Қасиетіңнен айналайын, туған жер әр перзентінің көкірегін қоламтаның шоғындай қыздырып, сағынышымен әлдилеп жүрсе дейсің, шіркін! Ат жалын тартып мінген әр азамат туған жеріне титімдей болса да шарапатын тигізсе, өтпелі кезеңнің өкпек желінен тоңазыңқыраған шалғайдағы шағын ауылдардың шырайы кіріп қалар еді.
Ел ішінде жақсы жаңалық, әдемі жоралғы аз емес. Өткен жылы ғана «Туған жер» бағдарламасы аясында жалпы құны 5,5 миллиард теңге болатын 69 жанашырлық жоба жүзеге асырылды. Бұл әуел баста жобалаған жоспардан алты есе асып түскен көрсеткіш. Таратып айтатұғын болсақ, 86 нысан жаңадан салынған. Үшеуі балалар бақшасы, 25-і спорт алаңы, 8-і тұрғын үй, 7-еуі балалар алаңдары, 11-і мәдениет нысандары, 3-еуі медицина мекемесі. Міне, осылайша қалталы азаматтардың ізгі ниетінің арқасында ел олжалы болып отыр. Жоғарыда айтылған шаруаға қоса облыста 68 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілгендігін ауыз толтырып айта кетуге болар. Ізгі ниеттің ізетін көрген, ілкімді істің шарапаты шарпыған нысандардың 32-сі мектеп, 2-еуі балалар бақшасы, қалғандары мәдениет, спорт мекемелері.
Облыс орталығындағы спортсүйер қауымның назарын аударған жарқын жобаның бірі – «Ивеко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 200 миллион теңге қаражатына салынған спорт залы. Қазір игілігін ел көріп отыр. Бұрын шығыс жекпе-жегімен айналысатын спортшылар жаттығатын жер таба алмай, жертөлелерді жалға алып, тар қапаста тұншығып жүрсе, енді міне, кең де жарық спорт залға ие болып отыр.
–Бұл жеке спортшыларға ғана емес, тұтас елге жасалған жанашырлық деп ұғуымыз керек,–дейді Қазақстан Республикасының спорт шебері, қара белбеулі каратэші Әлімжан Молдағалиев,–еліміздің әр азаматы, балдырған баласы, жасөспірім жеткіншегі мықты болуы керек. Жұмысқа да, ел қорғауға да жарамды. Серіктестіктің өз қаржысын аямай, қалың елдің қажетіне жарайтын спорт залын салып беруі асқақ адамгершіліктің әдемі үлгісі деп есептеймін.
Шынында да қазір аталмыш спорт зал жастардың жиі шоғырланатын жері. Жалғыз шығыс жекпе-жегімен айналысатындар ғана емес, облыс орталығындағы футболқұмарлар да осында. Жаман тұмау жайламай тұрған уақытта күн құрғатпай жарыс өткізілетін. Елді думанды доданың қызығымен еліктіретін орынға айналған.
Степногорск қаласында «BBNURA» серіктестігі жалпы құны 75 миллион теңге тұратын диализ амбулатория орталығына жөндеу жұмыстарын жүргізді, жаңа заманғы медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті. Шалғайдағы шағын қала серіктестіктің шынайы жанашырлығының арқасында сапалы медициналық қызметке қол жеткізіп, бір тоғайып қалды. Осындай жан жадыратар жақсылық Ақкөл ауданында да орын алды. Мұнда «Хлебороб» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Наумов селолық округінің елді мекендерін мұнтаздай етіп тазалап, абаттандырды. Тозығы жеткен село ішіндегі жолдар тегістеліп, жөнге келтірілді. Округтегі әлеуметтік-тұрмыстық жағынан аз қамтамасыз етілген отбасыларға көмек көрсетілді. Осы қамқорлыққа 20,4 миллион теңге қаражат жұмсады. Жанашыр жандардың көмегіне ел разылығын айтып отыр. Аршалы ауданында жеке кәсіпкер Ольга Гутяр балалар бақшасының жауынмен бірге жауып тұрған, әбден көнерген шатырын жаңартып, бөбектер киініп-шешінетін жылы орынды салып берді. Оған қоса хоккей кортын орнатты. Бір адамның қолымен осыншама қамқорлық жасалып жатқандығы кімді болсын разы етеді емес пе? Егер елдің бәрі Ольга Васильевна тәрізді ортақ іске білек сыбанып кіріссе, талай елді мекеннің өңі кіріп, еңсесі көтеріле түспес пе еді. Бұланды ауданында Владимир Кужлев Новобратский елді мекеніндегі орта мектептің төбесін жаңартып берді. Кәсіпкер бұл жұмысқа 4 миллион теңге қаражатын жұмсап отыр. Бурабай ауданындағы Оқжетпес ауылында жеке кәсіпкерлер З.Велиев пен Ж.Сүлейменов интернационалист жауынгерлерге жалпы құны 9,4 миллион теңге болатын тамаша ескерткіш орнатты. Жауынгерлік борышын атқару мақсатында опат болған азаматтардың аруағы разы. Сонадайдан көз тартатын ажарлы, айбынды ескерткіш кейінгі ұрпаққа алдыңғы толқын ағалардың ерлігі мен өрлігін меңзеп тұрғандай. Адам аяғы көп жүретін курортты аймақтағы парасат тұғыры келімді-кетімді кісілердің де көзіне жиі түседі. Ерлікпен қоса құтты елдіктің белгісіндей болып тұр.
Егіндікөл ауданында спортқұмарларды серпілткен әдемі жаңалық орын алды. «Сарымсақты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жалпы 17,1 миллион теңге болатын ангар типтес ат шаптырым спорт залын салып берді. Шағын ауданның жастары үшін ақ түйенің қарны жарылған оқиға. Бұрын бос уақытында барар жер таба алмай жүретін бозбалалар мен бойжеткендер енді әсірелеп айтқанда, спорт залдан шықпайды десе болғандай.
Имандылық ұясы, Алланың жердегі үйі – мешітті салып беріп, жамағатты жақсы іске бастап, ұйытқы боламыз дейтіндер де аз емес. Мәселен, Ерейментау ауданында Х.Япас, Б.Ахметулин, К.Мукабак, К.Капас тәрізді азаматтар жалпы құны 21 миллион теңге болатын жаңа мешіт салып берді.
Ел тарихында елеулі оқиға болып саналатын тың игеру дәуірі де ұмыт қалмаған. Мәселен, Жақсы ауданындағы «Труд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алғашқы тың игеруші Василий Рагузовтың өнегелі өмірі мен тың даланың төсіндегі тындырымды еңбегін баяндайтын музейді жаңғыртты. Бір жақсысы кейінгі жасты еңбекке тәрбиелеуде ықпалы мол.
Жарқайың ауданында «Жарқайың» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Костычево селосындағы спорт залына 35 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Қазір спорт залдың іші құрылысшының қалағынан жаңа шыққандай сыңғырлап тұр. Село жастары бос уақыттарын осында өткізеді. Араларында аудандық, облыстық спорт сайыстарында жүлделі орын алып жүргендері аз емес. Ауыл спортының өркендеуіне ат салысқан серіктестік басшыларына тұрғындар да дән разы. Дәл осындай жанашырлық ізгі қадам Қорғалжын ауданында да көрініс берді. Кәсіпкер А.Балтабеков аудандағы орталық стадионды 20 миллион теңгеге жөндеп беріп, ел алғысына ие болып отыр.
Өңірдегі өнегелі іс Сандықтау ауданында қанат жайған. Осындағы ағайынды Оразалиндер жетекшілік ететін «Байдалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі көп пәтерлі үйге күрделі жөндеу жасап, алты жас маманға пәтер беріп отыр. Оған қоса Веселое орта мектебінің күрделі жөндеу жұмысына 30 миллион теңге қаражат бөлген.
Осы тақырыпты қаузағанда қыз-келіншектердің де ердің ерінің ғана қолынан келетін өнегелі іс атқарып жүргендігін екпін түсіріп айтпай тұра алмас едіңіз. Целиноград ауданындағы Қосшы ауылында «Қазына СР» компаниясының бас директоры Сайра Матайбаева құны 350 миллион теңге болатын 200 орындық сыңғырлаған су жаңа мектеп салып бергендігін айтсаңыз, жанашыр істің жоралғысына көңіліңіз гүлдейді.
Аудандағы Мәншүк ауылында белгілі меценат Тимур Пішеновтың салып берген жаңа балалар бақшасы сәбилердің шат күлкісіне толған. Кәсіпкер бұл нысанды мемлекетке тегін беріп отыр. Жанашыр жанның жақсы ісі жалғыз бұл ғана емес, кішкентай ғана елді мекенге элиталық дүкен салды, селолық клубты күрделі жөндеуден өткізді.
Көкшетау мен Қараөткелдің бойын жайлаған жалпақ жұрттың ішінде кісілігімен танылған атымтай жомарттар аз емес. Соның ішінде екі меценат республикалық «Жомарт жүрек» сыйлығына ие болды. Олар Жарқайың ауданындағы «Жарқайың» серіктестігінің басшысы Виталий Камышанский мен «Шуйское 21» серіктестігінің директоры Алтынбек Құрманқұлов.
Туған жердің төсін түлеткен, ауылдардың ажарын кіргізген азаматтарға мың алғыс. Елдің елдігін көрсететін, бірлігін байқататын берекелі іс биыл да жалғасуда.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.