Әсемнің «Әсем» салонын ел біледі

Бүгінгі күні өзінің кір жуып, кіндік кескен елдімекенінен ұзамай, өз кәсібін ашып отырған іскер жандар баршылық. Солардың бірі – жеке кәсіпкер Әсем Сағынаева. Ол 1980 жылы Егіндікөл ауданының орталығында туған. Мектепті аяқтаған соң аспазшы мамандығы бойынша колледжде оқыды.

Бүгінгі күні аспазшыға сұраныс көп болғандықтан, бұл мамандыққа жұмыс табу қиын емес. Әсем бұл салада екі жыл еңбек етті. Мектеп қабырғасында шаштараз болуды армандайтын. Ол өзінің осы арманының ең биік шыңынан көрінгісі келді. Сөйтіп, Нұр-Сұлтан қаласындағы шаштараздың арнайы курсын оқып бітірді. Егіндікөл кентіне оралғаннан кейін тиісті мекемеге жеке кәсіпкер ретінде тіркелді. Міне, оның өзінің сүйікті мамандығы бойынша еңбек еткеніне 11 жыл толыпты.
Алғашқы беттен ол өз жерлестерінің көңілінен шыға білді. Өз үйінің бір бөлмесін шаш алуға арнады. Шаш алушылар саны көбейген соң бөлмені кеңейту, су құбырын тарту, есік орнату тәрізді мәселелер туындады. Осы кезде өңірде «Жұмыспен қамтудың Жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының пилоттық жобасы бастау алды. Оның жағдайымен танысқан Әсем бағдарламаның «Ауылда кәсіпкерлікті дамыту» бағыты аясында Астанадағы бизнес жүргізудің қысқа мерзімді курсын бітірді. Бірақ, қалыптасқан жағдай шаштаразды біраз сынақтан өткізді. Ол өз мақсаты үшін «Жарқайың-Бизнес» несиелік серіктестігінен 1 миллион теңге несиені ала алмады. Өйткені, кепілдікке қоятын мүлкі болмады. Бұл қиындыққа ол мойымады. 2011 жылы жерлестерімен бірге «Есіл» шағын несие ұйымы» серіктестігіне несие алуға жолықты. Бұл серіктестік шағын қаржылық ұйымдардың арасында конкурс жеңімпазы атанып, аталмыш бағдарламаның қатысушыларын несиелеу құқына ие болған еді. Әсем несие алу үшін барлық құжаттарын жинап, қаржы түсуді күтетін селолықтар тізіміне кірді. Өйткені, 2011 жылы бұл бағытқа бөлінген қаржы барлық селолықтар қажеттілігін қанағаттандыра алмады.
–Бұл нақты мемлекеттік қолдау. 2012 жылы қарыз алушылардың жағдайы жақсара түсті. Бір мезгілгі комиссиялық жиын 1 пайыздың орнына 5 пайызды құрады. Несие бойынша жылдық сыйақының ставкасы 7,5 пайыздан 5 пайызға дейін азайды. Кепілдіктің қамтамасыз ету сомасы төмендеді. Сондай-ақ, негізгі қарызды жабу 18 айға кейінге қалдырылды,–дейді жеке кәсіпкер Әсем Сағынаева бізбен әңгімесінде. Өз күшіне сенімді жас кәсіпкер мемлекеттік қарызды үш жылдың ішінде кері қайтарды. Оның пікірінше, бұл мемлекеттік бағдарлама адамдардың өз ісін ашып, жұмыс істеуіне мүмкіндік тудыруға бағытталған. Бүгінгі күні оның өз сұлулық салоны кент орталығында орналасыпты. Мұнда шаш алудан өзге де қызметтер көрсетіледі. Сондай-ақ, Әсем «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында зейнеткерлерге 50 пайыз жеңілдік жасайды. Жеке кәсіпкер өзінің сыпайы мінезінің арқасында барлық адамдармен тез тіл табысуда.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Егіндікөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар