«Сарыарқа» ажарлана түсуде

«Елу жылда ел жаңа», – дейді дана халқымыз. Бұдан жарты ғасыр бұрын Көкшетау қаласының солтүстік шеті орталық базардан аяқталғанын екінің бірі біле бермейді. Көктем шағын ауданының маңында бұрынғы әуежай орналасып, ұшақ гүрілі қала тұрғындарына естілетін. Елу жылдан бері Абылай хан даңғылы, Центральный, Васильковка мен Көктем шағын аудандары бой көтеріп, қала көркін ажарландыра түсті.

Соңғы жылдары Сарыарқа шағын ауданының құрылысы басталды. Алдымен, «Арай» балабақшасы салынып, жұмыс істей бастады. Бүгінгі күні сарыарқалықтар бес қабатты 30 тұрғын үйде, жеті қабатты 1, сегіз қабатты 3, тоғыз қабатты 12, он екі қабатты 1 тұрғын үйде тұрып жатыр. Тұрғын үйлердің бірінші қабатында азық-түлік, тұрмысқа қажетті тауарлар дүкендері, шаштараз тәрізді тұрғындарға қызмет көрсететін өзге де салондар жұмыс істейді.

Барлық аулалар абаттандырылғанын, тақтайдай тегіс автокөлік жолының бойы жарықтандырылғанын көзіміз көруде. Қазір Сарыарқа шағын ауданында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт бөлімшесі, Әл-Фараби атындағы IT мектебі жұмыс істейді. Бүгінгі күні шағын ауданда әлеуметтік нысандардың және 20 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. 8 және 10 қабатты тұрғын үйдің қабырғалары қаланып, өзге жұмыстары атқарылуда. 2 көп қабатты үйдің іргетасы қаланған.

Сондай-ақ, құрылыстың шағын ауданға баратын автокөлік жолының оң беткейіне көшкені байқалуда. Бұның бәрі тәуелсіздігіміздің 30 жылы ішінде қол жеткізген жетістігіміз екені айдан анық.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар