Көкшетауға сырттан келетіндердің барлығынан ПТР (полимеразды тізбекті реакция) тестілеу нәтижесі талап етіледі

13 қарашадан бастап Көкшетау қаласына басқа облыстар мен қалалардан қатынайтын азаматтардан санитарлық бекеттерден өтетін кезде ПТР тестілері талап етіледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облысымыздың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина мәлімдеді.

Облысымызда соңғы тәуліктерде коронавирус індетінің көптеп тіркелуіне байланыс-ты 13 қараша күні сағат 00:00-ден бастап бас санитарлық дәрігердің жаңа қаулысы күшіне енеді. Соған сәйкес, облыс орталығының периметрі бойынша орнатылған санитарлық бекеттерде бақылау күшейтіледі.
– Өкінішке орай, облысымызда эпидемиологиялық жағдай ушыға түсуде. Коронавирустың лабораториялық расталған деректері көбеюде. Көкшетау, Степногорск қалалары мен Біржан сал, Бурабай аудандары науқастардың тіркелуі бойынша алдыңғы қатарда. Өткен аптада өсім 1,6 есені құрады. Ал, өткен үш аптада індет жұқтырғандар саны 3 есеге өсті, – деген Айнагүл Советқызының айтуынша, осыдан төрт күн бұрын Ақмола облысы «жасыл аймақта» болса, қазіргі таңда біздің өңір «сары аймаққа» алынып отыр. Бұл карантин шараларын жедел түрде күшейту қажеттігін білдіреді. Қарашаның 7-сінде Көкшетау қаласының аумағында санитарлық бекеттер қойылып, қалаға кіріп-шыққан тұрғындар арасында термометрия, сауалнама жүргізілген болатын. Енді, 13 қарашадан бастап облысымызда тіркелмеген азаматтар санитарлық бекеттерден өтетін кезде соңғы үш тәулікте жасалған ПТР-тестілеудің нәтижесін көрсетуге міндетті болады.
Сонымен қатар, жаңа қаулыға сәйкес, аумағы 500 шаршы метрден асатын азық-түлік емес дүкендердің, ойын-сауық, сауда орындарының жұмыс уақыттарына шектеу қойылады. Олар жұмыс күндері 10.00-ден 19.00-ге дейін, сенбі күні 10.00-ден 17.00-ге дейін жұмыс істейді, ал, жексенбі және мереке күндері жұмыстарын жалғастыруға рұқсат жоқ. Егде жастағы адамдар ауруға бейім келетіндіктен, 65 жастан асқан тұрғындарға далаға себепсіз шығуға шектеу қойылды. Үйге қонақ шақыруға, той өткізуге бұрынғыша рұқсат етілмейді. Осы ретте, қаулыға қысқаша тоқталып өткен облысымыздың бас санитарлық дәрігері карантин режиміне қарамастан, бірқатар мейрамхана иелерінің тұрғындарға той өткізуге рұқсат беріп жатқанын айтты. Мәселен, өткен демалыс күндері рейд шаралары кезінде эпидемиологиялық қызмет пен тәртіп сақшылары «Аристократ» рестораны мен «Бал махаббат» кафесінде тойдың үстінен түскен. Аталған ойын-сауық орындарының иелеріне Қазақстан Респуб-ликасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 425-бабы бойынша шара қолданылады.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар