2018 жылдан бері Ақмола облысының мемлекеттік архиві «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бірнеше жобаны іске асыруда. Соның бірі – «Тарих беттерінде» жобасы. Аталмыш жоба аясында архив құжаттары негізінде көптеген кітаптар мен жинақтар жарық көрді. Олар Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай «Соғыс. Жеңіс. Естелік.» атты кітап, Ақмола және Көкшетау өңірлерінің бірінші басшылары жайлы «Уақыт және Тұлға» атты өмірбаяндық анықтамалық және тағы басқалары.
Жуырда жерлестеріміздің есімдері берілген Көкшетау қаласының көше атаулары туралы «Көкшенің біртуар тұлғалары» атты өмірбаяндық жинақ шығардық. Кітапты жинақтау кезінде Ақмола облысының мемлекеттік архивінің, Көкшетау қаласы архивінің құжаттарын, Ақмола облысы тарихи-өлкетану музейінің, Көкшетау қаласының тарихы музейі, Әдебиет және өнер музейінің материалдарын, сонымен қатар, Ақмола облыстық мәслихаты мен әкімдігінің қаулылары мен шешімдерін, қосымша мерзімдік басылымдарды қолдандық. Басылымның басты мақсаты – оқырманды мемлекетіміздің және облыстың мәдени және әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан адамдардың өмір жолымен таныстыру.Жуырда жерлестеріміздің есімдері берілген Көкшетау қаласының көше атаулары туралы «Көкшенің біртуар тұлғалары» атты өмірбаяндық жинақ шығардық. Кітапты жинақтау кезінде Ақмола облысының мемлекеттік архивінің, Көкшетау қаласы архивінің құжаттарын, Ақмола облысы тарихи-өлкетану музейінің, Көкшетау қаласының тарихы музейі, Әдебиет және өнер музейінің материалдарын, сонымен қатар, Ақмола облыстық мәслихаты мен әкімдігінің қаулылары мен шешімдерін, қосымша мерзімдік басылымдарды қолдандық. Басылымның басты мақсаты – оқырманды мемлекетіміздің және облыстың мәдени және әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан адамдардың өмір жолымен таныстыру.
Күнделікті өмірде көше атаулары бізге бағдар ретінде қызмет етеді, сонымен қатар, олар тарихтың куәгері, елдің немесе өңірдің тарихымен және мәдениетімен таныстырады. Тұлғалардың есімімен көше атауларын атау – бұл оларға тағзым ету. Көкше жері дарынды адамдарға кенде емес. Өңірімізде ұлы хандар, батырлар мен шығармашылық адамдар дүниеге келген. 1991 жылы Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін жариялағаннан кейін қаланың көше атаулары Ақмола және Көкшетау өңірі тарихымен байланысты көрнекті тұлғалардың есімдеріне өзгертілді. Көше атауын өзгертуге кейбіреулер түсініспеушілік білдіреді, бірақ бұл заман талабы, бодандықтан айырылудың белгісі, өз туған жеріңнің тарихын білу, өткенге құрмет көрсету болып табылады.
Көше атауларына берілген тұлғалардың тарихын, өмірін білу қажет, өйткені, олар уақыт сынағынан өткен, құрметке ие жандар.
Еркін Әуелбеков, Мақтай Сағдиев, Оразбек Қуанышев тәрізді Көкшетау өңірін адал басқарған басшылардың да есімдері көше атауларына берілді. Қаламыздың ескі көшелерінің бірі қазіргі Б.Әшімов көшесі. Бұл көше 1938 жылға дейін Больничная деп аталған. Кейін бұл көшеге Итальян жұмысшылар көтерілісінің жетекшілері Сакко және Ванцетти есімдері берілді. 2000 жылы Көкшетау қалалық мәслихатының шешімі негізінде атауы Капцевич болып өзгертілді. 2018 жылы Ақмола облыстық әкімдігінің қаулысы бойынша мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері, жерлесіміз Бәйкен Әшімовтың есімі берілді. Бұл көшені би, шешен, батыр Қанай би көшесі қиып өтеді. Қанай би Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің ата-бабасы. Кезінде бұл көше Тюремная деп аталған, 1938 жылы көше атауы Чапаев, ал, 2008 жылы Көкшетау қаласы мәслихатының ономастика комиссиясының шешіміне сәйкес Қанай би болып өзгертілді.
2002 жылы Фурманов көшесінің атауы Абылай ханның немересі, Кенесары Қасымұлының інісі және ең жақын серігі болған Наурызбай батырдың есіміне ауыстырылды. Наурызбай батыр Қазақ елінің тұтас және тәуелсіз ел болуын қалаған, атақты атасы Абылай мен ағасы Кенесарының патриоттық идеясын өзінің де ісі деп білген, жасынан саяси күреске түсіп, көтерілістерге қатысқан.
Бірлік шағын ауданындағы көше атау-ларына да қазақтың танымал тарихи тұлғаларының есімдері берілді. Солардың ішінде Байдалы Бекшеұлы Абылай хан және Уәли хан хандық еткен кезеңде өмір сүрген шешен әрі би. Саққұлақ би (шын есімі Сәбден) Қанжығалы Бөгенбай батырдың шөбересі, шешендік өнері және әділ шешімдерімен сый-құрметке ие болып, «Арғынның ақсақалы» атанған. Бапан би Қанжығалы Бөгенбай батырдың немересі. Әкесі Тұраналыдан бастап, ұрпақтары батырлық жолды емес, шешендік, ділмарлық, билік айту жолын таңдаған. Үмбетей жырау Тілеуұлы Қаратау жотасында дүниеге келген, Бұқар жыраудың құрдасы болған деректер бар. Бәйімбет батыр Төбетұлы қолбасшы, қазақтың батыры. Көкшетау жанындағы Кіші және Үлкен Қарой көлдерінің (Қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар және Уәлиханов аудандарының аумағы) қасында дүниеге келген. Жоңғарларға қарсы ұлт-азаттық соғысын ұйымдастырған.
Ежелден Көкше өңірі Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Сәкен Сейфуллин, Сәкен Жүнісов, Еркеш Ибраһим, Жұмағали Саин, Жақан Сыздықов, Ілияс Есенберлин секілді сал-сері, ақындар мен жазушылардың мекені. Баға жетпес осы жерлестеріміздің де есімдері көше атауларына берілді. Әр жылдарда көше атауларына Кеңес үкіметін орнатушылар – Әбілхайыр Досов, Зарап Темірбеков, Семен Потанин, Антон Купрач, Елизовета Дроздова және тағы басқа азаматтардың есімдері берілген.
Кеңес Одағының Батырларына да жаңадан салынған немесе бұрынғы көше атаулары берілді. 1974 жылы 1 Май көшесінің атауы Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин көшесі болып өзгертілді және басқа да Батыр жерлестеріміз Григорий Асеев, Федор Глинин, Михаил Янко есімдері берілді.
Көше атаулары берілген тұлғалардың арасында мемлекет қайраткерлері де бар. 2004 жылы М.Фрунзе атындағы көше атауы белгілі прокурор, мемлекет қайраткері, генерал, жерлесіміз Ғалым Елемесов көшесі болып өзгертілді. Е.Пугачев көшесінің атауы 2008 жылы Қазақстанның тұңғыш инженер-энергетигі, Зеренді ауданының тумасы Рақымбек Сабатаев көшесі атанды. 2009 жылы Көкшетау қалалық мәслихатының шешіміне сәйкес 1938 жылға дейін Рязанская, кейін Коммунистическая аталған көше аспаптар жасау зауытының аға шебері, Көкшетау қаласының тұңғыш Құрметті азаматы Мағзи Әбілқасымовтың көшесі болып өзгертілді. Ақмола және Көкшетау облыстық сотының бірінші төрағасы Әлімжан Баймұқанов көшесі 2014 жылы Ақмола облыстық мәслихатының Красная көшесінің атауын өзгерту туралы шешіміне сәйкес пайда болды. Бұрын бұл көше бо-йында Көкшетау облыстық сот ғимараты орналасқан еді.
Аталмыш жинақта көшенің атауын өзгерту және көшені жаңаша атау туралы шешімдер мен қаулылар, құжаттар және жеке фотосуреттер қамтылған. Басылым тарихшылар, зерттеушілер, мектеп оқушылары мен студенттер және ауқымды оқырман қауымына арналған.
Гүлмира РАМАЗАНОВА,
Ақмола облыстық мемлекеттік архивінің археографы.