Індет жұқтырғандар көбейіп барады. Ал, біз неге сонша бейғамбыз?!.
Көшеде, қоғамдық көліктерде сапырылысқан адамдар. Араларында маска таққандары бірен-саран. Оларға қарасаңыз, бір бейқамдық байқалады. Құдды бір өмірлеріне ешқандай қауіп-қатер төнбей, алаңсыз өмір сүріп жатқандай.
Әлемді жайлаған коронавирус пандемиясы елімізді, қаламызды айналып өтпегенін бәріміз де білеміз ғой. Ендеше, мына қылығымызды қалай түсінуге болады? Елімізде төтенше жағдай аяқталса да, карантин жалғасуда. Сол себепті, карантин тәртібін бұлжытпай орындау арқылы пандемияның таралуын тоқтату сіз бен біздің міндетіміз. «Әй, қойшы соны» деп қолды бір-ақ сермеп, сақтық шараларын орындамай жүре берсек, бұл індеттен қашан құтылатынымызды ойлаудың өзі қиын.
Әлеуметтік желілерде жазылған пікірлерді, былайғы жұрттың пікірін де тыңдай қалсаңыз, айтатындары коронавирустың өтірік екені жайлы. Көп адамдар індеттің барына, оның адам өміріне қауіпті екеніне мүлде сенбейді. Әлбетте, бұлай ойлағандары ақылға сыймайды. Сонда әлемде қаншама мыңдаған адамның айналдырған екі-үш айдың ішінде көз жұмғанын қалай түсіндіресіз? Ақ халатты абзал жандар шыбын жандарын шүберекке түйіп, еріккеннен күні-түні ауруханада жүр деймісіздер?
Не де болса ойланып сөйлегеніміз абзал. Қазір бір-бірімізді аяқтан шалып, кінәлайтын кез емес. Керісінше, бір-бірімізге мейірімді болайықшы. Індеттің таралуы толық аяқталмайынша жеке бас гигиенасын сақтап, қоғамдық орындарда маскамызды тағып отыруға тиіспіз.
Қазір төтенше жағдай кезіндегідей далаға шығуға, серуендеуге шектеу қойылып жатқан жоқ. Жаздың жаймашуағында үлкен де, кіші де далада. Сауда орындары қайта ашылып, қалаішілік, қалааралық қоғамдық көліктердің қозғалысы жанданды. Қалаған жерімізге емін-еркін барып-келіп жүрміз. Бұйыртса, көп ұзамай індет келмей тұрғандағы бұрынғы күндерімізге де оралармыз. Ол үшін қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуіміз керек. Шыр-пыр болып жүрген дәрігерлердің еңбегін бағалайық.
Соңғы күндері коронавирус жұқтырған науқастардың саны күрт өсіп кетуіне байланысты еліміздің кейбір қалалары қайтадан карантинге жабылуы мүмкін деген болжам бар. Облыс орталығында да айналдырған бір аптаның ішінде он адамда коронавирус лабораториялық жолмен расталып отыр. Бетін аулақ қылсын, қоғамдық орындарда маска кимей, бұлай бейқам жүре беретін болсақ, қауіпті індетпен әлі қанша адамның ауыратынын кім білсін?! «Сақтықта қорлық жоқ» демекші, барынша сақтанып жүрейік, ағайын!
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.