НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Төтенше жағдай салдарынан табысынан айырылған адамдарға 1 айлық еңбекақы мөлшерінде төлем жасалады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінде өткен онлайн конференцияда айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Биыл 23 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай туралы мемлекеттік комиссия отырысында төтенше жағдай салдарынан табысынан айырылған адамдарға 1 айлық еңбекақы мөлшерінде төлем жасауды тапсырды. Аталған төлемдер ашық өтеді және ресми жұмыс істеген адамдарға төленетін болады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осыған орай тиісті ереже қабылдады», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожина.
Ол аталған әлеуметтік төлемді кімдер ала алатынын айтты.
«Әлеуметтік төлемді орта және шағын бизнес субъектілерінде жұмыс істейтіндер, жұмысы тоқтап қалған жеке кәсіпкерлер ала алады. Төлемді алу үшін Төтенше жағдай режимі енгізілгенге дейінгі 12 ай ішінде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына кем дегенде үш ай төлем аударылған болуы керек. Төлем алу туралы өтініш жұмыс берушіге Электронды үкіметтің веб-порталы арқылы жіберіледі. Ол үшін қажетті құжаттардың сканерленген нұсқасы мен электорнды қолтаңба керек», – дейді ол.