Дуалаудың залалды жақтары

Дуалау қазақтардың арасында ғана емес, жалпы әлем халықтарының, оның ішінде мұсылман дінін ұстанатын халықтардың арасында да ертеден бар құбылыс. Мен қазағы қалың ауылда туып-өстім және бала кезімнен қазақы салт-дәстүрлерді санама сіңірдім. Айта кету керек, дуалау деген қазақтардың арасында ертеден жиі кездесіп қалатын құбылыс десек, артық айтқандық болмас. Өз басым дуаланған біраз әйелдер мен ер адамдарды көрдім.

Біздің бір немере ағайымыздың тұрмысқа шығып кеткен бізге апа болып келетін сол тұста жасы елулердің үстіне шыққан әйел ауылға қыдырып жиі келіп тұратын. Сөйлегенде, жүріп-тұрғанда оның ақыл-есінің ауысқаны сезіле қоймайтын. Дегенмен, ол кісі көктемде құстар келгенде және күзде құс қайтар кезде ауруы қозып, құтырынып кететін. Ол кезде баласы мен келіні оны үйлерінен шығармай күшпен ұстайтын.
Әлгі кісінің өз аузынан мынадай жайды естідім. Жас келін болып түскен кезінде енесі жалғыз ұлын басынып кетеді деп ойласа керек, келінін дуалап, оған байлап қойғысы келеді. Бірде жастығының арасынан ол тұмар сияқтандырып үшбұрышты етіп тіккен затты тауып алады. Ашып қарағанда араб тілінде жазылған жазуды көреді. Адамды дуалайды дегенді бұрыннан естіп өскен ол әлгі дуаны алып отқа жағып жіберіпті. Көп ұзамай ол ауруға шалдығады. Көктемде құстар келгенде, күзде құс қайтар тұста ауруы қозып, ақыл-есінен айырылады екен. Кейінірек молда-тәуіптерге барып көрінеді, дегенмен емі болмапты. Бір тәуіп оған «дуаны отқа бекер жағыпсың, отқа жанған соң ол өршіп қозып кетеді, керісінше суға тастау керек еді, сонда күші азаяды» дегенді айтыпты.
Біздің бір ағайымыздың әйелін оның шешесі дуалап, әлгі жеңгеміз ақылынан айырылып қалды. Ол ұжымшарда жұмыс істеп жүрді, дегенмен ара-тұра ақылы ауысып, құтырынып кететін. Міне, дуалау деген нәрсенің адамға тигізетін әсері осындай екен. Әйел немесе ер адам өзі ұнатқан адамды дуалау арқылы өзіне байлап қойғысы келеді, бірақ, оның соңы әлгі дуаланған адамның ақыл-есінен айырылып, жарымжан болуына әкеп соқтырады екен.
Күйеуінен немесе ұнатқан жігітінен, болмаса қызынан айырылып қалудан қорқып, оны ұстап тұру үшін дуа жасататындар сыйқыр немесе дуаның үлкен күнә екендігін, дінде ол қатты айыпталатынын білмейтін сияқты. Дуалаған адам да, дуа жасатқан да бұл күнәні бөліп арқалайды және оның күнәсі де ауыр болмақ.
Дуалаудың зиянды жақтары өте көп. Жоғарыда айтқанымыздай, дуаланған адам міндетті түрде еркінен және ақыл-есінен айрылып, жарымжан пендеге айналады. Ондай адамды, тіпті дуаның күшімен өзіне қайтарып алған күннің өзінде, әйел де, ер адам да одан бұрынғыша бақытты болып кете алмайды. Яғни, дуалаудың күшімен отбасын сақтап, бақытты боламын деу жәй ғана ақымақшылық.
Оның тағы бір залалы – дуаланған адам психикалық дертке ұшырап, жаны мүгедек адамға айналады. Ондай адамдар енді ешқашан толыққанды адам болып өмір сүре алмайды. Осылайша дуалау арқылы ұнатқан жанды қайтарып алып, бақытқа жетемін деген адам керісінше сүйгеніне жамандық жасап, оны мүгедек еткенін білмей қалады.
Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар