Осындай тақырыппен Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөлімінің клубында тілдер фестивалі ұйымдастырылып, мемлекеттік тіл мен басқа ұлттар тілдерінің мән-маңызы сөз болды.
Аталмыш іс-шараға Ақмола облыстық мәслихатының депутаты, «Чуваш этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Елена Мащинская, Ақмола ассамблеясының «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының өкілі, «Қоғамдық келісім» мекемесінің басқа ұлт жастары арасында мемлекеттік тілді дамыту орталығының төрағасы Владислав Вебер, сондай-ақ, Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері шақырылды.
Тілдер фестивалі басталмас бұрын Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының кітапханашысы Әсел Әбілқасова әскери қызметшілерді «Мәңгілік елдің мәңгілік тілі» атты кітаптар көрмесімен таныстырды.
Фестиваль шымылдығы әр түрлі ұлт өкілдерінен құралған сарбаздардың өз ана тілдерінде өлең шумақтарын мәнерлеп оқуымен ашылды. Көрермендерге «Тіл – ұлттың басты тірегі» атты танымдық бейнебаян көрсетілді. Кеш барысында «Достар» мәдениет сарайының, кітапхана өкілдерінің, Қазақстан халқы ассамблеясы мен бөлім сарбаздарының тақырыпқа сәйкес қойған концерттік бағдарламасынан залда отырған әскери қызметшілер рухани азық алып, бір серпіліп қалды.
Іс-шара соңында бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, майор Ұлықбек Қараев кеш қонақтарын Алғыс хаттармен марапаттап, естелік сыйлықтар табыс етті. Тілдер күніне арналған фестиваль жеке құрам мен кеш қонақтарының естелік суретке түсуімен аяқталды.
Бауыржан НҰРҒАЛИЕВ,
Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөлімінің лейтенанты.