Ауыл спортының дарабозы

Ақмола өңірінде балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулуға сүбелі үлес қосып келе жатқан бапкерлердің бірі – Марат Жармағанбетов. Ол өзінің жарты ғасырдан астам саналы ғұмырында мыңдаған шәкірттерге қазақ күресі мен еркін күрестен тәлім-тәрбие беріп келе жатқан тәжірибелі ұстаз.

Марат 1974-2005 жылдар аралығында бұрынғы Көкшетау облысы Қызылту ауданы Амангелді ауылында балалар мен жасөпірімдер спорт мектебінде қызмет атқарған мықты жаттықтырушылардың бірі. Ол спорт мектебіне жас маман ретінде соны жаңалықтарымен келіп, білім шаңырағын алға жетелеумен болды. Марат Жармағанбетұлының жұмыс істеу, басқару тәсілдері мен сияқты талай шәкірттердің спортшы болып қалыптасуларына үлкен жол ашты. Оның тәлімгерлігімен ең алғаш қазақ күресінен жақсы нәтиже көрсетіп, ауыл мерейін асқақтатқан аудан чемпионы Серік Айтмұқұшев, облыс чемпионы Жаңалық Маштиев, республика деңгейіндегі Нұртас Шаткеновтерді мақтанышпен атауға болады. Білікті бапкерден тәлім алған көптеген шәкірттері кейін спорт жолында жаңа жетістіктерімен танылып, қазіргі таңда еліміздің түпкір-түпкірінде бапкер болып жұмыс істеуде.
Нақтырақ айтсақ, ауыл балаларын күрес өнеріне баулыған Марат Жармағанбетұлының самбодан Еуропа чемпионатының жүлдегері Айбек Қаржанов, Азия біріншілігінің жүлдегерлері Нұрбек Қаржанов пен Бауыржан Мәдимұхамедов, Қазақстан чемпиондары мен спорт шеберлері Нұртас Шаткенов пен Аслан Мәдимұхамедов сынды шәкірттерін мақтанышпен айтуға болады. Сондай-ақ, спорт шебері атағын алған ағайынды Ардақ, Айбек, Нұрбек Қаржановтар, Бауыржан, Аслан, Ардақ Мәдимұхамедовтар және Нұртас Шаткеновтың орны бөлек. Амангелді ауылынан шыққан палуандардың жүзден астамы спорт шеберіне кандидат атанған. Өз баласы Дидар Жармағанбетов та еркін және қазақша күрестен аудан, облыс және республика жүлдегері. Мектепті бітірген соң Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Көкшетау институтын жақсы тәмамдап, қазіргі таңда осы салада еңбек етіп жүр.
Сондай-ақ, ерекше атап айтатын шәкірттерінің бірі – Ерсана Қапаров. Ол Көкшетау қаласындағы «Бурабай» спорт сарайында мүмкіндігі шектеулі балаларды жаттықтырады. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды спортқа баулу және баптау арнайы көңіл бөлуді талап ететіні сөзсіз. Соған қарамастан, Ерсана көптеген жетістіктерге жетті. Ол тәрбиелеген спортшылардың алтауы республика көлемінде және біреуі халықаралық жарыстардың күміс жүлдегері.
Марат Жармағанбетұлы 2005 жылы Зеренді ауданына қоныс аударуына байланысты аудандағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің Ақкөл бөлімінде еркін және қазақ күресінен жаттықтырушы болып қызмет істеуін жалғастырып келеді. Қазіргі кезде де білікті бапкер жасөспірімдерді күрес өнеріне үйретуде абыройлы еңбек етіп жүр. Шәкірттері республикалық, қалалық, облыстық және халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып, қанаттары қатая түсуде. Оның талантты шәкірттері Нұртілеу Көкенов, Бақтияр Әбуов, Арұлан Мұхаметәлі, Ерсін Әбілқасымов Қазақстан Республикасының көптеген облыстарында өткен жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрінуде. Олар Ресей, Татарстан, Башқұртстан, Якутия, Бурятия, Дағыстан, Шешен, Беларусь Республикаларының жарыстарына қатысты. Атап өтсек, 2020 жылдың 14-15 ақпанында Беларусь Респуб-ликасында оқушылар арасында өткен жарыста Арұлан Мұхаметәлі І орынға ие болды. Ақпанның 18-інде Қарағанды қаласында еркін күрестен жастар арасында өткен турнирде ІІІ орынға қол жеткізді.
Қазіргі таңда төртеуі де спорт шеберіне үміткерлер. Бапкерлерінің жолын қуған олар Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің спорт және дене шынықтыру факультетінің студенттері. Сондай-ақ, Марат Жармағанбетұлының ізін басып келе жатқан Махат Хамитов, Жақсыгелді Мәдимұхамед, Амантай Райымбек, Қайырбек Айқын Степногорск қаласындағы спорт мектебінде оқып жүр.
Еркін күресінің саңлағы, атақты бапкер Марат Жармағанбетұлы қазақ спортына зор еңбек сіңірген тұлға. Ол Қазақстан Республикасының Спорт және туризм министрлігінің «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» атағының иегері, Қазақстан Респуб-ликасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің «Құрметті спорт қызметкері», Азия құрылығы Қазақ күресі Федерациясының «Қазақ күресіне еңбек сіңіргені үшін» төсбелгілерімен марапатталған.
Халқымыз қашанда жампоз жігіттерді «сегіз қырлы, бір сырлы» деп атап, «жігітке жеті өнер де аз» деп, үмітін үкілеп отырған. Биылғы жылы 70 жасқа толғалы отырған қазақтың көрнекті бапкері Марат Жармағанбетұлы осы қанатты сөзге лайықты айтулы азаматтың бірі. Оның бапкерлігімен қоса, ұстаздығы, әншілігі, ақындығы, домбырада шебер ойнап, жиын тойдың сәні болатыны да бар. Суретті де жақсы салып, адамдармен тез тіл табыса алатын қасиеті де оның бойындағы жеті қырын түгендеп тұрғандай. Онымен әңгімелескенде «Сізді жұрт кәсіби бапкер ретінде таниды. Жалпы бапкер деген кім? Чемпион тәрбиелеу қиын ба?» деген сұрағымызға:
– Мәселен, мүсіншіні алайық. Ол айлап-жылдап бір мүсін жасауы мүмкін. Ал, ол мүсіні ойындағыдай шықпаса, бұзып тастауға немесе ешкімге көрсетпей тығып тастауға мүмкіндігі бар. Бірақ, біздер, бапкерлер қаншама жылымызды сарп етіп дайындаған шәкіртіміз жолдың соңында жарамсыз болып шықса, оны бұзып тастауға немесе ешкімге көрсетпей бір жерге тығып тастауға құқымыз да, мүмкіндігіміз де жоқ. Өйткені, бұл – өмір. Ол – адам, – деп жауап берді.
– Мұндай мысал келтіріп отырған себебім, бапкер деген ең алдымен мықты стратег болуы керек, – дейді ол одан әрі. – Алдыңа келген жүз баланың ішінен өзіңмен бірге от-су кешіп, спорттың шыңына бірге шығатын баланы таңдай білу, көп баланың ішінен тап басып тани білу – кез-келген бапкердің қолынан келетін нәрсе емес. Жалпы, шәкірт тәрбиелеу қиын емес те шығар. Көптің бірі етіп, әйтеуір, спортқа келген екен деп, күнделікті жаттығуын жасатып, кешке үйіне шығарып салып, жалақыңды алып, өмір кешуге әбден болады. Бірақ, алдыңа келген баланы жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар ету, оның потенциалын дұрыс пайдаланып, спорттың дара жолына салу оңай емес. Тіпті, кез-келген бапкердің дәті жетіп, мойнына жүктей алмайтын жұмыс десем қате айтпаған болар едім.
Иә, Марат Жармағанбетұлының сөзімен айтсақ, бапкердің бойында үш нәрсе қайнап жатуы тиіс екен. Біріншісі, кәсібилік, яғни, өз ісіңнің шебері болмасаң, сен чемпион түгіл, дұрыс спортшы да тәрбиелей алмайсың. Екіншісі, темірдей төзім мен жан төзбес шыдамдылық болуы керек. Қанша айтқанмен, біреудің баласын тәрбиелейсің. Тәрбиелегенде де басынан сипап, қолына тәтті тоқаш ұстатпайсың, қаққанда қанын, соққанда сөлін аласың. Өйткені, спорт – әлсіздікті көтермейді. Үшіншіден, нағыз бапкер – мықты стратег, алдындағы баланың болмысын дөп басып тани алатын түйсігі мықты ұстаз болуы керек екен. Міне, осы үш мінезді бойына жинаған бапкер қай уақытта да тек чемпион тәрбиелеп шығаратын болады, – деп ой түйеді білікті бапкер.
Осындай ауыл спортын алға сүйреп, өскелең ұрпақ тәрбиесіне, ел намысын қорғауға қомақты үлес қосып жүрген білікті бапкерлердің бар болғаны қандай ғанибет. Өмір жолын осындай ізгі істермен жалғағаны, ауыл балаларына үздіксіз тәлім-тәрбие беріп келе жатқаны үшін мың алғыс. Марат Жармағанбетұлының өз еңбегінің жемісін көріп, баянды ғұмыр кешуіне барша шәкірттерінің атынан жүрекжарды тілегімді білдіргім келеді.
Баян МАШТИЕВА,
Ақкөл орта мектебі директорының орынбасары.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар