Ерлік – ұрпаққа мұра

Ата жолын жалғастырамын!

Бұғанасы бекімей-ақ, ата-анасына қолқабыс етіп, еңбекке ерте араласқан ұлы атам Зейніш Шөкенов 26 жасында Отан қорғауға аттанған.

Партия, кеңес, комсомол және баспасөз саласында адал қызмет атқарып, жерлестерінің алғысына бөленген ол 1915 жылдың 18 қаңтарында бұрынғы Көкшетау облысы Қызылту ауданында дүниеге келген. Мектепте үздік оқып, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрген жалынды жас өзінің белесенділігімен дараланып көзге түседі.
1932 жылдың мамыр айында Қызылту аудандық комсомол комитетінің пионерлер бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалады. Білімділігі мен қызметіне деген адалдығы оны биіктерге жетелейді. Сөйтіп, 1937 жылдан бастап Қызылту аудандық еңбекшілер депутаттары кеңесінің жалпы бөлімін басқарады. Одан әрі соғыс басталып, 1941 жылдың желтоқсанынан 1942 жылдың маусымына дейін саяси жетекшілер курсынан өтіп, соғыс тактикасын меңгереді.
Қан майданға 202 қосалқы атқыштар полкінің құрамында болады. Сан мәрте қиян-кескі ұрыстарға қатысып, ерлік көрсеткен ол кезекті бір шабуыл кезінде қатты жараланып, госпитальға түседі. Әскери дәрігерлер атамды 1943 жылдың маусымында қатарға қосқан. Қаруды қолына қайтадан алған Қызылтудың қыраны Зейніш Шөкенов 16-армияның 97-атқыштар дивизиясы 233-атқыштар полкі 9-атқыштар ротасы командирінің саяси бөлім жөніндегі орынбасары міндетін атқарады.
1943 жылдың 24 ақпанында Смоленск облысы Думинич ауданының маңындағы 226,6 биіктікте ол екінші рет жараланады. 1943 жылдың наурыз айындағы айқаста офицер Зейніш Шөкенов қарамағындағы жауынгерлермен бірге, неміс фашистерінің бірнеше техникасын күлталқан етіп, жиырмадан астам жауды жер жастандырды. Осы шайқаста ол үшінші рет жараланған. Бірнеше ай далалық госпитальда емделіп, 1943 жылдың мамыр-шілде айлары аралығында рота командирінің саяси бөлім жөніндегі орынбасары қызметін қайта жалғастырады.
Сол 1943 жылдың қыркүйек айында Жоғарғы әскери басшылықтың бұйырығымен атам Зейніш Шөкеновке гвардия аға лейтенанты шені табыс етіледі. Оқ пен оттың ортасында қас жауына қасқая қарсы тұра білген ол 1944 жылдың 5 мамырында КСРО Жоғарғы Кеңесі президиумының Жарлығымен «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады. Майдангер атамның жанқиярлық ерлігіне оның кеудесінде жарқыраған бірнеше орден мен медальдары куә. Соның бірі 1944 жылдың тамыз айында Чита қаласындағы госпитальда табыс етілген бірінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені еді.
Гвардия капитаны, саяси жетекші болған ұлы атам Жеңіс күнін Забайкальеде қарсы алады. Сөйтіп, 1946 жылы туған жері Қызылтуға оралған атам аудандық партия комитетіне қызметке орналасады. Соғыстан кейінгі қиын кезеңде өңір тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға атсалысқан. Қан майданда саяси жетекші болған запастағы капитан Зейніш Шөкенов қаруын қаламға да алмастырды. Осылайша ұзақ жылдар бойы «Қызылту» және «Красное знамя» аудандық газетінің редакторы болған. Атамыздың баспасөз саласындағы жемісті еңбегі де жерлестерінің есінде. Бұл тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңімен тұспа-тұс келді.
Мен атамның соғыстағы ерліктерін газет беттерінен оқып, оның көзін көрген адамдардан естіген сайын мақтаныш сезімге бөленетінмін. Арманым ел қорғаны, әскери адам болу еді. Мақсатыма жету үшін мектепте жақсы оқып, бокспен айналысып, бірнеше мәрте Ақмола облысының чемпионы атандым. Бүгіндері Алматы қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы әскери мектепте оқып жатырмын. Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында болашақ Отан қорғаушылар, майдангер бабаларымыз жайлы кітаптар оқып, арамызда аз қалған соғыс ардагерлерімен кездесіп, патриоттық рухта тәрбие алудамыз. Жеңісті жақындатуға өз үлесін қосқан ұлы атам Зейніш Шөкеновтің ерлігі Тәуелсіз елдің жастарына үлгі-өнеге, ұрпағы үшін мақтаныш. Мен үшін Ұлы атам қашанда қиялымда Қызылтудың қыранындай биіктерге самғай береді.
Мәсімхан Абай,
Б.Момышұлы атындағы Алматы республикалық «Жас ұлан» әскери мектебінің тәрбиеленушісі, бөлімше командирі, майдангердің шөбересі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар