ҚР Президентінің төрағалығымен Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтеді

21 мамыр күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы өтеді.
Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Жиынға Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Армения Республикасы Премьер-Министрінің міндетін атқарушы Никол Пашинян, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович қатысады.
Сонымен қатар отырысқа Куба Республикасының Президенті Мигель Диас-Канель және Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес жанындағы бақылаушы-мемлекет басшылары ретінде қатысады деп жоспарлануда.
Онлайн режимде өтетін Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес отырысында Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастықтың маңызды мәселелері талқыланып, ортамерзімді перспективадағы міндеттер қарастырылады. Дағдарыстан кейінгі кезеңдегі интеграциялық ықпалдастыққа және Одақтың ішкі нарығындағы кедергілерді реттеуге баса мән беріледі.
Дереккөз: inform.kz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар