Кәсіпкерлікті дамытудың картасы нәтижесін берді

Астрахан ауданында өңірлік кәсіпкерлікті дамытудың 2018-2020 жылдарға арналған Картасы шеңберінде шағын және орта кәсіпкерлік қозғалысы белсенді сипат ала түсті. Әсіресе, 2019 жылғы жұмыстың нәтижесін жақсы деп айтуға болады. Қазіргі күні тұрақты жұмыс істеп тұрған нысандардың саны 1285 болса, бұрнағы жылмен салыстырғандағы көрсеткіш 125 нысанға өсіп, 110,8 пайызға жетіп отыр.

Жалпы, заңды тіркелген нысандардың 86,4 пайызы шағын және орта кәсіпкерліктің еншісінде екендігі мемлекеттік қолдаудың мақсаткерлікпен жүргізілгендігін білдіреді. Әрбір ауылдық округтің болашақ қадамдарына жасалған талдау мұндағы жаңа өндіріс пен қызмет көрсету саласының серпін алатындығына сенім тудыруда.
Аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Қайыр Жұмақаевтың айтуынша, жаңа бизнес жоспарлар негізінде, аудандық үйлестіру комиссиясы 7 ауылдық округте дәріхана, 10 ауылда шаштараз, жетеуінде қоғамдық монша, 3 ауылда наубайхана ашу жоспарын бекітті. Сондай-ақ, аудан орталығынан елді мекендердің барлығын көлік қатынасымен қамту мәселесі де шешімін тауып келеді.
Жергілікті кәсіпкерлердің ұмтылыстары күнделікті тіршіліктің барлық салаларын қамтып отырғаны жергілікті билік тарапынан қолдау тауып отыр. Солардың ішінен шикізат (жүн, тері) дайындау пункттерін, жылыжайлар құрылысын, азық-түлік да-йындау цехтары мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу цехтарын, сүт пен ет сатып алу орындарын, тауарлы-сүт фермаларын, сән салондарын, жол бойының сервистік нысандарын, аңшылық және балық өсіру өндірісін, тұрмыстық қалдықтарды өңдеу ұжымдарын атап өтуге болады. Сонымен бірге, сауда, жолаушы және көлік тасымалы қызметіне сұраныс арта түсуде. Бұл санаттағылардың қатарына былтыр 145 адамның қосылуы тұрғындардың табысы артып, өмір сүру сапасының өскендігін көрсетеді.
Өңірлік Картадағы ірі жобалар қатарында «Астрахан құс» АӨК» кәсіпорны, «Острогорское» және «Aina Resources» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар. Осы орайда, аталған ұжымдарға өндірістік сипаттама бере кетсек дейміз. «Астрахан құс» АӨК» Новочеркаск селосында «Жылдық қуаты 3000 тонналық құс фабрикасын салу» инвестициялық жобасын жүзеге асырды. Жобаның жалпы құны 500 миллион теңгені құрайды. Кәсіпорын «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының бірінші бағыты бо-йынша (пайыздық ставканы субсидиялау), екі траншпен 346 миллион теңге несие алған. Мемлекет тарапынан қолдаудың нәтижесінде кәсіпорын заманалық инкубатор, бройлер балапандарын өсіруге арналған екі корпус, құрама жем және ет дайындау цехын пайдалануға берсе, бүгінгі күні үшінші бройлер корпусы мен әкімшілік ғимараты салынуда. Жаңа фабрика 2019 жылдың қаңтар-қазан айларында 802,6 миллион теңгенің құс етін дайындады.
«Острогорское» ЖШС Новый Колутон селосында құны 1525,5 миллион теңгелік «Жалпы саны 3000 бастық аналық ірі қара мал өсіру» инвестициялық жобасын іске асырды. Мұның 1293,2 миллион теңгесі несие қаражаты. Кәсіпорын Америка мен Канададан асыл тұқымды «Герефорд» құнажындарын сатып алған. Бүгінгі талап деңгейіндегі қоралар мен ашық алаңдар салынып, жаңа жұмыс орындары құрылды. Серіктестік былтырғы он айдың өзінде 138,4 миллион теңгеге бағаланған 582 асыл тұқымды ірі қараны сатуға шығарды.
Ал, «Aina Resources» кәсіпорны Ақбейіт ауылында құрамында алтыны бар руда өндіру фабрикасын салуды жоспарлауда. Мұнда жылына 322,2 килограмм алтын қоспасы шығарылады деп көзделуде. Жоба 2019-2021 жылдар аралығында іске асырылады.
Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Астрахан ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар