Көкшетау қаласында қайғылы оқиғаның алды алынып, өрт шыққан үйден 79 жастағы мүгедек адам құтқарылды. Көршісін от құшағынан Көкшетау қаласының №11 өрт бөлімшесі басшысының орынбасары Жанат Мусин алып шықты.
Ол көрші үйдің жанып жатқанын көріп, 101 нөміріне телефон шалады да өрт орнына жүгіріп келеді. Куәгерлер үйде адам барын айтады. Жанат оның жатқан жерін анықтаған соң үйге терезеден кіріп, төсекте жатқан егде адамды алып шығады. Зардап шегушіні жедел жәрдем автокөлігі уақытында алып кетіп, медициналық көмек көрсетті. Қазір оның жағдайы жақсы. Оқиға орнына жедел келген өртсөндірушілер М. Янко көшесіндегі №35 тұрғын үйдің 86 шаршы метрді алып жатқан қорасын тез арада сөндіріп, үйдің іші-сыртын қарап шықты. Асханадан газ балоны шығарылды. Үй ішіндегі дүние-мүлік өрттен аман.
Боранбай КӨМЕКЕЙ.