«Nur Otan» партиясының ғимаратында Ақмола облысының әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Ермек Маржықпаев азаматтарды қабылдау өткізді. Сонымен, Көкшетау қаласының тұрғыны Людмила Третьякова несиелік қарызды қайта қаржыландырып, пәтерін қызына қалдыруды сұрады.
Арызданушының қызы Е.В.Фрэнк кәмелетке толмаған екі баласымен және анасымен бірге тұрған пәтерін кепілдікке алу үшін Қазақстан Халық Банкінен несие алды. Несиенің өтеу мерзімі аяқталғаннан кейін, төлем қабілетсіздігіне байланысты Е.В.Франк несиені төлей алмады, банк келісім бойынша пәтерді өзінің меншігіне алды. Партия филиалы «Халық банкі» АҚ филиалымен бірге мәселені қарады. Жеті миллион теңге көлеміндегі қызының ипотекасын банк есептен шығарды, пәтер Людмила Третьяковада қалды.
Одан әрі қабылдауға келген денсаулық сақтау саласының үздік қызметкері, Көкшетау көпсалалы ауруханасының дәрігері, пульмонология бөлімінің меңгерушісі Бағлан Сейітмұқамбетоваға 2015 жылы қызметтік пәтер бөлінген. Пәтер тұрғын үй жекешелендіру құқығымен, қала әкімдігінің балансында болған. Өтініш беруші 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалдау шартын жасаған. Сөйтіп, ол 2020 жылы маусымда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына осы тұрғын үйді жекешелендіруге қатысты өтініш білдіргенде, оған пәтер шынымен де жекешелендіруге жататынын айтқан. Бірақ, сол кезден пандемияға байланысты карантин болғанын ескеріп, одан тамыз айында өтінішпен келуді сұрайды.
Осы карантин кезеңінде өтініш беруші жұқпалы аурулар бөлімінде жұмыс істейді. Карантин аяқталғаннан кейін кездейсоқ, ол тұрған пәтер Көкшетау қалалық көпсалалы ауруханасының балансына берілгенін біледі. Сөйтіп, өткен жылдың 11 желтоқсанында Көкшетау қалалық көпсалалы ауруханасында тұрғын үй комиссиясының отырысы өтіп, онда Бағлан Сейітмұқамбетова өзі тұрған пәтерді кейін жекешелендірумен беру туралы өтінішіне оң жауап ала алмайды. Осы сұрақпен ол партияның облыстық филиалына жүгінеді.
Оған «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясы осы мәселені алдын ала қарастырып, өтініш берушінің мамандығы бойынша 20 жылдық тәжірибесін, әлеуметтік мәртебесін, яғни, үш баланы жалғыз тәрбиелеп отырғанын ескере отырып, барлық мүмкіндіктерді қарастырып, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес Бағлан Сейітмұқамбетованың тұрғын үйді жекешелендіруіне көмектесті. Сонымен, партия филиалы Көкшетау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімімен және Көкшетау қалалық көпсалалы аурухананың әкімшілігімен бірлесе отырып заңнамалық негізде мәселені оң шешті.
Сондай-ақ, облыстық филиал төрағасы, облыс әкімінің қабылдауына келген мүгедектер арбасына таңылған Валерий Чернышевтің мәселесі де оң шешілді. Оған мүгедектер арбасын жөндеуге және аккумулятор сатып алуға 200 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді. Өз кезегінде көзіне жас алып, ризашылығын білдірген Людмила Третьякованың ғана емес, сол күнгі келушілердің өтініштері негізінен әлеуметтік мәселелерге қатысты болды.
Қоғамдық қабылдаудың соңында өңір басшысы Ермек Маржықпаев облыстық партия филиалы арқылы өтініштері оң шешімін тапқан азаматтарды қуана құттықтап, ескерткіш сыйлықтар табыс етті.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.