Ел жүрегіндегі басылым

Биыл Көкшетау қалалық «Степной маяк» газетіне 100 жыл. Көкшетау облыстық газеті болып тұрған кезінде басылымның облыс көлеміне мыңдаған данамен тарап, дүркіреп тұрғанын көне көз оқырмандар жақсы біледі. Бір ғасырда атауы сан мәрте өзгергенімен, өңірімізбен бірге жасап, тіршіліктің тынысын бірге сезініп келе жатқан осы басылымның бас редакторы Қарлыға Мұқатаевамен Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында кездесіп, әңгімелескен едік.

–Қарлыға Шәріпқызы, әңгімеміздің әлқиссасын «Степной маяк» газетінің тарихынан бастасаңыз.
–Ғасырлық тарихы бар басылымымыз сонау 1920 жылы Көкшетау уездік ұйымдастыру бюросы мен ревкомының «Красный пахарь» газетінің алғашқы нөмірі шыққан кезден бастау алады. Газет атауы бірнеше мәрте өзгерді. Қандай атаумен шықса да, мақсаты елдің, облыс пен қаламыздың дамуының жылнамасы болу еді. Классиктердің сөзімен айтсақ, ақылдылық, жақсылық пен мәңгіліктің жаршысына айналу болатын. Газет он жыл «Красный пахарь» аталып келсе, 1930 жылдан 1936 жылға дейін «Колхозный фронт» деп аталды. Одан кейінгі жылдары «Колхозный путь», «Сталинское знамя», «Кокчетавская правда» деген атаумен шықты. 1963 жылы газетке қазіргі атауы берілді.
Басылымның алғашқы редакторы қарымды қаламгер Кондратий Тупиков болды. Жазушы өз естеліктерінде былай деп жазған екен:
«Бір күні партияның уездік комитетінің төрағасы Филипп Трубицын өзіне шақырып, газет шығару ісін қолға алуға ұсыныс айтты». Алайда, бұл шаруа өте күрделі еді. Ол кезде Көкшетауда Шеломенцевтің кішкентай баспаханасы болатын. Кондратий Тупиковқа типография меңгерушілігімен қатар, редакторлықты, тілшілік, корректор, тіпті экспедитор қызметтерін қатар алып жүруге тура келді. Ол күн сайын әскери комиссариат берген велосипедпен мекемелер мен поштаға газет тасыған.
Бірте-бірте газеттің шығарылымы қалпына келе бастайды, жаңа айдарлар пайда болады. Газет беттерінде жас авторлардың өлеңдері, фельетондар, шағын әңгімелер жүйелі жарық көріп тұрды. Ал, «Юный пахарь» беті жастардың өмірінен сыр шертетін.
1930 жылдан «Красный пахарьдың» жалғасы ретінде «Колхозный фронт» газеті басылды. Ол ұжымдастыру, астық дайындау, тұқым жинау, егістік және шөп шабу науқанына байланысты түйткілді мәселелерді шешу үшін жұмысшылар мен колхозшыларды біріктіруші ретінде ұжымдық ұйымдастырушының рөлін атқарды. Редакция құрамының аздығына, білікті журналист кадрлардың тапшылығына қарамастан, газет бұқаралық жұмыстарды күшейтті, жергілікті баспасөздің дамуына үлес қосты. Еңбек ұжымдарында қабырға газеттерін, бюллетеньдер шығару жолға қойылды. Баспа қызметкерлерін дайындайтын арнайы курстар ашылды.
1936 жылдан 1944 жылдың мамырына дейін газет «Колхозный путь» деп аталып, соғыс жылдарындағы ауыртпашылықтарды жариялауға тура келді. Халық газетті ақпарат жаршысы ретінде ғана емес, Жеңіске деген үміт сәулесі деп қабылдады. Нөмір сайын жауынгерлердің жақындарына жазған хаттары басылды. Көкшетау облысы құрылған 1944 жылы газет атауы қайта өзгеріп, 1956 жылға дейін «Сталинское знамя» деген атау-мен шығып отырды.
Сол жылдардағы газет беттерін тебіренбей шолып шығу мүмкін емес. Олардың әрқайсысы бірегей, өзінше құнды. Мәселен, 1945 жылдың 9 мамыры күнгі нөмірде Германия әскерінің тізе бүгуі жайлы акті мен КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының «9 мамырды Жеңіс күні деп жариялау туралы» Жарлығы жарық көрді. Ал, сол жылдың 4 қыркүйектегі нөмірінде милитаристік Жапонияның нақты талқандалғаны жөнінде хабарлама бар. Тың игерушілер, түрлі ұлттардың достығы, тың игеру жылдарындағы өңіріміз жайлы қалам тербеу сол жылдардағы «Кокчетавская правда» газетінің тілшілеріне бұйырды. Бұл атауды басылым 1956 жылы иеленді. Арада жеті жыл өткеннен кейін, 1963 жылдың мамырында газет атауы «Степной маяк» болып өзгертілді. 1974 жылдың қаңтарында оның атауында алғаш рет «Құрмет Белгісі» орденінің суреті пайда болды. Жоғары марапат редакция ұжымының, штаттан тыс авторларының зор еңбегінің нәтижесі еді. Газетіміздің сол кездегі журналистері мен фототілшілерінің есімдерін облысымыздың байырғы тұрғындары жақсы біледі.
1997 жылы облысты қайта құру кезеңінде газет жабылып қалды. Шағын ғана журналистер ұжымы Галина Прибылыхтың басшылығымен «Степной маякты» қалалық газет ретінде тіркеп, сол кездің қиындығына төтеп берді. Міне, газетіміз осы бетпен әлі жұмыс істеп келеді. Әр жылдары газетті басқарған редакторлар К.Тупиков, А.Солнцев, А.Борков, И.Дьяков, Я.Савенков, А.Кац, Ю.Тараков, Р.Ақбердин, Н.Обухов, Г.Прибылых, В.Косянюк, С.Кибасов, С.Әлмұсаев, Д.Ахметжанов, С.Смағұловтың есімдерін құрметпен еске аламыз.
–Газеттің түрлі саяси жағдайларға байланысты көптеген өзгерістерге ұшырағанын әңгімеңізден анық аңғардық. «Степной маяктың» бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы не айтасыз?
–Шынымен де, жүз жылда «Степной маяк» қалыптасу мен дамудың қилы жолдарынан өтті, нағыз патриот, мамандығына адал бірнеше журналистер буынын тәрбиеледі. Қазіргі таңда олардың біразы еліміздің және облысымыздың баспасөз саласында еңбек етуде. Айта кетсем, олар – Мадина Жүсіпова, Сәуле Құсайынова, Сәуле Баймағамбетова, Людмила Карпова, Нұржан Баймолдин, Қарлығаш Жүсіпбекова, Татьяна Алексеева, Ринат Досымов, Әсел Әутәліпова, Асқар Бимендин, Индира Тегжанова, Алексей Чайка және тағы басқалары. Әрқайсысы үшін «Степной маяк» шынайы өмір мектебіне айналды.
Алайда, уақыт бір орында тұрмайды. Ұжым мүшелері, басшылық та өзгереді. Жас та болса, мобильді ұжымымыз аға әріптестерінің ізін жалғап, бәсекеге қабілетті газет шығару жолында аянбай еңбек етуде. Бір өкініштісі, тиражымыздың жыл санап азайып бара жатқаны. Жалпы, барлық басылымдарға ғаламтор мен әлеуметтік желілердің кері әсері тиіп жатқаны белгілі. Десек те, қатардан қалмауға тырысудамыз. Бірнеше жыл smkokshetau.kz деген атаумен жеке сайтымызды жүргізіп келеміз. Инстаграм, Facebook желілерінде жаңалық тарататын өз парақшамыз бар. Осы ретте, бас редактордың орынбасары Евгений Кимов, тілшілер Аружан Сатыбалдинова мен Наталья Яковлева, фотокорреспондент Валентина Отт, бет қаттаушы Наталья Толстова секілді білікті қызметкерлеріміздің есімін ерекше атап өткім келеді.
– Осы басылымда еңбек етіп, сонымен қатар, бас редакторлық қызметтің тізгінін ұстап келе жатқаныңызға біраз жыл болды. Газетке қатысты көкейде жүрген мәселелерді айта кетсеңіз.
– Менің әкем ертеде «Көкшетау правдасы» газетіне шағын мақалалар жазып тұрды. Тіпті, ара-тұра жазғандары үшін редакция оған қаламақы да төлейтін. Маған журналистік мамандыққа деген қызығушылық әкемнен берілген шығар. Университетте оқып жүргенде газетті көп оқитынмын. 1999 жылы Көкшетау педагогикалық институтын тәмамдап, 2001 жылы редакцияға жұмысқа қабылдандым. Журналист ретінде қалыптасуыма тәлімгерім Мадина Жүсіпова көп көмектесті. Алғаш редакциялық тапсырмаларды осы кісіден алдым. Газет тілшілері бір емес, бірнеше бағытта жазуға тырыстық. Әлбетте, ол кезде штаттағы тілшілер саны қазіргіден көп болатын. Жеке-жеке бөлімдер болды.
Қазір штат бойынша үш журналистіміз бар. Оның біреуі бала күтіміне байланысты демалыста. Бәріне өз күшімізбен үлгеруге, әлеуметті толғандырған тақырыпты қозғауға, оқырмандардың ойы-нан шығуға тырысып келеміз. Төтенше жағдай кезінде тілшілеріміз бір орында отырған жоқ, блок-бекеттердің, дәрігерлердің, тәртіп сақшыларының жұмысы туралы материалдар әзірледі. Алдағы уақытта штат кеңейсе деген тілегім бар. Бірақ, өкінішке орай, оның барлығы ақыр соңында қаржыға келіп тіреледі. Қазір біраз басылымдардың беттер санын азайтып, кей нөмірлерді электронды нұсқада ғана шығаруды ойластырып жатқан жайы бар.
Өкінішке орай, газеттің жұмысынан бейхабар адамдар газеттің керегі жоқ, оны ешкім оқымайды деп ойлайды. Мұндай сөздерді естігенде қынжыласың. Газеттердің ғұмыры ұзақ болады деп сенемін. Батыстағы, Еуропа мен АҚШ-тағы үрдісті алып қарасақ, оларда сайттар жақсы дамыса да, басылымдар үлкен таралыммен шығады. Бізде де солай болғанын қалаймын.
–«Степной маяктың» мерейтойы, әрі Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында әріптестеріңізге қандай тілек айтар едіңіз?
–Газетіміз бір ғасырды артқа тастап, өмірінің жаңа белесіне қадам басуда. Қоғамға газетіміздің пайдасы тисін, оқырманымыз көп болсын деп тілеймін. Өңіріміздің барлық басылымдарына осыны тілегім келеді. Әріптестер, шабыттарыңыз таусылмасын, шығармашылық шыңдарға жете беріңіздер!
–Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатты жүргізген
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар