Коронавирус індетіне қарсы күреске еңбек ұжымдары, қала тұрғындары және еріктілер белсене атсалысуда. Солардың қатарында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне қарасты Көкшетау техникалық институтының оқытушылары мен қызметкерлері арнайы жоспар құрып, екі аптадан бері тұрғын үй аулаларында, сауда орындарында, көше бойлары мен аялдамаларда, басқа да көпшілік орындарында дезинфекциялық жұмыстарды жүргізуде.
Біз облыстық көпбейінді аурухана аумағында залалсыздандыру ісімен айналысып жатқан ақ комбинизонды жиырма кісінің ортасында жүрген институт бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Сырым Шәріпхановты сөзге тарттық.
–Бұл біздің азаматтық және кәсіби тұрғыдағы парызымыз, – дейді ол.
– Карантиндік режимге байланысты, еліміздің барлық өңірінен келген курсанттар үйлеріне қайтарылып, онлайн-дәрістер алуда. Сондықтан, жоғары басшылықтың келісімімен, институтта кезекшіліктен және сабақтан босатылған офицерлер мен сержанттардан іріктелген ерікті жасақ құрылды. Екі звеноға бөлінген құрылымдарды подполковник Азат Құсайынов пен
майор Султан Арифджанов басқарады.
Бұл бастаманы Көкшетау қалалық әкімдігі қолдап, қорғаныстық киімдер, дезинфекциялық заттар мен арнайы құралдар бөлді. Жұмыс барысындағылар иыққа асатын бір құралдың дәрі-дәрмегі 700 шаршы метрге жететінін және 200 метр сайын толықтырылып отырылатынын айтады. Кешегі күні институт еріктілері 42 мың шаршы метр аумақты зарарсыздандырған. Мұның өзі 10 шашыратқыш құралдың жүктемесі толығымен атқарылғанын білдіреді.
Институттың азаматтық қорғаныс және әскери дайындық кафедрасы бастығының міндетін атқарушы Сұлтан Арифжановтан төмендегідей мәліметтерді алдық: «Жұмыс кестесі бойынша біз 2 сәуірден бастап бес күн қатарынан «Орталық», «Алтын Плаза», «Жібек жолы» базарларында, Н.Назарбаев, Абылай хан, Ақан сері, Әуелбеков көшелерінің бойындағы нысандарда, Науан Хазірет атындағы орталық мешіт, сауда орталықтарында, азық-түлік қоймаларында, спорттық нысандарда, мектептер аумағында «Диахлор қоспасы» сұйығымен өңдеумен айналыстық. Осы есепті мерзімде 35 тоннадан астам дәрі жұмсалып, 671 мың шаршы метр алаң талапқа сай өңделді».
Институт еріктілері бұл жұмыс жалғаса беретінін және кез-келген уақытта алғы шептен көрінуге дайын екендіктерін білдірді.
Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.