Жүз отбасына – шарапат

Ақмола облыстық Науан хазірет мешітінде Мереке Оразалыұлы атамыздың атынан 100 мұқтаж отбасына азық-түлік пакеттері таратылды.

Бүгінде адамзат баласын толғандырған қауіпті індет кім-кімді де айналып өтпеді. Біріміздің туысымыз, бауырымыз, ұжымдас әріптестер мен достарымыздың о дүниелік болып жатқаны жасырын емес. Қазір қаншама адам осы дерттің құрсауында қалып, ауыртпалықтың қиындығын тартуда. Әсіресе, елімізде жаппай жарияланған төтенше жағдайға байланысты карантин режимі бекітіліп, қауіпті індетпен күресуде жұмыстан уақытша қол үзуге тура келді. Жиын-тойлар өткізілмей, жаназалар шағын адаммен ғана атқарылатын болды.
Осындайда арамызда жүрегі ізгілік пен иманға толы жандардың көптігіне қуанасың. Иә, қайырымдылықтың шегі жоқ. Пандемияның таралуына байланысты бұрынғыдай қайтыс болған жандарды аза тұтуға көпшілік жиналмайды. Сондықтан, о дүниелік болған Мереке Оразаұлы атамыздың қырық күнінде марқұмның атамыздың атынан 100 мұқтаж отбасыларға азық-түлік пакеттері таратылды. Оны Ақмола облыстық Науан хазірет мешітінің қызметкерлері ұйымдастырып, әр мұқтаж отбасының үйлеріне апарып беріп, үлкен сауапты іс жасады.
Қазір мешіттерде намаз оқу және басқа да рәсімдер уақытша көпшілік негізде өткізілмейтіні баршаға белгілі. Бірақ, мешіттер өзінің халыққа қайырымдылық жасау шараларын ешқашан тоқтатпайды. Облыстық Науан хазірет мешітінің бас имамы Қуаныш Сәбит:
– Мұндай ізгілікті шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады. Ең бастысы, мына қауіпті індеттен еліміз аман болса екен,– деген тілегін айтты. Ал, марқұм Мереке Оразаұлы атамыздың жаны жәннатта, тәні рахатта болсын! Оның атынан таратылған азық-түлік мұқтаж отбасыларға ізгілік нұрын сепкендей. Бұл орайда, имандылық жолында жүрген мешіт қызметкерлерінің өздерінің парызындай санаған игі істеріне Алла разы болып, сауаптан жазсын.
Бүгінде Науан хазірет мешіті «Зекет» корпоративтік қорының жергілікті өкілдігімен бірлесіп, көмекке мұқтаж отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетуді жүйелі жолға қойған. Бұл қиындыққа тап болған адамдарды тығырықтан алып шығып, олардың жүрегіне нұр құйып, өмірге деген үмітінің үзілмеуіне мұрындық болған имани жандардың ізгі ниетінен жаралған. Қайырымдылықтың ошағына айналған мешіт қызметкерлеріне көп балалы, көмекке мұқтаж отбасылардың ризашылығы шексіз.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар