Осыдан жиырма бес жыл бұрын, 30 тамызда Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, еліміздің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа дәуіріне қадам басқан еді. Содан бері тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата Заң – мемлекет пен қоғамдағы барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың бастамашысы болды.
Мемлекет пен қоғамның дамуындағы өзгерістер – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнығу талпыныстарының бәрі Ата Заң қағидалары негізінде жүзеге асырылып келеді.
Елдің көз алдында, 1991 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы» Заң қабылданды. Одан кейін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ұсынып, оны Қазақстан халқы 1995 жылы 30 тамыздағы республикалық референдумда бір ауыздан мақұлдады. Конституция Президент лауазымына үлкен міндеттер мен зор жауапкершілік жүктеді. Ата Заңда атап көрсетілгеніндей, Қазақстан Республикасының Президенті – халықтар бірлігі мен ынтымақтастығы, азаматтар және адамдар құқығы мен бостандықтарының нақты кепілі.
Ата Заңда еліміздің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп анық көрсетілген. Конс-титуция мемлекетіміздің тарихи дамуының негізі ретінде ғана танылып қоймай, ол барлық заңдардың бастауы болып табылады.
Жаңа қабылданған Қазақстан Республикасының Ата Заңы біздің еліміздің дамуына жол ашып, жаңа тәуелсіз мемлекет буынының бекуіне себеп болды.
Біздің міндетіміз – Қазақстан тәуелсіздігінің тірегіне айналған Конституцияны берік ұстану. Ата Заңымызды құрметтеп, қорғау, оның маңыздылығын жоғалтпай сақтау республикамыздың әрбір азаматының міндеті мен парызы болуы тиіс. Ата Заңымыз жарқын болашаққа апаратын айқын жолымыз, арқа сүйер асқар тауымыз, ардағымыз, айбарымыз!
Карина РООТ,
Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы мемлекеттік тілді насихаттау және дамыту орталығының мүшесі.