейін сегіз інісі және ең кішкентай сіңлісі бойжетіп келеді. Айнұрдың бар арманы осыларды аяқтандыру, әрқайсысының өмірден өз жолын тауып кетуіне өз септігін тигізу болатын. Үйдің тұңғышы болғаннан кейін бар ауыртпалық Айнұрға тиесілі болды. Ата-анасына бала болып бір еркелігін, қандай да бір қисынсыз мінезін де көрсетпеген екен. Орта мектепті үздіктер қатарында тәмамдаған ол Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне грантқа оқуға түсіп, аталмыш оқу орнын валеология мамандығы бойынша үздік тәмамдады. Көкшетаудың қызы болғаннан кейін туған жерге оралып, осында еңбек жолын бастады. Алдымен, мектептерде валеология пәні бойынша сабақ берді. Кейінгі жылдары бұл пәндер мектеп бағдарламасынан алынып тастағаннан кейін, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығына жұмысқа орналасты. Кейін бұл орталық та жабылып қалды. Бірақ, қай жерде еңбек етсе де адалдығымен, еңбекқорлығымен ел аузында жүретін Айнұр сияқты білікті мамандар еш уақытта да жұмыссыз қалмайтыны анық. Оның осы бір абзал қасиетін қатты бағалайтын әріптестері оны бірден «Шаңырақ» әлеуметтік-психологиялық және зерттеу орталығы» қоғамдық қорына жұмысқа шақырды. Қоғамдық қордың сол кездегі директоры білгір маман, білікті басшы Берік Ұзақбайұлымен бірге көптеген ауқымды іс-шараларға мұрындық болды. Кейінгі жылдары Ақмола облыстық ЖИТС-пен күрес және алдын алу орталығына қызметке тұрып, еңбек етті.
Ағымдағы жылдың мамыр айында Айнұр Елебекқызының қан қысымы көтеріліп, дәрігерлер оған күрделі ота жасады. Бір емес, үш рет. Күні кеше ғана барлығымен жайдары амандасып, үнемі жайраңдап, әдемі күліп, зыр етіп жүгіріп жүретін Айнұрдың бір-ақ сәтте өмірі өзгеріп шыға келді. Бір жағы жансызданып, әзірше жұмыстан қол үзіп қалды. Бірақ, осындай сындарлы күн туғанда оны өз әріптестері, достары жан-жағынан демеп, қолдап келеді. Әрбір мереке сайын ұжымдас әріптестері Айнұрдың көңілін ауламаққа гүл шоқтарын сыйлап, орталықтың директоры Манарбек Бұрмағановтың өзі Алғыс хатымен марапаттап, қолдап демеуге барынша ықпалын тигізіп жатады. Міне, біртұтас ұжымның, оның ішінде кеңжүректі, көреген басшының өз қызметкеріне деген ықыласы. Бұның астарында адамдық дейтін үлкен әріппен жазылатын ұлылық жатыр. Айнұр Елебекқызы білікті маман, сүйікті қыз, қамқор әпке ғана емес ол аяулы жар, ардақты ана. Жан жары Болат Көлбаев екеуі екі бала тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы.
– Айнұрға ота жасаған Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының білікті нейрохирург, дәрігер Ерлан Аяғановқа аналық алғысым шексіз. Баламды ажал аузынан құтқарып қалды десе де болады. Сол ауруханадағы барлық дәрігерлерге, медбикелерге, қолдап, жан-жақтан қызымыздың халін біліп, хабарласып жатқан ағайын-туысқа, Айнұрдың әріптестеріне, достарына көптен-көп рахмет. Бұл өмірдің қызығы да қиындығы да қатар жүреді ғой. Бұл да бір сынақ болар. Алла жар болсын, – дейді Айнұрдың анасы ағынан жарылып.
…Ол жүрген жерінде ізгіліктің нұрлы шуағын себезгілеп, жан-жағындағыларға мейірім төге білетін жан. Әлі де талай асулар бар. Біз соған сенімдіміз. Себебі, Алланың берері мол ғой…
Р.S. «Тез жазылып кетсең екен!..» деп өрілетін сол бір сазды әуен тағы да жүректі тербеп жатыр. Біздегі тілек те осы!..
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар