Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Дәмештің май-қаймағына сұраныс көп - АРҚА АЖАРЫ

Дәмештің май-қаймағына сұраныс көп

«Ауыл – мал өсіріп, кәсіп өркендетуге нағыз қолайлы жер», – дейді Зеренді ауданына қарасты Көктерек ауылының тұрғыны Дәмеш Өмірова. Бұл жандар жолдасы екеуі мемлекеттен несие алып, мал басын көбейтіп отырған жайы бар.

Дана халқымыз «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деп текке айтпаған. Күнде Дәмеш пен отағасы Мейрам, балалары таңмен таласа тұрып, отбасылық кәсіпке кіріседі. Сиыр, бие сауып, дастарханын ақпен толтырған Дәмештің ептілігіне ауылдастары сүйсіне қарайды.
Қазір Көктеректе ғана емес, Зерендіде, Көкшетауда, сонау Павлодар, Нұр-Сұлтан қалаларында да «Дәмештің қымызын-ай, сары майы мен ірімшігінің дәмін-ай» деп көктеректік көп балалы ананың қолымен жасалған сүт өнімдерін сүйіп жейтін жандардың қатары көп. Мұны әңгіме барысында кейіпкеріміздің: «Адамдар күн сайын әр жерлерден келіп, бірнеше келі май, ірімшік, қаймақ сатып алып жатады», – деген сөзінен анық аңғарғандай болдық.
–Жолдасым Мейрам «Бастау-Бизнес» бағдарламасымен несие алды. Қазір мал басын көбейтумен айналысуда. Сонымен қатар, ауылда жылқы бағады. Бағдарлама аясында бизнес негіздеріне қысқа мерзімдік курстан өтті. Ал, маған өткен жылы көп балалы ана ретінде мемлекет тарапынан сүт жабдықтарын сатып алуға 505 мың теңге көлемінде грант бөлінді. Сол ақшаға мұздатқыш камера, май былғайтын құрал, сепаратор, сауу апаратын, тағы басқа құрал-жабдықтарды сатып алдым. Күн сайын он үш сиыр сауамын. Сүтті тапсырмаймыз. Өзіміз сепаратордан өткіземіз. Жолдасым, балаларым көмектеседі. Біздің үйде ешкім құр бос отырмайды. Ауылдың тірлігі сондай. Өмірге құлшынған адамға ауылда жұмыс табылады, – дейді Дәмеш Өмірова.
Ауылда тұрып, кәсіп көзін таба білген отбасының шағын бақшасы да бар. Оны жаз бойы баптап, күзде ырысын жинап алады. Биыл көп балалы ана бақшаға картоп қана емес, сәбіз, пияз, қияр, қызанақ, тіпті шалғамға дейін егіпті. Есесіне, көкөністі дүкеннен сатып алмайды. Бәрі бақшасынан табылады.
Осы арада айта кететін бір жай, кейіпкерімізді ауылдағы ауыз су мәселесі толғандырады. Аудандық әкімдік үстіміздегі жылы ауданға қатынайтын жолды жөндеуге уәде беріпті. Енді тек ауыз су мәселесі шешілсе, жақсы болар еді деген көп балалы ана мемлекет тарапынан көп балалы отбасыларға көрсетіліп жатқан көмек-қолдауға дән риза екенін жеткізді.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Көктерек ауылы,
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар