Туберкулез ауруымен күрес кезінде науқастармен санитарлық-ағарту жұмыстарын жүргізуге және оқытуға баса мән беріліп келеді. Өйткені, санитарлық-ағарту жұмыстары туберкулезге қарсы күрес шараларының тиімділігін арттырады.
Міне, сондықтан, Ақмола облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінде «Науқас мектебі» науқастарды оқыту бағдарламасы енгізілді. Мұндағы басты идея науқастарды стационар жағдайында 2-4 ай кешенді емдеу кезінде оқыту болып табылады. «Науқас мектебі» бағдарламасы 16 сабақтан тұрады. Оқыту аптасына екі рет жүргізіледі. Диспансерде емделудің ең аз курсы сегіз аптаны құрайды, яғни, науқастар амбулаторлық жағдайда жүргізілетін емдеудің демеуші фазасына өткенге дейін бағдарламаны меңгеріп шығады. Оқытудың мақсаты – науқастардың тәртіптілігін және емделуге деген құштарлығын жоғарылату, туберкулездің таралу деңгейін төмендету.
Аталған мектепте науқастармен арнайы бекітілген медбикелер, психологтар, әлеуметтік қызметкер мен заңгер жұмыс істейді. Науқас емдеудің басында және соңында тестілеуден өтеді. Алғашқы тестілеудің қорытындылары білім деңгейінің өте төмен екенін көрсетті. Ал, бағдарламаны меңгерген науқастардың арасында тест нәтижелері жоғары болып шықты. Оқыту науқастарға режимді сақтауға, емдеудің нәтижелі болуына және туберкулездің таралуының алдын алуға септігін тигізуде.
Науқас көп ақпарат алып, оны ой елегінен өткізген сайын оның өзінің емін бақылау, жазып берген дәрілерді уақытылы қабылдау ықтималдығы жоғары. Науқастың білімі артқан сайын оның ауру жұқтыру қаупімен байланысты мінез-құлқы өзгеріп, өзінің ғана емес, айналасындағы жандардың денсаулығына деген жауапкершілігі арта түсетіні сөзсіз.
Татьяна ПЕГЛИВАНЯН,
Қ.Қоңыратбаев атындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының маманы.