1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Елімізде жыл сайын Қарттар күні дәстүрлі аталып келеді. Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан бұлжымас салтымыз. Халқымызда «Қариясы бар елдің қазынасы бар» деген киелі сөз бар. Қазақ халқының дәстүрінде үлкенді сыйлап, ақылын тыңдап, алдынан кесе өтпеген. Аға буынның мол тәжірибесі, сарқылмас даналығы және орасан қажыр-қайраты мен күш-қуаты әрбір отбасына ғана емес, бүкіл қоғамға пайдалы маңызды фактор болып табылады. Олар қоғамның дамуына белсене араласып, Қазақстанның іргетасын қалауға әрдайым өз үлестерін қосып келеді.
Тәуелсіз еліміздің бүгінгі жетістіктері ардагерлердің ерен еңбегі мен қажырлы жігерінің арқасы. Жасы ұлғайған шағында әрбір қария өзіне бөлінер көңілге, мейірімділік пен көмекке зәру. Көп ұлтты Қазақстан ардагерлері, Елбасының саясатын да әрдайым қолдайды.
Халықаралық қарттар күні қарсаңында республикамыздағы Ардагерлер ұйымының Орталық Кеңесі, еліміздегі барлық кәсіпкерлерге, еңбек ұжымдары басшыларына қарттарға көмек көрсетіп, олар үшін осы атаулы күнді ерекше мерекеге айналдыру тұрғысында Үндеу жолдайды.
Кімде-кімнің үйінде қартайып отырған әке-шешесі немесе атасы мен әжесі секілді асылдары болса, олар отбасының құты болып табылады. Ұрпағы құрметтеген ата-ана әркезде де бақытты. «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» деген сөз бар. Жастарымыз ата-анасының қадірін кеш болмай тұрғанда түсінсе екен. Осы бағытта көмекке мұқтаж қарттарымызды ел болып қамқорлыққа алайық. Халқымыздың «Көп түкірсе, көл болар», «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген жақсы сөздерімен бір жұдырықтай жұмыла қимылдап, елдігімізді көрсетейік. Кәсіпкерлерді, елі мен жерін құрметтейтін, қарттарын қадірлейтін әрбір ұлтжанды азаматты өз өңірлеріндегі ардагерлер ұйымымен байланыс жасап, көмекке зәру егде адамдарға мүмкіндігіне қарай қаржылай және материалдық көмек көрсетуге үлесін қосуға шақырамыз. Келешекке бейжай қарамайтын, Отанын сүйетін патриот азаматтардың белсенділігі арқасында еліміздің болашағы жарқын боларына ардагерлер сенімі мол.
Қазақстан Республикасы ардагерлер
Ұйымы Орталық кеңесі.