Бірлігімізбен бәрін де жеңеміз!

 Жабал Ерғалиев,   Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі, Көкшетау қаласының құрметті азаматы.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап елдің бірлігін айтып келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап,”Менің бар тілегім де, зар тілегім де елдің бірлігі” деген аталы сөзі де есімізде.  Бүгінгі мақаласында да Елбасы елді бірлікке шақырады. Бірлікке жететін қуатты күш жоқ екендігін аталарымыз да не бір кемеңгерлікпен айтып кеткен болатын. Елбасы өзінің бүгінгі сөзінде Қазақстанның өз тәуелсіздігінің 30 жылында сан қыйлы жолдан өткендігін,ел дамуының дұрыс жолын таңдай білудің нәтижесінде қуатты да, абыройлы да беделді, халқының ынтымағы жарасқан мемлекет құра алғанымызды, атқарылған істерді тағы да көз алдымызға әкеліп, жадымызды жаңғыртқандай болды.

Рас біз тарихтың аса күрделі кезінде тәуелсіздік құрдық.Не бір сындарлы кезеңде, елдің іргесі шайқалып кетер тұста да, экономика дегеніңіз құлдырап бітіп, қазынамыз бос қалған, жұмыссыздық жайлап, дүкен сөрелері бос қалып, “қазақтар өз бетімен ел бола алмайды” деген сенімсіздіктер де үрей туғызған сәттерде Елбасы өз халқымен болды.

Елбасы тәуелсіз мемлекет құрудың азапты күндері мен ұйқысыз түндерін халқымен бірге өткізді. Елбасы бәрін де халқымен бірге көрді, бірге төзді, бірге жеңді! Қазақстанды әлем Тұңғыш Президентіміз Назарбаевтың есімімен, Назарбаевтың келбетімен, Назарбаевтың ісімен таныды. Назарбав Қазақстан тарихында және де біз үшін Әлемге, Ғарышқа, Болашаққа жол ашқан Тұңғыш болып мәңгі қала берері анық!

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Назарбаевтың әлемдік саясаттағы ұлы тұлға екендігін орынды атап көрсеткені де бар. Елбасы бүгінгі елге арнаған сөзінде тағы да елімен бірге екендігін, ел басына төнген осы бір індетті жағдайдан халқының аман-сау шығуын ойлап, ой толғайды. Аталық сөзін айта отырып,абыздық оймен толғанған Елбасының жұрт көңілінің алаң осындай тұсында ел ішінде үрей тудыратын өсек-аяңды таратудың өзі ел ішіне іріткі салу деп бағалайды. Және де “Көптің қамын көздейтін адам айғайшыл күшімен емес, игілікті ісімен қызмет еткені дұрыс. Ғайбат пен байбалам орнына ғылым-біліммен шқғылданған абзал” дейді Елбасы! Бұл-аталы сөз! Аталы сөзге тоқтай білген ел емес пе едік?!

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев әлемді жайлап бара жатқан аса қауіпті індетте қазақ елінің аман шығуы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевтың дұрыс шешім қабылдап жатқандығын және де бәріміздің де оны қолдап,бір болуға шақыруы елдік сөз дер едім. Жасыратыны жоқ, кейде “осы біздің елде екі президент бар ма?” деген қаңқу сөздер де айтылып жатады. Бұл жайында Елбасының өзі бізде бір ғана Президенттің бар екендігін, ол Тоқаев екендігін айтқаны да бар еді.Бір алқалы жиында осындай сауалға былай деп жауап беріп едім: “Бізде халық сайлаған бір ғана Президент бар! Ол-Тоқаев! Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ елінің Тәуелсіздігін өз қолымен, өз еңбегімен, өз ақыл-парасатымен, өз абырой-беделімен, өз күш-жігерімен құрған адам ретінде осы ел тәуелсіздігі үшін өзін мәңгілік жауапты сезінетін тарихи тұлға! Бұған Елбасының толық хақы бар! Өйткені Тәуелсіздік Елбасының көзінің қарашығындай аман сақтап, бүгінгі және келер ұрпаққа аманаттап қалдырып кетер асыл Мұрасы!”

Қазақ халқы ақыл-парасатты халық! Бұл сынақтан да амандықпен өтерімізге сенім бар. Ең бастысы қазіргі жағдайда Елбасы айтып отырған бірлікті сақтай отырып,Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың төтенше жағдайдан шығу жолында белгілеп отырған барлық амалдарына қолдау көрсетейік. Біз бәрін де жеңеміз! Жақсы күндеріміз алда! Тек аман болайық!

                                                                

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар