Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы комиссия отырысында коронавирус пандемиясы бойынша елімізде жарияланған төтенше жағдай тоқтатылып, карантин режимінің әрі қарай сақталатындығын мәлімдеді. Осыдан кейін біздің облысымыздың аумағында біраз нысандар қайта жұмысын бастады. Дегенмен, қарапайым халық төтенше жағдай тоқтағанымен, карантин режимі сақталатындығын дұрыс түсінбеген тәрізді. Осы орайда, аймақтың бас санитарлық дәрігері, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Советқызы Мусинамен сұхбаттасып, мән-жайды анықтаған едік.
–Айнагүл Советқызы, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жарияланған төтенше жағдайдың алынғандығы және карантин режимі сақталып, кезең-кезеңмен жеңілдетілетіндігі жөнінде айтты. Біздің облыстағы карантин режимінің жеңілдетілуіне нақты тоқталып өтсеңіз.
– Ақмола облысы елімізде індеттің таралу аймағы бойынша жағдайы тұрақталған өңірлер санатына жатады. Қазіргі уақытта күнделікті анықталу оқиғасы 7 пайызды құрап отыр. Біздің облыста Целиноград ауданы вирустың негізгі ошағына айналды. Әлі күнге дейін онда біздің мамандар індет Нұр-Сұлтан қаласынан анықталып, отбасы немесе жақындары Қосшы ауылында тұратын отбасыларын тексеріп, тиісті шараларды жүргізуде. Төтенше жағдай алынғанымен, өңірде карантин режимі сақталады. Карантин ұзарып жатса да, біз оны жеңілдетудің үшінші кезеңін енгізудеміз. Сәуір айының соңы мен мамыр айындағы жағдай тұрақты. Осы үшінші кезеңде біз шаштараздар мен сән салондарын аштық. Онда келушілерді алдын ала жазылу негізінде қабылдайды. Бұл жерде келушілер мен шеберлер бетперде киіп, мамандар қолғаппен жұмыс істеуі керек. Нысандарда міндетті түрде антисептик құралдары болып, зарарсыздандыру мен желдету режимі сақталуы тиіс. Егер келушілер немесе шеберлер қатарында суық тию белгілері анықталып жатса, нақты айтқанда жөтелу, ыстығы көтерілу, демала алмау секілді белгілер болса, жедел жәрдем шақыру қажет. Балабақшаларда кезекшілік топтары ашылуда, онда да санитарлық талаптар сақталып, топта 15 адамнан артық болмауы тиіс. Бұл кезекші топтарға індетпен күрес жұмыстарына тартылған, полиция, төтенше жағдай, медицина саласының қызметкерлерінің балалары мен ата-анасының екеуі де жұмыста жүрген бүлдіршіндер бара алады. Сауда-саттық базарлары мен дүкендер ашылды. Олар таңертеңгі 10.00-ден кешкі 19.00-ге дейін жұмыс істейді. Оларда да санитарлық талаптар қатаң сақталуы тиіс. Жеке тұрған аумағы 2 мың шаршы метрден аспайтын сауда орталықтары да іске қосылды. Мәдениет, туризм, спорт нысандары жандана бастады. Олардың әрқайсына қойылып отырған шектеу талаптары бар. Спорт нысандары дегенде бассейн, тренажер залдары, фитнес клубтары ашылмайды. Спорт нысандары тек спортшылар үшін ғана жұмыс істейді. Қоғамдық көліктер де кезең-кезеңмен жұмысына кірісіп жатыр. Автобус жүргізушілері ПЦР тестерден өтіп қана жұмысқа жіберіледі.
– Осы орайда, облыс бойынша қанша адам ПЦР тест тапсырды? Қарапайым халық оны қалай тапсыра алады? Олар тестілерден тегін өте ала ма?
– Облыста 20 мыңнан астам адам ПЦР тесті тапсырды. Скрининг кезінде 5 адамнан оң нәтиже анықталып, емдеуге жатқызылады. ПЦР тестінен ең алдымен жұқпамен күрес барысында алғы шепте жүрген сала мамандары өтеді. Мамыр айына жоспарланған 16 мың адамның жартысынан көбі тексерілді, сонымен бірге, №36 қаулыға өзгерістер енгізілгеннен кейін тесті өтуі тиіс контингент қысқарды. Қазір жаңа санаттар бойынша тест жүргізу жоспарлары әзірленіп жатыр. Қарапайым халық экспресс тестілерден өте алады. «Олимп» клиникалық-диагностикалық орталығының сайтында сауалнама толтырып, кейін орталықтың шақыруы негізінде тегін тапсыра алады. Кез-келген адам экспресс тестіні тегін өте алады, тек ПЦР тест ақылы түрде жүргізіледі. ПЦР тестіні «Олимп» орталығында және Ұлттық сараптама орталығында ақылы түрде өтінім беру арқылы өтуге мүмкіндік бар. Егер де адамдар скринингтен өту санаттағыларының қатарына іліксе, онда тегін өтеді.
– Жоғарыда сіз сауда орталықтарының, кәсіпорындардың жұмысқа қосылатындығы жөнінде айттыңыз. Олардағы санитарлық талаптардың сақталуын кім тексереді?
– Кез-келген жұмыс орнында 2 метр әлеуметтік арақашықтық сақталу керек. Бұл тек сауда орындарында ғана емес, сонымен бірге, далада жүрсе де, саябаққа шықса да, мекемеде отырса да, дүкенде кезекте тұрса да сақталғаны дұрыс. Егер ондай қашықтықты сақтай алмайтын болса, бетперде кию керек. Мәселен, бір кабинетте жұмыс істейтін екі-үш адам болса, олар міндетті түрде бетпердемен отырып, бөлмені жиі зарарсыздандырып, желдетулері тиіс. Егер көшеде 2-3 адам болып, топпен жүрсеңіз де әлеуметтік арақашықтық сақталып, бетперде қолдану қажет, жалғыз жүрсеңіз бетперде тағу маңызды емес. Топпен жүру үш адамға дейін ғана рұқсат етіледі. Дүкендерге де арақашықтықты сақтап, кезек бойынша 5 адамнан көп кірмеуі тиіс. Енді, кім тексереді деген сауалыңызға жауап берейін. Бізде мобильді топтар құрылды. Жүйелі түрде аудандық, қалалық әкімдіктермен бірлесіп, рейдтер ұйымдастырамыз. Осы жерде айта кететін бір жайт бар, әрине, ол мақтанатын жағдай емес, десе де республика бойынша осындай төтенше жағдай, карантин режимінің сақталуын қадағалау кезінде жүргізілген рейдтер нәтижесінде Ақмола облысы ең көн әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтап, жауапкершілік шараларын қолданды. 90-нан астам әкімшілік тыйым салынды. Қазір біз тиісті органдармен бірлесіп, рейдтер ұйымдастырып, түсіндірмелік жұмыстарды жандандырып жатырмыз. Арнайы жадынамалар шығарып, халыққа таратамыз. Сауда орындарында мұндай түсіндірмелік жұмыстар басталып кетті, қазір санитарлық талаптарды сақтау бойынша жүргізудеміз. Қазір байқасаңыз, карантин жеңілдетілді деп, адамдардың көбі бетпердесіз жүр. Бұл әрине дұрыс емес. Тіпті, бас кезінде қолдарын қайта-қайта сабынмен жуып, антисептикпен зарарсыздандырып отырса, қазір оны ешкім жасамайды. Мұндай босаңсулар індетке алып келуі мүмкін. Облыста 19 мобильдік топ жұмыс істеп, осындай жағдайларды қадағалап, түсіндіру шараларын жүргізеді.
Біздің облыста анықталған жағдайлардың барлығы астанамен байланысты. Жалпы, облыс орталығында 4 адам анықталды, олардың барлығы емделіп шықты. Олардың үй карантині де аяқталды. Шортандыда 2 адам, біреуі әлі бақылауда, Аршалыда 4, Егіндікөлде 1 адам, оның өзі блок бекетте жұмыс істеп, жұқтырған. Бүгінгі облыста анықталған 110 адамның 90-ы толық емделіп шықты. Қалғандары инфекциялық стационарда ем қабылдауда.
– Төтенше жағдай алынды, карантин жеңілдетілді дегеннен кейін халықтың көбі блок бекеттерден өтпекші болды. Әрине, оларды да түсінуге болады. Дегенмен, блок бекеттердің жұмысы қалай болады?
– Біздің облыста карантин режимі енгізілгенде 100 шақты блок бекет орнатылды. 27 сәуірде карантин алғаш жеңілдетілгенде отызға жуығы қысқарды. Бекеттер 25 мамырға дейін жұмыс істейді. Әрі қарай өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты болады. Егер қазіргі карантинді жеңілдету шаралары індеттің өршуіне алып келмесе, блок бекеттер азаяды. Қазір осы блок бекеттерді облыстың периметрі бойынша қалдыру жөнінде жұмыстар жүргізіліп, қаулы дайындап жатырмыз. Онда кімге өтуге болады, кім қалай өтеді, қандай құжаттар керек болады деген сауалдарға жауаптар болады. Облыс периметрі бойынша 8 блок бекет және облыс ішінде қалатындарын қосқанда 15 шақты қалуы ықтимал.
– Күз мезгілінде, яғни, қазан-қараша айларында індеттің екінші толқыны болуы мүмкін деп жатыр…
– Коронавирус індеті – вирустық инфекция. Ал, вирустық инфекциялар үшін қайталаушылық сипат басым. Тұмау, ЖРВИ, басқа да инфекциялық аурулар секілді маусым сайын қайталанады. Бізде, әсіресе, ақпан-наурыз айларынан бастап, мамырға дейін вирустық инфекциялар жүреді. Олай болса, алдағы уақытта біз жұқпамен ЖРВИ, тұмау аурулары секілді әрі қарай өмір сүре береміз. Десе де, сақтану керек. COVID-19 вирустың жаңа түрі болғандықтан, әлі де нақты емдеу жолдары қарастырылып жатыр. Қазір әлем бойынша індетке талдаулар жасалып, сараптамалар жүргізілуде. Инкубациялық кезең, яғни, 14 күндік емдеу жүргізудің өзі мәліметтердің орташа есебімен, шартты түрде алынып отыр. Вакцина шығару үшін әлем елдері жұмыла жұмыс жасауда. Тіпті, емдеу хаттамасының өзі жеті рет өзгертіліп, түзетілді. Біздің елде де Нұр-Сұлтан қаласында ғылыми орталық ашылып, жұмыс істеп жатыр. Жалпы, вакцина ойлап табылса да, оны зерттеп, тексеру үшін де бір жылдай уақыт керек. Әуелі жануарларға зерттеледі, кейін клиникалық тексеріледі.
– Бұл қауіпті індет елімізде эпидемиолог мамандардың тапшылығын анықтап берді. Оларға осы кезеңдегі жұмысына үстеме ақы төленді ме?
– Біздің облыс елордамен шектес болғандықтан, кадрлардың келіп-кетуі көп. Жастар бір-екі жыл жұмыс істеп, тәжірибе жинап алады да, елордаға кетеді. Неге? Себебі, онда еңбекақы жоғары. Бізде эпидемиологтарға медицина қызметкерлері секілді арнайы бағдарламамен үй берілмейді, біз үйді мемлекеттік қызметшілер мен қарапайым халық тәрізді «7-20-25» бағдарламасына қатысу арқылы аламыз. Эпидемиологтар облыс орталығында 80 мың теңге, ал, аудандарда 70 мың теңге шамасында ғана өте төмен еңбекақы алады. Департамент қарамағында 219 эпидемиолог маман болуы тиіс. Қазір 52 орын бос. Осындай кадр тапшылығы бола тұра, біз індетпен күресіп, жағдайды тұрақты ұстап қалдық. Жақсы, Шортанды аудандарында 2 маманнан ғана бар. Целиноград ауданында індет ошақтары көп болғандықтан, жақын аудандар мен облыс орталығынан көмекке мамандар жіберілді. Оның үстіне автопаркіміздегі көлік құралдары ескірген. Биыл қауіпсіздік кеңесінің қорынан қаржы бөлініп, республика бойынша санитарларлық-эпидемиологиялық қызметке көліктер сатып алынып, облыстарға үлестірілуі тиіс. Осындай қиын кезеңде көлікпен қамтамасыз етіп, мамандардың тиісті індет ошақтарын тексеруге баруына жағдай жасап отырған облыстық әкімдікке, аудандар мен қалалардың әкімдіктеріне алғыс білдіргім келеді. Жалпы жергілікті атқарушы органдар тарапынан көп қолдау болды. Соңғы бес жыл ішінде біздің департамент бірнеше қайта құруларға ұшырады. Үш департаментті біріктіріп тастады. Тауарлардың сапасын бақылау, фармация, санэпидемқызмет, барлығымыз бір департаментке біріктірілдік. Біздің міндеттеріміз онымен азайған жоқ, керісінше көбейе түсті. Қазір бас санитарлық дәрігердің мәртебесін көтеру бойынша Кодекске өзгертулер енгізіліп, бөлек қызмет болып құрылады деп жатыр. Осы жаңалыққа үміттеніп отырмыз. Мен бұрын жұмыс істеген Көкшетау қалалық санэпид бақылау бөлімінде 50-ден астам адам болатынбыз. Онда мамандар арнайы талдаулар мен зерттеулер жүргізетін. Қазір онда 22 адам ғана қалды.
Медицина қызметкерлеріне тағайындалатын үстеме ақы беру тізімінде санитарлық дәрігерлер де бар, бірақ аз. 212 мың теңге алады деп айтылғанымен, одан салық секілді төлемдерді ұстай келе, 175 мың теңге ғана қалды. Олар да алғы шепте жүр ғой. Ауру анықталғанда алғашқы екі сағат бойы науқастың ортасын тексеріп, зерттеу жүргізетін осы мамандар. Кейде науқастар госпитализацияға жатуға қарсылық танытып жатады, осы кезде де эпидемиологтар емдеуші дәрігерлермен бірге барып, науқаспен жұмыс істейді. Індеттің анықталу оқиғасы түнде белгілі болса, сол түн ортасына дейін жүргізіп, зерттеп, оқиғаның картинасын толық анықтап береді. Мысалы, өткенде түнде сағат 23.00-де бір жағдай тіркелді, оны түнгі үшке дейін талдап, зерттеп, ақпарат жинадық.
– Айнагүл Советқызы, оқырмандарға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?
– Облыс тұрғындарына айтарым, карантин режимі алынатын болса да, гигиеналық талаптарды сақтап, өздеріңізді күтіңіздер. Қолдарыңызды сабынмен жуып, антисептиктер қолдануды, бетперде киюді ұмытпаңыздар. Әлі карантин толығымен алынған жоқ. Сақтықта қорлық жоқ. Сақтаныңыздар!
Алдағы уақытта карантин алынса да, отбасылық мерекелерді кейінге қалдырыңыздар. Ертең мейрамханалар ашылса, бірден той тойлап кетпеңіздер. Егер сақтық шаралары дұрыс сақталып, адамдар көп жиналатын жерлерге бармасаңыздар, күзде індет өршімейді. Сондықтан, әркім өзін және өзінің жақындарын ойлауы тиіс.
Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатты жүргізген Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.