Шетелдік автокөліктің машақаты

Қазақстан азаматтары ЕАЭО елдерінен әкелінген автокөліктерді уақытша тіркеуі керек. Бұл тіркеу 2021 жылдың 1 наурызына дейін күшінде болады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен кіргізілген автокөліктерді уақытша тіркеуді тапсырды. Ендігі ретте, шетелдік көлікті тіркеу үшін шетелге бару қажет пе? Уақытша тіркеу үшін қандай құжаттар мен қанша қаражат қажет? Біз осы және басқа да сұрақтарға жауап іздеп, тиісті мекеме басшылары мен қала тұрғындарын сөзге тартып, мәселенің мән-жайын зерделеп көрдік.

Қырғызстаннан шетелдік автокөлік сатып әкелген жандардың бірі – Зеренді ауданындағы Еленовка ауылының тұрғыны Тұрар Байғожин.
– Уақыт деген жан баласының ырқына көнбейтін дүние. Әсіресе, мына бір жаһандану заманында ғасыр көшіне ілеспекке әркім-ақ талпыныс жасауда. Арбамен ел-елді аралау дәуірі артта қалған. Осы орайда, алтынға баланған уақытты үнемдеу мақсатында қала тұрғындары үшін автокөлік қажет. Сонау бір жылдары автокөлігі бар адам бақуатты жандардың қатарынан саналған, қазіргі таңда студент жастардың өзі бір-бір шетелдік көлік мінеді. Уақыт талабы дейміз мұндайды көргенде. Дұрыс-ақ! «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген қазақы қағидатты қалайша жоққа шығарамыз. Кім дәулетті өмір кешкісі келмейді дейсіз. Әттең, сол мол қаражат әркімге құрық салдыра бермейді. Біреу тапқан-таянғанын тірнектеп жинап әлек. Кей жандардың өмірі ертегідей, – деп бастаған әңгімесін ол әрі қарай былай деп жалғады.
– Тірнектеп жинау дегеннен шығады, сол аузыңнан жырып, несібең боп оралған ақшаны үнемдеп жинағанда берекесін көрген жақсы ғой. Осыдан төрт-бес жыл бұрын Қырғызстан мен Ресейде (соңғы жылдары Арменияда) біздің елге қарағанда автокөліктердің бағасы біршама арзан екендігін ел халқы естіп, көбі сол жаққа қарай ағылды. Бірі несие рәсімдеді, бірі таныс-тамырдан қарыз алды, ауыл адамдары малын сатты, енді бірі жаңағы біз айтқан тірнектеп жинаған қаражатын жұмсамаққа бел буды. Қазақстаннан жақсы автокөлік сатып алайық десе, «қол қысқа». Әйтпеген күнде «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» демей ме қазақ?
Мен Қырғызстаннан Тайота Estimo көлігін (минивэн) 2 миллион теңгеге сатып алдым. Көлікпен елде жүргеніме бірнеше жылдың жүзі болды. Таяуда Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы шетелдік автокөліктерге байланысты кесімді пікір білдірді. Ел заңына бағынған абзал. Әсіресе, шетелдік көлікті қайта рәсімдеу үшін бір жыл уақыттың берілгеніне қуанамыз. Алайда, біздің көңілде бір күпті ой бар. Сол ақша қолымызда болса өз елімізден де сатып алмаймыз ба? Тым болмаса кедендік баж салығын төмендетсе. Бұл мәселе көршілес елдерде қарастырылған. Мәселен, менің осы автокөлігімді қайта рәсімдеу үшін 3,5 миллион теңге ақша керек. Мен ол қаражатты қайдан табамын? Тағы бір келіспейтінім, соңғы жылдары осы шетелден әкелінген көліктердің кесірінен жол көлік оқиғалары көп тіркелгендігін айтып жатыр журналистер. Оларды кінәлауға болмайды, тілшілер тек берген деректерді тілге тиек етеді ғой. Меніңше, соңғы кезде осындай оқиғалардың көп тіркелуі «сергек» камералардың пайда болуынан. Бұрындары ондай бейнебақылаулар болған жоқ. Бәлкім, бұрын да көрсеткіш осындай болған шығар, кім білсін… –дейді Тұрар Байғожин.
Біз осы мәселеге байланысты Ақмола облыстық әкімшілік полиция басқармасына хабарласып көрдік. Басқарма бастығы, полиция полковнигі Аслан Қызбикеновтен келіп түскен түсіндірме хатта ЕАЭО елдерінде сатып алу-сату шарты бойынша жеке меншікке автокөлік сатып алған, бірақ Қазақстанда сенімхат бойынша басқарушылар автокөліктерді ЕАЭО елдерінде есептен алып тастауға және осы бір жолғы акцияны пайдалануға мүмкіндік бар. Бұл үшін азаматтар мамандандырылған ХҚКО-на келіп, қажетті құжаттар пакетін ұсынуы қажет. Автокөлікті уақытша тіркеу үшін келесі құжаттар талап етіледі: жеке куәлік, бұрынғы мемлекеттік немесе транзиттік нөмірлік белгілер, тіркеу туралы куәлік, меншік құқығын растайтын құжаттар. Сондай-ақ, бастапқы тіркеу төлемі бар түбіртек, мемлекеттік нөмір дайындағаны және техпаспортты дайындағаны үшін баж төленгені туралы түбіртек ұсыну керек, – деп жазылған хатта.
Айта кетуіміз керек, ендігі ретте бұл автомобильдерге сары түсті арнайы сериядағы (18 цифрмен) мемлекеттік нөмірлер беріледі, ал техникалық паспортқа аталған автокөлікті тіркеу шарттары туралы тиісті белгі енгізіледі. Мұндай автокөлікті
ҚР ІІМ базасында тіркеу жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу, тежеуші факторы болып табылады.
Халықты мазалаған тағы бір сұрақтың бірі мұндай көлікті қайта тіркеуге қанша қаражат жұмсалады. Мамандардың айтуынша, тіркеу сомасы көліктің қашан, қай жылы шыққаны, қай елден әкелінгеніне тікелей байланысты. Сонымен қатар, шетелден әкелінген көлік кеден тексерісінен өтуі керек. Алайда, стандартқа сәйкес емес көліктер тіркеуге алынбайды. Мәселен, көліктің қауіпсіздік жастығы болмаса да ол тіркелмейді екен. Мұндай көліктерді тек бөлшектеп сатуға болады.
Біз көлікті бөлшектеп сатып алатын арнайы мекемелерге де хабарластық. Ондағы мамандардың сөзіне зер салсақ, автокөлік істен шықса да, оның жабдықтары толық болуы керек. Бұл басты шарт. Бірақ, бағасы өте арзан көрінеді. Төлем екі түрлі жүргізіледі. Қолма-қол ақша аламын десеңіз көлік құны 150 мың теңгеден бастап бағаланады. Ал, қолма-қол ақша қажет емес, жаңа көлік сатып аламын десеңіз 350 теңгенің сертификатын алуға болады, ерік өзіңізде.
Айта кетуіміз керек, осы мәселеге байланысты қазіргі таңда «Азаматтарға арналған үкімет» мемкорпорациясының қызметіне жүгінетіндердің саны артқан. Ресми статистикалық деректерге сәйкес, 2019 жылы онлайн тәсілмен рәсімделген жүргізуші куәліктерінің саны бірден 8 есеге артыпты. Мысалы, 2018 жылы жүргізуші куәлігін онлайн арқылы 19 409 қазақстандық рәсімдеген.
Сең қозғалды. Бұл мәселені жақтаушылар да, даттаушылар да бар. Қалай дегенмен де, ел заңына бәрі де бағынуы тиіс. Осы орайда, автожүргізушілердің де өтініші жерде қалмаса екен дейміз. Ел тілегі де осы.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар