Көкшетау қаласындағы №2 орта мектеп-лицейінде «Еркін елдің ертеңі – кемел білім мен ана тілінде» тақырыбында қазақ тілі мен әдебиетінің апталығы болып өтті.
Еліміз өз тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі болып бекітілді. Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңы күшіне енді. Болашағымызды баянды етер басты қаруымыз – тіліміз. «Адамға екі нәрсе тірек тегі, бірі – тіл, бірі – ділің жүректегі», деп Жүсіп Баласағұн бабамыз айтқандай кез-келген мемлекеттің, елдің ең негізгі рәмізі де, ұраны да, тірегі де сол елдің ана тілі болмақ.
Апталықтың эпиграфы ретінде қазақтың ақыны, ғалым, педагог Ахмет Байтұрсыновтың «Өз тілі мен әдебиеті бар ел ғана дербес ел бола алатынын біз ұмытпауымыз керек» деген қанатты сөзін алдық. Апталықтың мақсаты «Егеменді еліміздің болашағы – жастар» деп, Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай, оқушыларға қазақ тілі мен әдебиетінен жан-жақты білім бере отырып, олардың ана тіліне, әдебиетке, өнерге деген сүйіспеншіліктерін арттыру болып табылады.
Биылғы апталықтың ерекшелігі – іс-шаралардың барлығы онлайн түрінде қашықтықтан «Zoom» платформасы арқылы өтті. 10-11 сынып оқушылары Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдық мерейтойына орай «Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген» тақырыбында эссе жазды. Келесі күндері 5-6-7 сынып оқушылары арасында Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай «Поэзия, менімен егіз бе едің?» мәнерлеп оқу сайысы өтті. 8-9 сынып оқушылары арасында «Тәуелсіз елдің тұңғыш Президенті» презентация қорғау сайысы ұйымдастырылды. Сондай-ақ, 5-6 сынып оқушыларының қатысуымен «Ахмет Байтұрсыновтың қырық мысалы несімен құнды?» дөңгелек үстелі өткізіліп, апталықтың қорытындысында сайысқа қатысып жүлделі орынға ие болған барлық оқушылар мақтау мадақтамаларымен марапатталды.
Апталықты ұйымдастырып, өткізген білім ошағының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері – Э.А.Ділдабаева, Н.С.Қазбекова, Қ.Н Құрманова және бірлестік жетекшісі А.К.Қапбасова. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтқандай, әріптестеріме шығармашылық ізденістер, ғылыми жаңалықтарыңыз арта берсін деген тілек айтамын.
Қамар ҚҰРМАНОВА,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санатты зерттеуші мұғалімі.