Кейбір адамдар ауылдағы әйел бейнесін басында орамалы, қолында шелекпен күрегі бар мал мен құстың ортасында жүрген жан ретінде елестетеді. Алайда, заман өзгерді. Бүгінгі күні ауылда да күнделікті үй және үкімет жұмысымен бірге, өзін-өзі күтетін қазіргі заманғы әйелдер тұрады.
Осындай әйелдердің бірі – кәсіпкер Айнұр Ыдырысова. Ол Көркем ауылының тумасы. Орта мектеп пен педагогикалық институтты бітіргеннен кейін бастауыш сыныпта дәріс берді. Айнұр кәсіпкерлік саласына ауысамын деп ойлаған жоқ. Бұл ой тұрмысқа шыққаннан соң туындады. Қайын атасы оның кәсіпкерлікке ыңғайы бар екенін аңғарып, отбасылық бизнеске алды. Кейін жас келіншек Егіндікөл селосындағы азық-түлік және өнеркәсіп тауарларын сататын дүкеннің иесі атанды. Бүгінгі күні дүкен тұрақты кіріс әкелуде. Ал кәсіпкер болса, аудан өміріне белсене араласып, әр түрлі аудандық шараларды өткізуге демеушілік жасауда. Сондай-ақ, өзге де оң істері жетерлік. Оның дүкенінде игілікті іс сөресі тұрақты түрде жұмыс істейді. Сөреде әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдар үшін тегін берілетін азық-түлік тағамдары орналастырылған. Мұндай игілікті істі егде және мүгедек адамдардың проблемасына бей-жай қарамайтын Егіндікөлдің қарапайым адамдары да қолдауда. Материалдық көмекті қажетсінетін әрбір адам дүкен сөресінен өзіне қажетті нан, тары, қант тәрізді азық-түлік тағамдарын тегін ала алады.
–Ұмтылмасаң бизнес дамымайды. Жетістікке тек қана іскерлікпен қол жеткізуге болады. Онсыз шеттен құйылған қаржы да көмектесе алмайды. Кәсіпкер әйел отбасы мен қызметті бірге алып жүре алады. Балаларға деген сүйіспеншілік – бұл өзіңнің жан-дүниеңнің көрінісі. Сондай көрініс балада да бар. Өз дарыныңды жүзеге асыра алмасаң, балаларың да ойлаған арманына жете алмайды,–дейді Айнұр Ыдырысова. Бүгінгі күні оның қызы Еуразия университетінде білім алуда. Тағы бірі Чехияның жоғары оқу орнында оқиды.
–Маған екі сүйікті қызыма қамқор және жар болу ұнайды. Оған бизнесімнің еш кедергісі жоқ. Отбасым бизнеске кедергі емес, керісінше көмектеседі. Бүгінгі күні күн санап өрге басқан бизнесіме қарамастан, өзімнің бақытты отбасыммен мақтанамын,–дейді Айнұр Ыдырысова бізбен әңгімесінде.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Егіндікөл ауданы.