Шортанды кенті көркейіп келеді

Мамырдың мамыражай күндері өтуде. Жылдың осы бір мезгілі көңілге шуақ, өмірге қуат береді. Табиғат ана түрленіп, айнала гүлденген кез. Осыған орай, Шортанды кентінде де абаттандыру жұмыстары қызу жүргізілуде.

Бұл жұмыс сәуірде басталған еді. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай, Ш.Рахымжанов атындағы орталық саябақтағы даңқ ескерткіші жөндеуден өтті. Оған 7 миллион 400 мың теңге жұмсалды.
Бетон төсемелер алынып, орнына бедер тас төселіп, обелиск гранитпен жаңартылып, майданда қаза тапқан жауынгерлер есімі жаңартылып жазылды. Сонымен бірге, алдағы уақытта орталық саябақты жөндеу жұмыстарын жалғастыру, стадионды көркейту жоспарланған.
Кенттің орталығында да абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Аудан әкімдігі алдынан Мәдениет үйіне дейін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында шағын бақ жасалынбақ. Бұл жұмыс бойынша «Фортуна» ЖШС-мен 51 миллион теңгеге келісім-шарт жасалған. Қазір ондағы балаларға арналған ойын алаңын демонтаждау жұмыстары басталып кеткен. Шағын бақта жарықтандыру, кіре берісіне арка жасау жұмыстары атқарылатын болады.
Кент әкім Цэрэг Мәмбеттің айтуы бойынша орталық алаңда да бірқатар өзгерістер орын алмақ. Абылай хан ескерткіші Абылай хан көшесінің бас жағына қойылып, қазіргі ескерткіш орнына сахна орналасады. Сонымен бірге, жастарға арналған фотоаймақ, тастардан жасалған мүсіндер мен тас сағат қойылмақшы. Кент орталығына гүл отырғызу, көшеттер егу мақсатында «ЖК Касымова» жеке кәсіпкерлігімен 6000 түп гүлге, «Жасыл аймақ» ЖШС-мен 1000 түп көшетке келісім-шарт жасалғанын да айта кету керек.
Көшелерді жарықтандыру бойынша да Абылай хан, Бейбітшілік, Жеңістің 30 жылдығы көшелеріне жарықдиодты шамдар орнатылған. Алда Кеңес Одағының Батыры Шишлянников көшесін жарықтандыру жоспарлануда.
Пушкин мен Дзержинский көшелеріндегі қоршаулар ауыстырылып, Бейбітшілік, Совет, Абылай хан көшелеріне жаяу жүргіншілер жолымен бірге, жол жиектері мен асфальт төсеу жұмыстары қолға алынады. Демеушілердің көмегімен Жеңістің 30 жылдығы мен Бейбітшілік көшелерінің қиылысына дейінгі Лермонтов көшесіне асфальт төселеді. Қазіргі күні аталмыш көшеге тегістеу жұмыстары жүргізілген. Тағы бір айта кетерлігі, бұл жұмыстарға жергілікті 190 тұрғын тартылатын болады. Яғни, жұмысшылар өзімізден болмақ. Бұл аудан тұрғындарын жұмыспен қамтуда үлкен көмек дейді кент әкімі.
Кент көшелерінің тазалығын сақтау, абаттандыру бойынша да қазір 8 әлеуметтік жұмысшы еңбек етіп келеді. Сол адамдардың арқасында Октябрьская мен Восточная көшелерінде тазалық жұмыстары жүргізілді. Жазда көшелерді арамшөптер мен қурайлардан тазарту мақсатында жеке шөп шабатын тракторы бар тұрғындармен келісім-шарт жасалған.
«Жас келсе – іске» деген. Кент әкімшілігінің жоспары мен алда атқарылар жұмыстар ауқымды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, кенттегі абаттандыру жолында атқарылып жатқан жұмысқа қолдау көрсетіп, әрқайсымыз өз үйіміздің айналасын таза ұстайық. Аудан орталығының гүлденуі мен көркеюі өз қолымызда.

Мадет Өмірбек.
Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар