Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында коронавирус індеті көптеген саланың жұмысына өзгеріс әкелгендігін атап өтіп, әлеуметтік маңызды салаларды реформалауға нақтылы ұсыныстар айтты. Осы орайда, санитарлық-эпидемиологиялық қызметті күшейтіп, комитет құруды тапсырды. Бұл біздің сала қызметшілері үшін үлкен мүмкіндік.
Мен өзім осы салада біраз жыл еңбек етіп жүргендіктен және санитарлық дәрігер ретінде Президенттің санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметін жетілдіру және осының аясында жаңа Комитет құру, сонымен қатар, Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің өкілеттігін күшейту туралы көтеріп отырған мәселесін жан-жақты қолдаймын. Бұл шешім біздің ел халқының денсаулығын жақсартуға серпін беретініне сенімдімін. Мемлекет басшысы атап көрсеткеніндей, өзінің тиімділігін дәлелдеген модельге қайта оралатын кез жетті. Себебі, бұл – қазіргі таңда өте маңызды мәселе және биологиялық қауіпсіздік мәселесі.
Соңғы 5 жыл ішінде санитарлық қызмет бірнеше қайта құруды басынан өткерді. Саланың қаншама мамандары қысқартылды. Қазіргі уақытта облыста эпидемиолог мамандар тапшы. Еңбекақының аздығынан, әлеуметтік пакеттің болмауынан, қызметтік бас-пана берілмегендіктен, қызметтік автокөліктердің жетіспеушілігінен, оның үстіне бұл қызмет аса қажет еместей кейін ысырылып қалғандықтан, бізде 59 вакансия бос тұр. Бірнеше рет бос орындарға конкурстар жарияладық, бірақ, жастар келгілері келмейді. Өйткені, мамандардың еңбекақысы аудандарды былай қойғанда, облыс орталығының өзінде өте төмен. Сол себепті, көптеген тәжірибелі жақсы мамандарымыз жеке меншік салаларға ауысып кетті. Бұл біздің өңірдегі мәселе ғана емес, түгел еліміз бойынша осылай. Сондықтан, Президенттің ұсыныстары дер уақытында қозғалып отыр.
Коронавирус індеті елімізде белең ала бастағанда онымен күрес іс-шараларын жүргізуге нақтылы эпидемиолог мамандардың білімі қажет екендігі айқын көрініс берді. Облыста эпидемиолог мамандардың тапшылығына қарамастан, жағдайды тұрақты ұстап қала алдық, жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Қазіргі уақытта індеттің ошағы болып отырған Целиноград ауданында жұмыс қатаң талаптар негізінде ұйымдастырылуда. Себебі, онда халық көп. Мәселен, статистика бойынша шамамен 70 мың адам тіркелсе, фактілі түрде 150 мыңнан астам адам бар екен. Ондағы жағдайды қадағалап, бақылауда ұстау үшін облыстан эпидемиологтарды жұмыс сапарымен 10 күнге 10 адамнан жіберіп жатырмыз. Індет анықталған ошақтарды бірден дер кезінде тексеріп, вирустың әрі қарай тарап кетуіне жол бермеу үшін тиісті шаралар жасалып жатыр.
Міне, осындай қиын жағдайда аты жаман індетпен күресіп жатқан біз саладағы болашақ реформалар өзінің оң нәтижелерін береді деп үміттенемін.
Айнагүл МУСИНА,
Ақмола облыстық тауарлар
мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы.