Ақмола облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт мамырдың 8-де Көкшетаудың Зеренді бағытындағы саяжай аумағында орын алған. Бұл туралы сағат 12:44-де «101» пультіне хабарланды. Онда «Целинник» және «Авиатор» саяжай кооперативтерінің учаскелерінде құрғақ шөптің жанып жатқандығы туралы айтылды.
Өртті сөндіруге ТЖД жеке құрамынан 73 адам және 8 арнайы өрт сөндіру техникасы жұмылдырылды. Сондай-ақ, Көкшетау техникалық иститутынан 25 курсант және 2 техника, жергілікті атқарушы органдардан 4 қызметкер және 4 техника қосымша тартылды.
«Өрт аумағы 5 гектарды құрады. Өрттің салдарынан 16 саяжай үйі отқа оранды. Оның 6-уы «Целинник», 10-ы «Авиатор» саяжай кооперативтеріне тиесілі. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрт қоқыс пен құрғақ шөпті жағу кезінде қауіпсіздік ережелерінің сақталмауынан шыққан», — деп атап өтті Көкшетау қалалық Төтенше жағдай басқармасының бастығы Әсет Жақсылықов.