Көкейкесті

Ауыз су сапасы алаңдатады

Облыс орталығының іргесіндегі әуел баста тәулігіне 21 мың текше метр суды тазалауға қуаты жетеді деп есептелінген жалғыз станция сонау 1970 жылы пайдалануға берілген. 1986 жылы арнайы комиссия станциядағы жабдықтардың ескіруіне байланысты пайдалануға жарамсыз деген қорытынды шығарған. Жалпы көлемі 343,93 шақырымды құрайтын су құбырларының 40,9 проценті ескірген. Осы себепті, Көкшетау қаласының тұрғындары ұзақ жылдардан бері сапасы күмәнді су ішуге мәжбүр.

Негізінде облыс орталығы Шағалалы және Сергеев су қоймалары арқылы сумен қамтылады. Сондай-ақ, Шағалалы жерасты су көздері арқылы 5,5 мың текше метр су келіп тұрған. Қазір қажетті судың біраз мөлшері Шағалалы өзенінің бойындағы су тоспасы арқылы келеді. Оның тәуліктік қуаты 24 мың текше метр. Яғни, секундына 280 литр су қотарылады деген сөз.
–Шағалалы су қоймасының суын көктемде қызыл су жүрген кезде пайдалана алмаймыз,–дейді «Көкшетау су арнасы» кәсіпорнының директоры Ермек Өмірғалиев,–су мүлде лайланып кетеді.
Лайланып кететін себебі де бар. Зеренді ауданының аумағын басып өтетін Шағалалы өзенінің жиегіне әлденеше мал қоралары салынған. Көктемде қар суы еріген сәтте қарғын су жар жиегіндегі бар қоқысты жылғалармен сырғытып Шағалалы өзеніне құяды. Бар қоқыс өзен арқылы су қоймасына ақтарылады. Осы қоймадан Көкшетау қаласына қажетті ауыз су алынады. Жазда да судың тазалығы күмәнді. Қала халқы жаз айларында Шағалалы өзенінің бойында суға түсіп, дем алады. Тіпті, көліктерін жуып, иттерін шомылдырады. Су қоймасына қажетті көлем осы Шағалалы өзенінен жиналады. Енді тазалық туралы тіс жарып бірдеңе айта аласыз ба?
Су қоймасындағы суды тазалайтын станцияның жағдайын жоғарыда айттық. Енді су құрамын станция толық тазарта алмағаннан кейін қосылатын хлор мөлшері көбейтіледі. Ал, хлор адам ағзасына қаншалықты қауіпті екендігі айтпаса да түсінікті. Бәлкім, қала тұрғындарының әртүрлі ауруларға көп шалдығу себебі де осында жатқан жоқ па екен. «Ауру астан» деген сөзді халық тегін айтпаған шығар.
Екінші су көзі Есіл өзенінің Сергеев тоспа су қоймасы арқылы келеді. Ол суды да жаңағы әбден ескірген станция тазалайды. 2011 жылы «Су желілерін, тазарту құрылғыларын жаңғыртып, кеңейту арқылы тәулігіне 60 мың текше метр су өткізуге жеткізу» жобасы бойынша жаңа су тазалау қондырғысының құрылысы басталды. Тапсырыс беруші Көкшетау қалалық әкімдігінің құрылыс бөлімі. Жұмысты қолға алған «AEGISinc» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Мемлекеттік сатып алу келісім шарты бойынша 1,623 миллиард теңгенің келісім шарты жасалды. Әйтсе де, 2011 жылы 538,1 миллион теңге ғана игерілді. Мердігер ұйым құрылыс жұмысын бастап, цехтың, зертхананың бірлі-жарым ғимараттарын жарым-жартылай ғана көтерді. Бірақ, жұмыс алға баспады. 2012 жылы қалалық сот аталмыш конкурс жүзеге асырылмады деген шешім шығарды. 2012-2013 жылдары қайтадан өткізілген конкурс нәтижесінде «АП Импекс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз болып танылды. Бұл серіктестік 2013 жылы 181,24 миллион теңгені игерді. Осы арада құрылыс жұмыстарының және құрылғыға қажетті техникалық жабдықтардың құны өсіп кетті де, жаңа станция салу жұмысы тоқтап қалды. Бастапқы қаржының 719,390 мың теңгесі ғана игерілді. 2014 жылы «Көкшетау қаласындағы су желілері тазарту құрылғысын тәулігіне 30 мың текше метр қуатқа жететіндей етіп жаңғырту және кеңейту» жобасына сәйкес мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынды. Жобаның құны 2014 жылғы бағамен 2 397,7 миллион теңге болып белгіленді. Бірақ, бұл жобадан да нәтиже шықпады.
Қазіргі күні облыс орталығындағы 343,90 шақырымды құрайтын су желілерінің 40,9 пайызы әбден ескірген. Су құбырлары жиі жарылады. Үстіміздегі жылдың ақпан айының 5-і күні үлкен апат болып, қаланың біраз бөлігі бір тәулік бойы сусыз қалды. Жалпы көлемі 270 метрді құрайтын су құбыры істен шықты. Себебі, 1961 жылы пайдалануға берілгендіктен, тозығы жеткен 19 көп қабатты тұрғын үй мен «Таңдау» мектеп-гимназия-сы сусыз қалды. Мұндай апаттар ауық-ауық орын алып тұрады.
–Біз қазір тұрғындарға су сатудан түскен қаржының есебінен ғана жұмыс істеудеміз,–дейді кәсіпорын директоры Ермек Өмірғалиев,–алдымыздағы бес жылдың ішінде өз қаржымыздың есебінен 9,790 шақырым құбырды жөндеу межеленіп отыр. Бұл участке су желілері әбден тозып біткендіктен жиі апат алатын жерлер. Түгел жаңғырта алмағанымызбен, ішінара жөндеудің өзіне 192 240 430 теңге қажет.
Ақмола облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау жөніндегі департаментіне құбыр арқылы келетін ауыз су ішуге жарамды ма, жоқ па деген сауал жолдадық. Департаменттің бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс жөніндегі қызметкері Марат Шоқаев сырғытпа жауап жолдады. Онда құбыр арқылы келетін судың тәулігіне неше рет тексерілетінінен басқа еш мәлімет жоқ. Су сапасына күмәнді қала халқы болса нешеме жылдан бері ауыз суды дүкеннен сатып алып ішіп отыр. Әйтеуір, орталықтандырылған су жүйесіне күдік көп. Көкшетаудың қолы жеткен көп кісісі ауыз суды тасымалдап ішеді. Қала ішіндегі 2-3 скважинадан, қала сыртындағы қосалқы шаруашылық деп аталатын елді мекеннің іргесіндегі бұлақтан.
Айтпақшы, Көкшетауда көпшілікке тегін су тарататын отбасы бар. Үй иесі Лилияның айтуына қарағанда, қайын атасы Хамберд ақсақал өмірден өтерде аманат етсе керек. Аталары 1944 жылдың дәл 23 ақпан күні ата мекендерінен Көкшетауға күштеп көшірілген. Лилия мен Руслан Тунгоевтар 1995 жылы Қанай би көшесіндегі осы үйді неміс отбасынан сатып алған. Жөндеген, сырлап-сылаған. Скважина қаздырған. Сәтін салғанда 40 метрден астам тереңдіктен шыққан су тап-таза. Сараптамадан өткізген. Содан соң әкенің аманатына орай үй орамынан құбыр арқылы шығарып, келген жұрт алатындай етіп орнатып тастаған. Маңайы көлденең жатқан бір тал бұрау жоқ, айнадай тап-таза. Әуелі иен тегін суды көрші-қолаң алған. Кейін одан қала жұртшылығы түгелге жуық құлақтанған. Ауыз судың азабын тартып отырған жұрт дүмеп келе бастаған. Жай адамдар да, әртүрлі мекемелерден де.
–Су құбыры арқылы келетін су сапасы күмәнді болған соң осы жерден аламыз. Кейде 2-3 сағаттық кезек пайда болады. Амал жоқ тосамыз,–дейді қала тұрғыны Нұрлан Алпысбаев,– қысты күні үздіксіз ағып тұрмаған соң құбыры қатып та қалады. Оны үйге кіргізіп жібітіп әуреге түсіп жатқандары.
Бір отбасының бүкіл қала жұртшылығына шарапаты тиіп тұр. Көкшетауда жыл аралатып ауысып жататын әкімдер осындай аманат айтып кетпеген екен деп ойлайсың кейде.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар