Бір ауыл – бір бауыр

Қарт тарихтың қойнауына үңілсек, біздің елімізде тұрақтап қалған түрлі ұлт өкілдері Патша үкіметі мен Кеңес үкіметінің билік құрған тұсында үш кезеңде келіп, қоныстандырылыпты. Алғашқылары патша үкіметінің әкімшілік реформа жүргізу кезеңінде келген болса, екіншілері 1930-1950 жылдардағы депортация уақытында, үшінші легі тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде келген екен. Осынау тарихи бұралаңдарда біздің ауылға да біршама отбасылар келіп, тұрақтап қалып, қазір олардың ұрпақтары өсіп-өнуде.

Бұланды ауданының Қараөзек ауылы 1906 жылы Колоколовка ауылы болып ашылыпты. Тәуелсіздікке қол жеткен соң, бертін 2005 жылы ауыл тұрғындары мен ел азаматтарының сұрауымен, әкімдіктердің қолдауымен Қараөзек деп қайта аталды.
Қазіргі уақытта Қараөзекте 1 мыңға жуық адам тұрады, яғни, 223 шаңырақ өз түтіндерін түтетіп отыр. Соның ішінде шамамен 30 пайызы өзге ұлт өкілдері. Күнделікті күйбең тірліктің соңында жүрген ауыл тұрғындары бір атаның балаларындай болып кеткен. Бір-бірімен тату-тәтті, сыйластықта, бірлікте өмір сүріп, өз істерін дөңгелетіп жүр. Біздің барлық жетістіктеріміз бен жеңістеріміз осы татулық пен тұтастықтың арқасында деп білеміз.
Қазақ қашан да бауырмал халық. Қайсыбір ауылдарын алсақ та, пана іздеп келген немесе тарихи оқиғаларға сәйкес күштеп әкелінген өзге ұлт өкілдерін ешқашан да өзегінен теппей, барлығын бауырына басып, төрінен орын беріп, қиын кезеңдерде бір үзім нанын бөліскендігін білеміз. Қаймағы бұзылмаған ауылымызда қазіргі күні бірнеше ұлттар мен ұлыстардың өкілдері тұрып жатыр. Бүгін де ауылда жиырмаға жуық ұлт пен ұлыстың өкілдері мекендеуде. Негізінен орыс, неміс, поляк, украин, белорусь, татар, ингуш, шешен, башқұрт, кәріс, удмурд және тағы да басқа ұлттар бір шаңырақ астында іргелі ауылда өмір сүріп жатыр.
Ауыл тұрғындары арасында ингуш ұлтының өкілдері Гелисхановтар отбасы 1948 жылы кеңес үкіметінің күштеп қоныс аударту, яғни, депортация кезінде көшіп келген. Қыздары Наталья Солтановна ауыл мектебінде жас ұрпақ тәрбиесімен айналысып жүрген ұлағатты ұстаз. Бірінші санатты, білікті маманның шәкірттері ауданда, облыста жақсы қырларымен танылып, байқауларда жүлделі орындардан көрінуде. Ал, ұлдары Сергей Сергеевич Гелисханов волейболдан спорт шебері. Қазіргі уақытта Алматы қаласында волейбол федерациясында еңбектенуде. Алдағы уақытта спорттың шыңына шығуды армандайды.
Поляк ұлтының өкілдері Франковскийлердің отбасы ауылға 1965 жылы көшіп келіпті. Олардың қызы Ольга Францевна Цой ата-бабасы депортация уақытында қиыр шығыстан көшіріліп әкелінген, кейін ауылда тұрақтап қалған кәріс отбасының келіні атанды. Қазіргі таңда ауылдың дәрігерлік амбулаториясында меңгеруші болып жұмыс істейді. Ауыл тұрғындары арасында сыйлы да құрметті азаматша.
Орыс ұлтының өкілдері Смусенколар отбасы да 1954 жылы тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңінде Ресейден қоныс аударылыпты. Николай Смусенко қазір ауыл ақсақалдары кеңесінің мүшесі, ауылымыздың сыйлы да құрметті, көзкөрген көнекөз қарияларының бірі деуге болады. Әрқашан да өмірден көрген білгенін, жастарға үлгі етіп, дұрыс жол нұсқап, ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарайды. Баласы Игорь Смусенко қазақша күрестен спорт шебері. Үлгілі отбасылардың қатарында.
Ауылымыздың мәдениет үйінің меңгерушісі Хавылхан Елеш 1991 жылы Қазақстанға Моңғолиядан көшіп келген қандасымыз. «Қисық кітап» театрын ашып, жастарды өнерге баулып келеді. Қазіргі таңда шәкірттерінің алды республикалық, облыстық, аудандық байқауларға қатысып, жүлделі орындар алып жүр.
Ауылдың біраз тұрғынын жұмыспен қамтып, ел игілігі үшін қызмет етіп жүрген азаматтардың бірі Виталий Норикович Варданян. Ол ауылымызға бертінгі жылдары көшіп келген армян ұлтының өкілі. Өзінің «Нанар» фирмасы» серіктестігінде ауыл халқының отыздан астам отбасын жұмыспен қамтып отыр. Егін шаруашылығы науқаны басталғанда 20-дан астам адам ауыл шаруашылығының техникаларын тізгіндеп, басқа да қажетті жұмыстарға тартылады. Сонымен бірге, ауылымыздың оннан астам тұрғыны осы серіктестіктің мал шаруашылығы саласында ақ бас сиырларды бағумен айналысады. Серіктестік басшысы ауыл мектебіне түрлі мерекелер кезінде демеушілік жасап, көмектесіп тұрады.
Көп ұлтты отбасынан шыққан Татьяна Степановна Абузова ауыл тұрғындарын азық-түлікпен және киім-кешекпен қамтамасыз етіп отырған жеке кәсіпкер. Бүгінде балалары мен немерелерінің ортасында, солармен бірге кәсібін дөңгелетуде.
Жалпы, ауылымызда тұрып жатқан өзге ұлт өкілдері мен тұрғылықты халық арасында ешқашан да теке-тірес, қарама-қайшылық деген мәселелер туындамайды. Себебі, біздің ауылымыз қашанда үлкенді сыйлаған, тарихын құрметтеген, баласына дұрыс жол көрсете білген ата-бабаның ұрпағынан. Қараөзектің негізгі халқы қазақтар болғандықтан да болар, өзге ұлттардың басым көпшілігі қазақ тілін жақсы түсінеді, мемлекеттік тілде сөйлей алатындары да бар. Ол біздің елге, біздің ұлтқа, біздің ата-бабамызға деген құрмет деп түсінеміз. Отбасыларымен жақын араласып, дос болып кеткендері бір-бірінің салт-дәстүрін құрметтеп, ұлттық тағамдарын да дайындаудан дес бермейді. Айт мерекесі, пасха, Наурыз мейрамы, Рождество, 1 мамыр мерекелерінде бір-біріне барып құттықтайды.
Жыл сайын орталық алаңға шығып, 1 мамыр күні Қазақстан халқының бірлігі күнін бірлесіп, түрлі-түске толы көктем мерекесіндей, ерекше көңіл-күймен тойлаймыз. Биыл, өкінішке орай, елімізде орын алған коронавирус пандемиясына байланыс-
ты отбасылардың үйде отырып, өз-өздерін оқшаулауы маңызды болғандықтан, биылша көпше түрде атап өтілмейді. Сондықтан, жағдайға байланысты әркім бір-бірін байланыс құралдары арқылы құттықтап, өздерінің шағын отбасыларында атап өтсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Қорқытбай МҰХАМАДИЕВ,
Қараөзек ауылының әкімі.
Бұланды ауданы.
Суреттер ауыл архивінен алынды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар