Абайлаңыз, мұз әлі жұқа!

Өңірлік коммуникациялар қызметінде  Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қанат Доспаевтың  қатысуымен баспасөз конференциясы болып өтті.

Жиын барысында департамент бастығының орынбасары өңіріміздегі су айдындарында адамдардың қаза болуына жол бермеу бойынша алдын алу іс-шаралары туралы баяндады. – Қыс қылышын сүйретіп келеді. Су айдындарында мұз қатып жатқанын байқаймыз. Алайда, абайлау керек, мұз әлі жұқа! Көбінесе күзгі-қысқы кезеңде бұл жағдай балалар мен балық аулауды ұнататындарға аса қауіпті. Өңірімізде осындай уақытта мұздың қатпағанына қарамастан қауіпсіздік шараларын ұстанбаған қаншама азамат жапа шегіп, тіпті бірнеше рет қайғылы оқиғалар да орын алды.

Күні бүгінге дейін 2015 жылы орын алған қайғылы оқиға елдің есінде. Жалғанда жан баласы үшін бала қайғысынан артық қасірет жоқ шығар.  Сақтанып жүруіміз керек! Естеріңізде болар, 2015 жылы Астрахан ауданының Старый Колутон ауылының 1 сыныпта оқитын үш оқушысы мектептен шығып, Колутон өзенін кесіп өтіп, Заречное ауылына әлі де мұздың жұқа екеніне қарамастан, өзен бойымен төтесінен үйге жетпекші болады. Мұның арты ауыр қазаға апарып соқты. Мұз астына түсіп, шыға алмаған балалардың қайғысы кім кімге болмасын ауыр соққаны есімізде. Сонымен қатар, 2018 жылдың қараша айында Көкшетау қаласындағы Қылшақты өзенінің ортасында қатпаған мұздың астына түсіп кеткен тоғыз жасар бала суға батып кете жаздаған еді. Бақытымызға орай, баланың көрер жарығы бар екен, сол маңнан қайсар жандар табылып, баланы дер кезінде құтқарған, – дейді департамент бастығының орынбасары.

Жиында белгілі болғанындай, 2018 жылғы қарашада Аршалы ауданындағы Астана су қоймасында және Қорғалжын ауданындағы Нұра өзенінде әуесқой балық аулаушылардың  қаза болуының 2 фактісі тіркелген екен. Олар судағы қауіпсіздіктің қарапайым қағидаларын ескермеген болып шықты. Өкініштісі, соңы қайғылы оқиғамен аяқталды. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 23 қазанында Астрахан ауданындағы Баршын көлінде әуесқой үш балықшы қаза тапты, олар да судағы қауіпсіздіктің қарапайым ережелерін ескермеген. Осыған ұқсас жағдайлар ағымдағы жылдың 5 қарашасында Атбасар ауданы Ақан Құрманов ауылдық округінің маңында, Есіл өзенінде балық аулау кезінде 1951 жылы туған азамат суға батып кетті және ағымдағы жылдың 11 қазанында да Қорғалжын ауылындағы Қоржынкөл көлінде балық аулау кезінде осындай оқиға орын алған. Жоғарыда аталған барлық фактілер халықтың басым көпшілігі қарапайым қауіпсіздік шараларына жете мән бермейтіндігін аңғартып отыр дейді департамент өкілі.

– Суда адамдардың қауіпсіздігін ұйымдастыру үшін біздің департамент қызметкерлері полиция департаменті және волонтерлік ұйымдармен бірлесіп, облыс аумағында суда қаза болудың алдын алу бойынша іс-шаралар кешенін жүргізеді. Арнайы рейдтер жүйелі жүргізіліп тұрады. Аңшылық және балық аулау маусымы кезеңінде облыс бойынша полиция департаментінің аумақтық бөлімшелерімен бірлесіп, 840 рейд және патрульдеу жүргізілді.  Суда адам өлімінің алдын алу мақсатында әлеуметтік желілерде,  бұқаралаық ақпарат құралдарында танымдық мақалалар жарияланып, үгіт насихат жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Бүгінгі баспасөз мәслихатында да ел тұрғындарына қауіпсіздік шараларына жүрдім-бардым қарамасақ екен деген үндеу жолдағым келеді, – дейді Қанат Қабиболлаұлы.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар