Биыл Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты дүниетанымдық-идеологиялық сипаттағы мақаласының жарыққа шыққанына үш жыл толып отыр. Өткен үш жыл ішінде осы бағдарламаның институционалдық қоры құрылып, бүгінгі таңда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы халықтың өткені мен бүгінін және болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын идеялық платформаға айналды.
Еліміздің өзге өңірлеріндегідей біздің облыста да осы жылдар ішінде біршама келелі істер атқарылып, жаңа бастамаларға жол ашылды. Нақты айтқанда, екі миллиондай адамды қамтыған 7 мыңнан астам іс-шара өткізілді.
Мысалға, «Туған жер» арнайы жобасы аясында облыста үш жыл ішінде 15,3 миллиард теңгеге 600-ге жуық әлеуметтік бастама жүзеге асырылды. Негізінен әлеуметтік маңызы бар нысандар салынды және қайта қалпына келтірілді: мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер, мәдениет нысандары, спорт алаңдары, жас мамандарға салынған үйлер және тағы басқалары. Бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жолында қайырымдылық ісімен айналысып, өз үлестерін қосып жүрген жерлестеріміздің патриоттық рухы жоғары екендігінің айқын дәлелі. Олар елдің ең бай бизнесмендері емес, туған жеріне жаны ашитын кәсіпкерлер, фермерлер, ауыл шаруашылығы қызметкерлері.
Аталмыш мақалада біздің қоғамға заманауи және болашақты жақсы түсінетін гуманитарлық білікті адамдар қажет екені атап көрсетілген. Осы орайда, 2018-2019 оқу жылында облыстың барлық 560 мектебінде 1200-ге жуық «Тегін IT-сыныптар» ашылып, биыл облыс орталығында мектеп жасына дейінгі балалардан бастап студент жастарға дейін ғылымға бет бұруға мүмкіндік беретін ІТ-технологиялар мен инновациялық әдістемелерді үйлестіретін бірегей алаң – «Болашақ сарайының» құрылысы басталды.
Ақмола облысының 11 киелі нысаны ұлттық тізілімге, 35-і өңірлік тізілімге енді. Халықты киелі нысандармен жақын таныстыру мақсатында 8 туристік маршруттар картасы әзірленді. Облыстың барлық киелі нысандарында QR-кодтар, ақпараттық қалқандар, билбордтар мен көрсеткіштер орнатылып, жолдар салынды. 2018 жылдан бері ашық аспан астындағы музей – «Ботай» Визит орталығы» археологиялық-этнографиялық кешені жұмыс істейді. Былтыр музейге 5 мыңнан астам турист келді.
Бурабай ауданының «Зведный» балаларды сауықтыру орталығы базасында «Менің Отаным – Қазақстан» туристік-өлкетану экспедициялық отрядтарының облыстық слеті жыл сайын өтеді. Көп күндік жаяу жорықтар, тәжірибе алмасу, слеттің шатырлы және скауттық лагерьлері жыл сайын 1,5 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдерді қамтиды. Аудан оқушыларының ғылыми жұмыстары негізінде 2019 жылы «Менің кіші Отаным» хрестоматиясы (620 бет) шығарылып, Қазақстан Республикасы ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты тарапынан жоғары бағаға ие болды.
2018-2019 жылдары «Тарихи-әдеби өлкетану» жобасын жүзеге асыру аясында 6 шығарма жарық көрді. Олар: Нұрдәулет Ақыштың «Афанасий Латута» тарихи романы, Жұмаш Кенебайдың «Ғашық жүрек» поэмасы, Айгүл Кемелбаеваның «Арқаның алтын белдеуі» ғылыми очеркі, Әбілқайыр Қанағаттың «Атажұртым – Көкшетау» романы, Ермахан Шайхыұлының «Арқаның ақтаңгерлері» повесі, Ерболат Баятұлының «Тұлпар тұяғының ізімен» эссесі.
Ақмола облысының ақындары мен жазушыларының аудио кітаптары шығарылды. Соның ішінде Сәкен Жүнісовтің «Ақан сері», Ілияс Есенберлиннің «Қаһар», Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ», Естай Мырзахметовтың «Медет», Кәкімбек Салықовтың «Үкілі Ыбырай», Мәлік Ғабдуллиннің «Эпистолярный мир», Төлеген Қажыбаевтың «Айбозым», Ерік Асқаровтың «Ата қаз», Жабал Ерғалиевтің «Ескі арба» шығармалары бар.
Заманауи ақпараттық-коммуникация жағдайында және жаһандану үрдісінде мәдени құндылықтарды экспорттау, оларды сақтау мен дамытудың неғұрлым тиімді жолы болып табылады. «Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақстандық мәдениет» арнайы жобасы аясында облыстың шығармашылық ұжымдары жыл сайын Австрия, Италия, Польша, Ресей, Түркия, Біріккен Араб Эмираттары және басқа да көптеген елдерде халықаралық байқауларға қатысып жүр. Біздің шығармашылық ұжымдар шетелдік серіктестермен берік мәдени байланыс орнатты, бұл олардың шығармашылықтарын ұштап, бәсекеге қабілеттілік деңгейін айтарлықтай арттырды.
2019 жылы «Ұлы есімдер – Ұлы дала» арнайы жобасы аясында «Көкшетау-Нұр-Сұлтан» тас жолының бойында Үкілі Ыбырай, Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақ және Кенесары хан сынды тарихи тұлғалардың және Степногорск қаласында Қажымұқан Мұңайтпасұлының ескерткіші орнатылды. «100 жаңа есім» жобасына үш жыл ішінде 294 ақмолалық қатысып, оның 9-ы жобаның жеңімпазы атанды. Былтыр БАҚ-та бағдарламаға қатысты 16 мыңнан астам материал жарияланды.
2019 жылдың 1 желтоқсанынан облыстық «Рухани жаңғыру» аймақтық жобалау кеңсесі жұмыс істейді. Біз ағымдағы және алдағы жылдарға көптеген міндеттер мен идеяларды алға қойдық. Соның ішінде арнайы жобалардың мақсаты мен міндетіне тұрғындардың назарын аударып, азаматтық белсенділіктің өсуіне ықпал етуге, өзекті мәселелерді шешуге қабілетті өзара толықтырушы іс-шаралардан тұратын кешенді бағытталған нақты жобалар жоспарладық.
«Ауыл – ел бесігі» жобасының тиімділігі, «сакралды орындардың» насихатталуы, «Ұлы даланың ұлы есімдерінің» ұлықталуы, білім, мәдениет, туризм саласында атқарылып жатқан жұмыстар, тың жобалар, халықаралық ғылыми конференциялар, республикалық ақындар мүшәйрасы, айтыстар, дәстүрлі әншілердің, театрлардың фестивалі, кітаптардың жарыққа шығуы, ескі тарихи жәдігерлердің табылуы – бұнын барлығы қоғамдық сананың жаңғыруы.
Ұлттық құндылықтың темірқазығы – руханият екені белгілі. Ал руханият – тарихпен, мәдениетпен, салт-дәстүрмен, әдебиетпен, әдеп-ғұрыппен, тәрбиемен өлшенеді. Биыл жыл басынан бері біз «Замандас» жобасы аясында ұлттық қол-өнер шебері, зергер Рүстем Шәріпов, ұмыт болған ұлттық тағамдар даярлаудың шебері Үкіжан Қалиақпарқызы, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Назгүл Жакенова, мүмкіндігі шектеулі қайсар қыз Самал Амрина, волонтёр Амантай Ербол туралы және Мәлік Ғабдуллин мұражайы мен Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайының, Көкшетау қалалық электронды кітапханасының, ұлттық киімдер тігетін «Ақай» сән салонының, Ақкөл балалар үйінің қызметі мен тыныс-тіршілігін көрсететін ақпараттық бейнероликтер даярлап әлеуметтік желі арқылы көпшілік назарына ұсындық. Келесі кезекте «Жеті ата», «Қара шаңырақ», «Алтын жүрек» тақырыптарындағы бейнебаяндар болмақ.
Кез-келген қарқынды даму үстіндегі мемлекеттің тамыры һәм діңгегі болу шарт. Яғни, тамыры дегеніміз ұлттық құндылық болса, діңгегі, өзегі – ұлттық рух. Биыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романын жастардың жаппай оқуына ықпал етіп, ұлы Абай арқылы олардың ұлттық құндылықтарға деген оң көзқарастарын қалыптастырып, шығарманы терең түсініп, өз ойларын қағаз бетіне еркін түсіруіне мүмкіндік беру мақсатында «Біз – Абай жолындамыз» конкурсы жарияланып, бүгінде елуге тарта жас шығарманы оқып шығып, өз пайымдарын таразыға салмақ. Сонымен қатар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басшылыққа алып құрылған «Eljastar» эксперименталды-лабораториялық жастар театры ақпан айында «Жастықтың оты қайдасың?!» атты қойылымның премьерасымен қуантты. Ал, Абайдың қара сөздерін күн сайын әлеуметтік желіде жариялау жақсы дәстүрге айналды.
Ұлт үшін қызмет еткен ұлы тұлғалар туралы қысқа да нұсқа «10 дерек» жобасы сәуір айынан бері әлеуметтік желіде тұрақты түрде жарияланып келеді. Бүгінде көпшілікке Шоқан Уәлиханов, Науан Хазірет, Иманжүсіп Құтпанұлы, Смағұл Сәдуақасов, Біләл Молдыбаев, Қошке Кемеңгерұлы, Барлыбек Сырттанұлы, Міржақып Дулатов, Бақтыгерей Құлманұлы, Айтмағанбет Бектеміров, Мұхамедсәлім Кәшімов, Рақымжан Қошқарбаев, Талғат Бигелдинов, Мәлік Ғабдуллин, Рамазан Елебаев, Сағадат Нұрмағамбетов, Жұмабек Тәшенев, Еркін Әуелбеков туралы танымдық тұрғыдағы құнды деректер көпшілікке жеткізілді. Жоба тек Ақмола жерінің тумаларымен ғана шектелмей, ұлт мақтанышына айналуы тиіс тарихи тұлғаларды түгел қамтымақ.
Заман талабы жаңарып жатқандықтан, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жыл өткен сайын құрылымы өзгеріп, оны жүзеге асыру үшін жаңа талаптардың пайда болуы заңдылық. Жастардың, өскелең ұрпақтың жаңашылдыққа құмар екені белгілі. Биыл техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде оқып жатқан жастарды «Рухани жаңғыру» бағдарламасына белсенді кіріктіру мақсатында сайыстар ұйымдастырылып, Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің, Шоқан Уәлиханов атындағы көпсалалы колледжінің, Арна колледжінің, жоғары медициналық колледжінің, қазақ гуманитарлық техникалық колледжінің, азаматтық қорғаныс колледжінің оқушылары білімдерін ортаға салып, өз пікірлерін қызу қорғап, ұстанымдарын ұштады.
«Рухани жаңғыру» – қоғамдық сананы жаңғырту бойынша жүргізілетін жүйелі жұмыс. Бұл жұмыстың нәтижесі – білімді, бәсекеге қабілетті, елжанды, ұлтжанды, ана тілін ардақтайтын, әдебиеті мен мәдениетін құрмет тұтатын, тарихын тани білетін саналы азамат болмақ. Бұл кешенді тәсіл барлық мемлекеттік және қоғамдық өзгерістердің трендіне, әрбір қазақстандықтың өмірлік мақсатына айналуы тиіс.
Марал ЖАҚЫПОВА,
Ақмола облыстық «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалау кеңсесінің басшысы.