Мұқағали жырын сүйген сарбаздар
Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөлімде Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай, «Қазақ поэзиясының мұзбалағы» атты әдеби-музыкалық кеш өткізілді.
Аталмыш іс-шара тәрбиеші-офицерлер мен Көкшетау қаласындағы орталық қалалық үлгілі кітапханасының қызметкерлерімен бірлесіп ұйымдастырылды. Әдеби кештің шымылдығы бірінші жедел мақсаттағы ротасының сарбазы, қатардағы жауынгер Тайбағар Нұрсұлтанның орындауында ақын сөзіне жазылған «Бақыт деген» әнімен ашылды.
Іс-шара барысында көрермендерге ақынның өмірі мен шығармашылық жолын баяндайтын, танымдық мағлұмат беретін деректі фильм көрсетілді. Сондай-ақ, сарбаздар Мұқағалидың жалынды жырларын мәнерлеп оқып, ақын сөзіне жазылған әндерді орындады. Сонымен қатар, бойында ақындық қасиеті бар сарбаздар да ақынға арналған өз өлеңдерін оқыды. Іс-шара соңында кітапханашы мамандығы бойынша білім алып жатқан колледж студенттері Әлия Ізбасар мен Аружан Мұқанова жиналғандарды кітап көрмесімен таныстырды.
Әдеби кеш соңында бөлімнің жеке құрамы ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, естелік суретке түсті.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.