Туған жерді жалықпаймын сүюден

КӨРНЕКТІ
Балалық базар сенде өтті,
Күн көзі салған өрнекті.
Есіме түссем сағынам,
Жерім-ау менің, Көрнекті.

Таттырып тәтті, кермекті,
Өмірге биік өрлетті.
Қолдарын созса Бурабай,
Ұшырған ұям. Көрнекті.

Аққулы көлдер, ақ айдын,
Түсіме енсе сендегі,
Қырларға шығып қараймын,
Сағыныш кернеп кеудені.

Қыры жоқ біздер кезбеген,
Сырымды мөлдір сез деген.
Туған жер, сені сағынам,
Өлеңге іңкәр кезде мен.

ТУҒАН ЖЕР
Туған жерді жалықпаймын сүюден,
Сағынғанда жыр жазамын жар салып.
Даламды аңсап шыққан кезде үйімнен,
Сезем сонда сүйгенімді қаншалық.
Отырсаң да айға білеп азуды,
Отан деген емес ойдың ермегі.
Оқысаң ғой…жүректегі жазуды,
Білсеңдер ғой…махаббатты мендегі.

Сөзім өтер сәби менен балаға,
Демейді олар күдіктеніп ол қалай?
Айтар едім «Сүйемін» деп далаға,
Қойса қайтем далам оны тыңдамай.

Мен емеспін көптің сөзін қайталар,
Туған жерсіз ұша алмаспын аспанға.
Таза ма екен табандарың байқап ал,
Туған жердің топырағын басқанда.

Бұл дүниеде маған қымбат дала бар,
Шулап жатқан қамысы мен орманы.
Жазылады жүректегі жаралар,
Жусанынан бір иіскесем болғаны.

* * *
Жыр оқимын,
Мұрсат бер, ғасыр маған.
Бұршақ болам,
Төбеңнен тасырлаған.
Тыңда мені,
Тауларым тебіреніп,
Тыңда мені…
Қозғалмай жасыл ғалам.

Құшақтасып,
Көгілдір көктеміңмен,
Жыр оқимын,
Көкшенің бөктерінен.
Қыран болып,
Қонамын қияларға,
Жерден емес,
Олжасын көктен ілген.
Жыр оқимын,
Дауылда, тұмандарда,
Көкжиектен,
Көз тігіп мұнарларға.
Жыр оқимын,
Айқайлай, күбірлеп те,
Жыр оқымай,
Жүрегім жұбанған ба?

Бұлт болып,
Бурабайдан көшем кейде,
Жыр оқимын,
Жауында, нөсерлерде.
Шөліркесең, шілдеде,
Жырым менің,
Ақ бұрқақ боп,
Атылар көшелерде.
САҒЫНЫШЫН ТІЗГЕН АППАҚ ҚАҒАЗҒА
Өкінішті…ертең бәрі өтеді,
Қызығыңды қараңғы түн, қайғы алар.
Қоңыр көзің мөлдіреген көктемгі,
Күздің қара суығына айналар.

Өкінішті…жүрек жылап жатқаны,
Көңіл жеткен жерге қолдың жетпеуі.
Ажал келіп қағатыны қақпаны,
Жетім қалып жұлдыздардың жетеуі.

Кірпігіне қырау қонып қоңыр бақ,
Ілінсе оған мезгілдердің тұзағы.
Өкінішті…қорғанымыз қаңырап,
Қара суық қарап тұрса ызалы.

Тағдырыңыз тас лақтырып аққуға,
Шыңырауға домалатса басыңды.
Шамаң келмей бәрін айтып жатуға,
Ішке жұтып өтсең ыстық жасыңды.

Сенсіз өмір өмір емес, өкініш,
Ыдысқа ұқсап бір-ақ күнде сынбайды.
Көп сыздатып түскендейін соңғы тіс,
Сорлатады жанымызды сұм қайғы.

Менің нәзік саусақтарым…
Сағынышын тізген аппақ қағазға.
Содан кейін шаршап жаным,
Сені ойлағам, жарты ғасыр, ол аз ба?
1990 жыл.

ҚЫРКҮЙЕКТІҢ ЖИЫРМА АЛТЫСЫ
Қыркүйектің жиырма алтысы…
Қанша іздесең табылмайтын теңеуі,
Толқын ойға толып алтын кемері,
Таң ағарып келеді.

Менің таным,
Сенің таңын Марина.
Таң дегенім толықсыған дария.
Жиырма алтыншы қыркүйекте туғанға,
Ақындықтың қасиеті дари ма?
Айтты, айтты Марина.

Қыркүйектің жиырма алтысы…
Естілмей сенің дауысың,
Жаңғырттым жалғыз тау ішін.
Марина, сен күздегі алтын жауынсың,
Өзіндей неге шықпайды менің дауысым?

Қыркүйектің жиырма алтысы…
Жарқ етті көзге бір бейне,
Естілді дауыс: «Ақын қыз мына үйде ме?
Кіріңіз үйге, Марина Сіз бе іздеген?»
Деп айтуға келгендей тілім күрмеле.

Көңілді қозғай,
Қырдағы қоңыр аяулы ән,
Сезімім кейде селт етер соққан самалдан.
Жапаңда жортқан киіктей бейне өмір-ай,
Жалт етіп көзден жоғалған.

Сен туған күн қыркүйектің жиырма алтысы,
Мен туған күн қыркүйектің жиырма алтысы.

КӨЛЕҢКЕМІЗ
Шөбіңді сүйіп, бұлағыңа шомыламын,
Білмейсің кім түсімді жорығанын.
Сен сенбейсің, бірақ та, мен өзіңмен,
Бір күндері түсіңде жолығамын.

Құс та кейде көліне оралмай ма,
Көкше қайда білмейсің, Орал қайда?
Мені алып кетеді Көкшетауға,
Сені алып кетеді өр Алтайға.

Жағаны кеп соғады өлең-теңіз,
Ай төбеде, біз бірақ төмендеміз.
Сәйгүліктен құлаймыз, содан кейін,
Қара жерге сіңеді көлеңкеміз.
2001 жыл.

БӨГЕНБАЙ БАТЫР
Ұлы едің көркем,
Қайыспас қайсар қазақтың.
Бостандық үшін,
Бәрінде көрдің азаптың.
Қарашы енді,
Көз салып Қазақстаныма,
Бөгенбай батыр!

Сенің арқаңда,
Қазақпын,
Бүгін азатпын.
Қаһары желдің,
Маңдайдан келіп сорғанда,
Алып тауым,
Айналдың зәулім қорғанға.
Ғасырлар бойы,
Қамытын киіп құлдықтың,
Еңіреп жүріп,
Қазағың жетті арманға.

Құтылдық енді,
Отаршылдық деген тордан да,
Құтылу үшін,
Секірдік талай ордан да.
Тіліміз бүгін,
Көрмес еді ешбір қорлықты,
Мырқымбайлар емес,
Бөгенбайлар болғанда.

Қайғының оты,
Қиын ғой кейде қоздаса,
Іштегі шоқты,
Түрткілеп біреу қозғаса.
Қаһарланса,
Аруақтың да күшті ашуы,
Жақсылық емес,
Тас мүсін кенет қозғалса.

Түксиіп жауға,
Қырандай түйген қабағын,
Жанынан оның,
Өткенге көз сал қарағым.
Намысты жанның,
Өзегін от боп өртейтін,
Алдыңда тұрған,
Арың ол сенің қазағым.

Кім боласың,
Ол сенің бірақ қалауың,
Ар-ұят деген,
Қолыңа ұстар жалауың.
Алдыңда тұрған,
Рухың ол сенің өлмейтін,
Ескерткішке қарап,
Еңсеңді көтер қазағым.

БІР ҚҰДІРЕТ ЖҮРЕГІНДЕ
Қазақтың арқалы ақыны
Нұрғожа Оразға
Бар ақында, бәрі де бар, қанша мұң,
Бар ақында, жұрт аңсайтын мансабың.
Сенің бірақ айырбастамас креслоңа,
Өлең жазған қолдағы қаламсабын.

Бар ақында, бәрі де бар, сұлулық,
Жүрек те бар, жылынатын жылу ғып.
Кейде теңіз, кейде көлдей тасыған,
Ақын сырын жырларынан ұғындық.

Бар ақында, кеңдігі бар даламның,
Арқа ұлы, жеріңе ұқсап жаралдың.
Сендегі бар құдіретті біле алмас,
Ғұламасы жиылса да ғаламның.

Бұйырмайды, көргеніңмен қанша аңсап,
Бар ақында, сәби мінез, асау шақ.
Бір құдірет жүрегінде жатыр ғой,
Жүргенімен жұмбақтау бір жанға ұқсап.

Бәрі де бар, бұл ақында бәрі бар,
Жыр оқыса ғайып болар сағымдар.
Намысы бар батырлардың, ерлердің,
Қазақ десе қызып кетер қаны бар.

Осал емес, ағамыздың жыр-тағы,
Осал болмас Шоқандардың ұрпағы.
Ақынды елі ұмытпайды ешқашан,
Ұмытса егер жауы ғана ұмытады.

Бар ақында, бәрі де бар, қанша мұң,
Бар ақында, жұрт аңсайтын мансабың.
Сенің бірақ айырбастамас креслоңа,
Өлең жазған қолындағы қаламсабын.
ЖЫРЫМ ОНЫ АЙТПАСА, КІМ АЙТАДЫ?
Ақын деген лайық боп шын атыма,
Мен өзімнің сүйендім қуатыма.
Қолын бермек түгілі құз шетінде,
Біреулер дайын тұрды құлатуға.

Жалғыз болдым шатқалда, құздарда да,
Құлап жатты тайғанап құздан бала.
Асуларға осылай өрмеледім,
Құздарға да қарамай, мұздарға да.

Жалғыз болдым теңізде, жағада да,
Жәрдем берді, күш берді маған Алла.
Үнім ащы сондықтан, көл бетінде,
Жалғыз ұшқан ұқсадым шағалаға.

Жағалап жүре алмадым Жайықты да,
Сол үшін менің жаным айыпты ма?
Бой бермейтін ешкімге асау толқын,
Кемені де төңкерді, қайықты да.

Жырларымда жатады қайғы-зарым,
Мен айтпасам айтады ол мұның бәрін.
Қанша қайсар болса да қыран құстың,
Қауырсыны бір-бірлеп жұлынғанын.

Әлі күнге сыздайды жараларым,
Жаралы аңдай жер бетін араладым.
Жырым оны айтпаса кім айтады,
Аққу құсты құзғындар талағанын.

Мендей болар бірақ та бақытты адам,
Өлең, жырды сыйлады уақыт маған.
Ғасырдың тереңіне қазынаммен,
Сүңгуір қайықтай боп батып барам.

Марфуға Бектемірова

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар