Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – әрбір азаматтың парызы

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комиссиясының кезекті отырысында қоғамымызды кері тартатын осы келеңсіздіктің алдын алу және оны неғұрылым болдырмау мәселелері талқыланды.

Отырысқа «Nur Otan» партиясы Орталық аппаратының партиялық бақылау қызметінің инспекторы Сәкен Естайұлы Естай және Ақмола облысы әкімдігінің жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссиясының мүшелері, аудандардың, қалалардың әкімдері, департаменттердің басшылары, облыс әкімі аппаратының жауапты қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сондай-ақ, облыстық басқармалар басшылары бейнеконференциялық байланыс арқылы қосылды.
Комиссияның кезекті отырысында «Қазақстандық инновациялар» әлеуметтік зерттеу нәтижелері: «Ақмола облысының тұрғындары мен бизнес-ортасының сыбайлас жемқорлықты қабылдау деңгейін зерттеу» тақырыбында «Kazakhstan Innovation» қоғамдық қорының төрайымы Мариям Әбішева және Ақмола облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері бойынша анықталған оны жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Иван Юрченко баяндама жасады.
Өңір басшысы Шортанды, Астрахан аудандары әкімдіктерінің, Біржан сал ауданы мен Көкшетау әкімдігінің сайттарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы бөлімдердің жоқтығына баса көңіл аударып, бірқатар әкімдерді орнынан тұрғызып, осыны сұрады. Сондай-ақ, Есіл, Қорғалжын, Зеренді аудандары әкімдіктерінің сайттарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бөлімдері бар болғанымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы сапалы ақпараттың жоқтығына тоқталды. Аршалы, Бурабай аудандарының әкімдіктері осыдан үш жыл бұрын бөлімдерін жаңартқанын да айтып өтті. Көп жағдайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәселелерді ақпараттық және түсіндірмелік тұрғыда жария етудің болмауы, жоғарыда аталған әкімдіктердің бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара әрекеттесуі бұл мәселеге формалды түрде қарауды білдіреді. Ал, Бұланды, Сандықтау, Ақкөл, Атбасар, Егіндікөл аудандары, Степногорск қаласы әкімдіктерінің веб-сайттары сыбайлас жемқорлыққа қарсы бөлімдерін ақпараттармен толықтыру бойынша оң нәтиже көрсетуде.
Өңіріміздегі барлық әкімшілік ғимаратының бірінші қабатынан ашылған «Ақмола – адалдық алаңы» бөлмесі өткен жылдың қаңтар айынан бері қызмет етіп келеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастамасымен құрылған бұл жобаның мақсаты сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оған жол бермеу болатын. Мемлекеттік қызметшілер тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қатысты әрекет байқалған жағдайда кез-келген азамат осында келіп немесе телефон арқылы байланысып, хабарласуына болады. Сондай-ақ, әлеуметтік желілер арқылы байланыс та жолға қойылған.
Отырыс соңында өңір басшысы Ермек Маржықпаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайту және осы бағытта нақты жұмыс істеу үшін департаменттер мен әкімдіктерге 2021-2022 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру жоспарларын әзірлеуді және бекітуді ұсынды.
Сонымен қатар, жергілікті комиссия отырыстарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің өзекті мәселелерін үнемі тыңдап отыру мен жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты жариялауға және мемлекеттік органдар жұмысындағы кемшіліктерді анықтауға бұқаралық ақпарат құралдарын белсенді түрде тарту қажеттігін баса айтты. Оған қоса, «Kazakhstan Innovation» қоғамдық қорының әлеуметтік зерттеулерінің ұсыныстарын пайдалану және нақты іс-шараларына сәйкес 2021-2022 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру жоспарларын әзірлеу мен бекітуді және мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында бұқаралық ақпарат құралдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы насихатты күшейтуді тапсырған облыс әкімі Ермек Маржықпаев сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесінің әрдайым назарда ұсталатынын, бұл салада босаңсуға болмайтынын атап өтті.
Олай болса, сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тек зиянын тигізіп қана қоймай, сонымен бірге, оны кейін тартатынын да естен шығармағанымыз абзал. Сондықтан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – әрбір азаматтың міндеті болуы керек.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар